Экономика • 03 Сәуір, 2024

Ақмола облысы көш бастап тұр

58 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елімізде осы жылдың қаңтар-ақпан айларында 56,5 мың тон­на құс еті өндіріліпті. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезе­ңі­­­мен салыстырғанда 8%-ға артық. Алдын ала мәлі­мет­тер­ бойынша, былтыр 329 мың тонна құс еті өндірілген.

Ақмола облысы көш бастап тұр

AITAS холдингі талдау ор­та­­­лы­ғының зерттеуіне сәй­кес, қаңтар-ақпан ай­ла­рында Ақмола облысында ең көп құс еті өндірілді – 14,3 мың тонна, оның 13,9 мың тон­насы – тауық еті Макинск құс фабрикасының өніміне тие­сілі. Көшбасшылар үштігіне Алматы облысы (18,5 мың тонна) және Шығыс Қазақстан об­лы­­­сы (Өскемен құс фабрика­сы­ өнді­ретін 10,3 мың тонна құс еті) кіреді.

Тауық етінің ең көп тұты­ны­луы Алматы қаласы мен Түр­кістан, Алматы облыстарын­да, ең азы Ұлытау және Сол­түс­тік Қазақстан облыстарында бай­қалды. Ең қымбат тауық еті Маңғыстау облысында және Астана мен Алматы қала­ла­рын­да тір­келген. Ақтөбе, Алма­ты және Абай облысында тауық еті ең төменгі бағада сатылады. Сара­п­шылардың пікірінше, құс еті­нің максималды құны мини­мум құнынан 41%-ға асып түседі.

«2024 жылдың қаңтар және ақпан айларында Қазақстанда еттің көтерме сауда бағасы төмен­деу үрдісін көрсетті. Негіз­гі факторлардың бірі – елдегі тауық еті өндірі­сі­нің ұлғаюы және жем ком­по­нент­тері бағасының төмендеуі. Баға­ларға қосымша қысым Ресей­ден импорттың өсуі болды, онда бройлер тауықтары еті­нің бағасы төмендеуі бай­қалды», деп атап өтті Ақпа­рат­тық­-талдау бөлімінің маманы Айжан Толықбекова.

Бөлшек сауда бағасы қаңтар мен ақпанда шамалы өсуді көр­сеткен. Сарапшылардың пі­кі­рінше, сауда желілері мен бөл­шек сауда дүкендері етті көтерме сауда бағасымен сатып ала отырып, түпкілікті тұтынушыларға үстеме бағамен сатуды жалғастырып жатыр. Ал импорттық өнімдер елімізге негізінен Ресейден (4,7 мың тоннадан астам), Украинадан (9 мың тонна), Беларусь елінен (224 тонна) жеткізіледі. Ал отандық тауық еті Ресей мен Қырғызстанға экспортталады. 2024 жылдың қаңтарында елі­міз 3,7 мың тонна құс етін экс­порттады. Сарапшылардың пі­кірінше, осы жылдың қаң­тар айындағы экспорттық жет­кі­зі­лімдер былтырғы осы ке­зең­дегі көр­сеткіштен 2,2 есе артық.

AITAS холдингінің талдау орталығы мамандарының ай­­туынша, саудадағы қиын­­­дық­тар, соның ішінде Ресей­­дің АҚШ-тан құс етінің тран­­зи­тіне ықтимал тыйым салуы және Ресей­дегі азық-түлік баға­сы­ның күтілетін өсуі импорт шығын­дарын арттырады және біздегі бағаға қосымша қысым жасайды. Елімізде 2024-2025 жылдарға инфляцияның болжамды дең­гейі өмір сүру құны мен өнді­ріс­тік шығындардың жалпы өсуі аясында бағаның өсуін бол­жайды. Жиынтығында бұл фак­торлар жақын арада ішкі на­­рықта тауық етінің құнын арт­­тыру үшін алғышарттар қалып­тастырады.