Экология • 04 Сәуір, 2024

Итбалық – экология өлшемі

66 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде эндемик жануардың бірі – Каспий итбалығы. 2020 жылғы 13 қарашада Каспий итбалығы Үкімет қаулысымен Қызыл кітапқа енгізілген. Оны аулауға тыйым салын­ғанымен, бүгінде жойылып бара жатқан жануар­лардың санатындағы итбалықтардың тағы да қырылып жатқаны туралы дерек тіркелді.

Итбалық – экология өлшемі

Жергілікті дереккөздерге сүйенсек, Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инс­пекциясы Маңғыстау облысы Түпқараған ауданында табылған итбалықтардың өлексесі 62-ге жеткенін мәлімдеді. Оқиға орнына бақылаушы топ жіберілген. Олардың қатарында балық инспекциясы, облыстық экология департаменті мен жергілікті әкімдік өкілдері де бар. Экология департаментінің мамандары судан сынама алған, бірақ нәтижесін әлі жариялаған жоқ.

«Қосымша инспекторлардан құралған топ Түпқараған ауданына кетті. Оның ішінде экология департаментінің мамандары да бар. Өлекселердің теңіз жағасына шығуына солтүстік-батыстан толассыз соққан жел себеп болып отыр. Негізінен, итбалықтар теңізде өлген, тек өлек­селері жағаға шыққан. Әдетте итбалықтардың өлуі ауа температурасына байланысты болады», деді Маңғыс­тау облысының балық инспекциясы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Андрей Рудский.

Қызыл кітапқа енген жануардың қырылу себеп­теріне қатысты құзырлы орындар әлі күнге тұшымды жауап бере алмай отыр. Осыған орай ветеринария ғылымдарының кандидаты, доцент Әділқасым Жақыпбаевтан жағдайдың жай-жапсарын сұрап көрген едік. 55 жыл тәжірибесі бар зерттеуші маман теңіз жануарының жаппай қырылу себебі ескі мұнай ұңғымаларының орнын кезінде дұрыс жаппағаннан болатынын айтады.

«Былтыр итбалықтар мен бекіре тектес балықтар қырылған кезде тексеруге бардым. Арнайы екі балықты алып келіп орталықта зерттеп көрдік. Нәтижесінде, балықтардың бойында мұнай қалдықтары бары анық­талды. Оның себебі – ол жерде жүз жылдан бері мұнай қазылған. Сол мұнай ұңғымаларын бетонмен бітеу керек. Кейбір жерлерде ол дұрыс жабылмаған. Мәсе­лен, итбалықтар көктемде теңіз жағасына келеді. Сол кезде көлдің жағасы майланып жатады. Балықтар содан уланған», дейді Ә.Жақыпбаев.

Зерттеуші бұдан енді балықтарды қорғау қиын екенін айтады. Оның айтуынша, жойылып бара жатқан балықтарды еліміздегі басқа көлдерге жерсіндіру арқылы сақтап қалуға болады.

«Каспий теңізіндегі итбалықтарды басқа көлдерге көшіру қажет. Мысалы, Арал теңізіне, Балқаш көліне немесе Сасықкөлге. Өйткені еліміздегі көлдер мен теңіздер – бір теңіздің түбі. Уақытша аман сақтау үшін майланып жататын жағалауларға мұнай секілді улы заттарды сорып алатын құрылғы орнатуға болады», дейді ол.

Зерттеушінің бұл пікірін Ресей ғалымдары да нықтай түсті. Ресейлік «Компас» қоры мен Дағыстан мемле­кеттік университетінің ғалымдары Каспий итбалы­ғының қырылуына алаңдаушылық білдіріп отыр.

1 сәуір күні ресейлік «Прозрачный мир на Каспии» телеграм-арнасы жануарлар өлімінің негізгі себебі ауыр металдармен (кобальт, қорғасын, сынап, кадмий) созылмалы уланудан екенін жазды.

«Каспий итбалығын сақтауға теңізбен шектескен бес ел мүдделі. Табиғат бәрімізге ортақ. Оны сақтау жұмысы үш бағытта жүруге тиіс. Бірінші – Каспий итбалығының қырылу себебін зерттеу, екінші – популяцияны үнемі бақылауда ұстау, жергілікті жұртшылық арасында экологиялық ағартушылық жұмысын жүргізу», дейді көрші елдің табиғат жанашырлары.

Балық шаруашылығы комитетінің мәліметінше, қазір еліміздің қолданбалы экология агенттігінің қызмет­керлері Ресей ғалымдарымен бірлесіп 2023 жылдың қыс мезгілінде балықтардың шоғыр­лануы кезеңінде жүргізген санақ қорытындысы итбалықтардың жалпы саны 259 872 екенін анықтаған. Ал Каспий теңізінің елімізге қарасты бөлігінде 240 168 итбалық қалған. Бірнеше жыл бұрын 300 мың­дай итбалық бары айтылған еді. Көрсеткіштерге қарап тұрсақ, саны жыл сайын сиреп бара жатқанын байқаймыз.

Каспий итбалығы популяциясын сақтау мақса­тында жаратылыстану-ғылыми және техникалық-эконо­микалық негіздеме бойынша 2024 жылдың шілдесіне дейін Каспий теңізінің акваториясында мем­лекеттік табиғи резерват құру жоспарланып отыр.