Сұхбат • 04 Сәуір, 2024

Гүлсина МЕРҒАЛИЕВА: Өнер өресімен өміршең

58 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Әдетте режиссура тек қана ер адамның төл мамандығындай қабылданады. Себебі сырттай сұлу көрінгенімен, шын мәнінде, бұл саланың салмағы зіл батпан, ал жүктейтін жауапкершілігі одан да зор. Сондықтан болса керек, талабы таудай, талғамы терең өнердің бұл бағытына батылы баратындар көп емес. Ал бағың жанып келдің екен, қатардағы көптің бірі болмай, жанартаудай атқылап сахнада жаңалық жасай алатындар тіптен аз. Осыдан ширек ғасыр бұрын режиссураның табалдырығын имене аттап, ә дегеннен-ақ тың ой, батыл көзқарасымен өнерде төңкеріс жасаған Гүлсина Мерғалиева есімі бүгінде еліміздегі ең үздік режиссерлердің көшін бастайды. Сананы сілкінтер спектакль қойып қана қоймай, бір топ курстасымен келіп сонау Маңғыстаудың маң даласында театр ашып, тыңнан түрен салған Гүлсинаның ерен еңбегін ерлік демеске шараң жоқ. Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма ­театрында ашылғаннан бері бас режиссер әрі көркемдік жетекші, кейін директоры қызметін абыроймен атқарып, Жантөрин театрын жаңаша жаңғыртқан режиссура реформаторымен өрелі өнер турасында сыр-сұхбат құрған едік.

Гүлсина МЕРҒАЛИЕВА: Өнер өресімен өміршең

– Режиссураның екінші аты – басқару деп жиі айтылады. Ал бұл қасиет екінің біріне қона бермейді. Оның үстіне өнерге жақын қыз баласының арманы әдетте актриса болудан әрі аспайтыны және бар...

– Ойыңызды түсіндім. Иә, рас, өнерге ғашық қыз баласының актриса болуды армандайтыны рас. Ал өзіңіз айтпақшы, режиссураға батылы барып келетіндері некен-саяқ, тіпті жоқтың қасы десек те болады. Мәселен, мен оқуға түскен, режиссурадағы ал­ғашқы адымдарымды апыл-та­пыл басқан жылдары бұл салада қыздардың ішінде жалғыз өзім болдым. Маған дейін бір-екі апайымыз болған екен. Бірақ дәл мен еңбек жолымды бастаған кезеңде практикалық режиссура негізінен ер адамдардың мамандығы саналатын. Сол стереотипті бұзып, өзімді кәсіби маман ретінде дәлелдеу үшін, әрине, көп тер төгуге тура келді. Оның үстіне, мен Ресейдің Самара аймағында туып-өстім ғой. Айналам, араласатын ортам – барлығы орыстар еді. Қазақ тіліне шорқақ болуым да мені атажұртыма келіп, қазақ өнеріне қызмет етсем деген арманымнан алыстата берді. Кейде бұл тілегім мүмкін еместей көрінетін.

– Қай кезде нақты режис­сер боламын деп шешім қабыл­дадыңыз, ол шешіміңізге не әсер етті?

– Ең әуелі өзімнің ішкі түйсігім, сосын, әрине, анамның қызметі деп ойлаймын. Ол кісі ауылдық Мәдениет үйінде жұмыс істейтін, яғни түрлі мәдени іс-шаралар, кездесулер өткізу негізінен сол кісінің құзыретінде болатын. Сол іс-шаралардың себебімен бала күнімізден сахнаға жиі шығып жүрдік. Анам қызмет атқаратын Мәдениет үйінде бірнеше мекеме бар еді. Әсіресе кітапханасы үлкен-тін. Күнде сол жерге барып кітап оқитынбыз. Күн са­йын 20 тиынға кино көрсететін. Кеңес одағындағы кинолар сапалы ғой, қалмай барып тамашалайтынбыз. Міне, анамның тәрбиесі, бас алмай оқыған кітаптар мен күнде көрген кино өмірлік таңдауыма негіз болды ғой деп ойлаймын. Әйтеуір төртінші сыныпта жүргенімде күнделігіме «режиссер болғым келеді» деп жазыппын. Рас, әуелі актриса болғым келгені есімде. Ал төртінші сыныпта жүргеннен режиссерлікті неліктен, қалай таңдадым, ол жағын нақты білмеймін. Бірақ сол уақытта-ақ өз мамандығымды таңдап қойдым. Бәлкім, сахнадағы негізгі шешімді қабылдайтын режиссер екенін сол кезде түсінген шығармын (жымиды).

– Өзге елде туып, жат елдің мәдениетімен сусындаған сіз­дің атажұртыңызға келіп қана қоймай, қазақ режиссурасы бөліміне, Қазақстанның халық әртісі Маман Байсер­кеновтің шеберханасына қа­был­дануыңыздың өзі үлкен қажырды талап еткен болар... Арманға бастар жолдағы қиын­дықты қалай еңсердіңіз?

