Руханият • 02 Сәуір, 2024

Шәкен аға туралы жинақ

62 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Павлодарда Шәкен Аймановтың өмірі жайында жазылған «Сұңғыла» кітабы жарық көрді. Жинақта қазақтың белгілі тұлғаларының естеліктері мен мақалалары топтастырылған. Бұл кітапта негізінен өткен ғасырдың 1960-1970-жылдары баспасөз беттерінде шыққан мақалалар, кітаптардағы кейбір естеліктер енген.

Шәкен аға туралы жинақ

«Келер ұрпақ Шәкен ағамыздың қан­дай адам болғанын, оның өмірі қалай өріл­­генін білсін деген ниеттен туып отыр. Жинаққа Олжас Сүлейменов, Әбіш Кекіл­баев, Асанәлі Әшімов, Бибігүл Төлегенова, Әкім Тарази, Әшірбек Сығай және әйгілі әртіспен иық тіресіп жұмыс істеген өзге де өнер қайраткерлерінің естелік мақа­лалары енді. Көлемі 345 бет болып шық­ты. Шәкен аға қандай фильм түсірсе де, ұлт­тық құндылықтарды дәріптеген. Осы ерек­шеліктерді негізгі ұстаным етіп, кі­тап­­­тың баянына  сіңірдік», деп атап өтті кі­тап­­тың құрастырушысы, филология ғы­лым­­­дарының кандидаты, С.Торайғыров уни­­­вер­ситетіндегі Е.Бекмаханов атындағы өл­ке­­­­нің тарихы мен мәдениетін зерттеу ор­та­­лы­ғының директоры Амантай Құдабаев.

Кітаптың тұсаукесеріне орай Шәкен Аймановтың 110 жылдығына арналған ха­лықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Оған Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері, кинорежиссер, сце­нарист, продюсер, Қазақ ұлт­тық өнер уни­верситетінің профессоры Сламбек Тәуекел, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Шахимардан Әбі­лов, театр­ және кино актері Ергенбай Әбу және С.Торайғыров университетінің ғалым­дары қатысты.

– Шәкен Айманов – қа­лыпқа сыймайтын тұлға еді. Қазақ кино өнерінің негізін салушылардың бірі болып қана қойған жоқ, оны әлемге танытып, мойындатты. Оның Ресейде, КСРО-ның өзге елдерінде, шет мемлекеттерде дос­тары көп еді. Мен Мәскеуде білім алып жүргенде Шәкен аға іссапармен келе қалса қазақ жастарын іздеп, арнайы қонақ ететін. Бізге өз қолымен палау басып беруші еді жарықтық. Қарапайымдылығында шек жоқ. Бірде Мәскеуде өткен фестивальде ағылшын-американ актрисасы Элизабет Тейлормен жұптасып билеп, бірінші орынды жеңіп алды. Ал енді әзілқойлығы бөлек өнертұғын. КСРО кино және театр майталмандарының арасында абырой-беделі өте биік болды. 1970 жылы желтоқсан айында туған еліне сүйегін алып кетуге барғанымызда Мәскеудің бүкіл зия­лы қауымы күңіреніп қоштасты, – деп тебіренді Сламбек Тәуекел.

Шахимардан Әбілов те режиссерден тәрбие алып, тағылымын көрген жан. Ол Шәкен ағаның Лондондағы халық­аралық фестивальде Отеллоның моно­логін қазақ тілінде оқып, актерлік шебер­лігімен жергілікті көрерменді тәнті еткенін, соңынан гран-при жүлдесі тағы бір актермен қоса Аймановқа да берілгенін майын тамыза әңгімеледі.

Конференцияда Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі Ш.Айманов пен Кәукен Кенжетаевтың шығармашылығы мен өмірі жайында көрме ұсынды.

 

Павлодар облысы