– Рас, оңай болған жоқ. Ең әуелі ата-анам қарсы болды. Өйт­кені үйде екі-ақ ағайынды – ағам және мен болғандықтан, әке-шешем көзінің ағы мен қарасын қалайша көзі қиып жыраққа жібергісі келсін?.. Әрине, олар да атажұртын аңсады ғой. Бірақ дәл сол кезде қоныс аударудың реті келмей тұрған соң да мені жал­ғыз жіберуге жүрексінген болар. Сөйтіп, әуелі Самара қаласы­ның өнер колледжінде бір жыл оқып, кейін Оралға ауыстым. Сол жақта жүргенде Алматыдан келген арнайы комиссия жанымдағы досыма этюд жасауға жанұшыра көмектесіп жүрген мені байқап қалып, әңгімеге тартты. Белгілі режиссер, Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменовтің алдына келген екенмін. Табиғатынан көреген ұстаз, білікті педагог емес пе, аз-кем әңгімелескеннен кейін маған: «Сенен актриса емес, жақсы режиссер шығады. Табиғатың, болмысың дәл келіп тұр» деп бірден кесіп айтты. Режиссердің арманымды айтпай танығанына сонда таң­ғал­дым. Бірақ тілімнің қазақшаға шорқақ екенін ескеріп, орыс тобына жолдама берді. Сонда Талғат ағаға жалынып жүріп, географиялық жағдайларға бай­ланысты тілім орысша шық­қаны­мен,  жанымның қазақ еке­нін айтып, қазақ бөліміне қабыл­дауын өтіндім. Сөйтіп, бас­қа емес, еліміздегі режиссура педа­гогикасындағы мықты майтал­ман маман, Қазақстанның халық әртісі, профессор Маман Бай­серкеновтің шеберханасынан бір-ақ шықтым. Арманымды тап басып танып, мақсатыма бір табан жақындатқан Талғат Досымғалиұлына әлі күнге дейін ризашылығым шексіз.

– Ал Маман Байсерке­ұлы­ның бағасы қандай болды? Шеберханада шыңдалу жылдары қалай өтті?

– Білесіз бе, біздің ең қинал­ған, ең қиын, ең күрделі кезеңі­міз осы оқу жылдары болған сияқ­­ты. Академияда бес жыл оқы­дық. Бұл шығармашылық шыңдалу кезеңіміздегі өте күрделі бес жыл еді. Себебі ұстазымыз Маман Байсеркеұлы өте қатал, тым талапшыл болатын. Бойдағы бар ащы терімізді осынау бес жыл оқуда жақсылап тұрып сығып алды. Өзі де: «Қатал болатын себебім, қазір қиналсаңдар, кейін оңай болады» дейтін. «Ал қазір қатты қиналып, шыдай алмасаңдар, онда кеш болмай тұрып мамандықтан бас тартыңдар, қазір кетсеңдер, ке­йін маған алғыс айтасыңдар, себебі бұл жол сендерді оңай өмірге бастап апармайды» дегенді жиі айтатын. Ұстазымыздың айтқаны дөп кел­ді. Оқуға 16 бала түсіп, соңын­да бесеуіміз ғана бітіріп шықтық. Осының өзі-ақ режиссура мамандығының қаншалықты қиын екендігінен хабар беріп тұрғандай. Ұстазымыздың «Қ­азір қиналсаңдар, кейін оңай болады» дегені де рас болды. Жеке өз басыма тоқталсам, маман ата­нып кәсіби театрда алғашқы қойылымымды қойған кезде, дәл  оқу оқып жүрген кездегідей аса қиналған жоқпын. Себебі театрларда кәсіби әртістер жұ­мыс істейтіндіктен ойымыз да, мақсатымыз да үндесіп, бір­ден тү­сі­ністік. Режиссурадағы дебю­тім – «Ертегі» атты қойы­лым болатын. Ол Семей қала­сы­ның көрермендеріне арналды. Ке­йін Көкшетауға барып, Н.В.Го­гольдің «Ревизорын» және ­С.Ах­мадтың «Келін­дер көтерілісін» қойдым. Ол кездегі сезімді сөз­бен айтып жеткізу мүмкін емес. Ең алғаш кәсіби сахнаға шық­қанымда «Шынымен де сахна алдында тұрмын ба? Қандай керемет!» деп шаттанғаным әлі есте. Ондай сәтті ұмыту мүмкін емес.

– Жалпы, сізді ұстаздан жолы болған шәкірт деп айтуға бо­латын шығар?

– Иә, Аллаға мың да бір шү­кір деймін. Шынымен ұстаздан жолы болған адаммын. Оны бү­гінде зор мақтанышпен айта­мын. Режиссураға келуіме себеп­кер болған Талғат Теменов, аудиторияда шеберлігімді шыңдап, шеберханасынан сахнаға дап-дайын режиссер етіп шығар­ған төл ұстазым Маман Байсерке­ұлы, үнемі ақыл-кеңесін айтып, кемшілігімді түзеп, жетістігімді қуана паш еткен сыншы ағамыз марқұм Әшірбек Сығай, қазір ойлап қарасам, бәрінің менің өмі­рімдегі орны үлкен екен. Күні кешегідей көз алдымда сайрап тұр, студент шағымызда Әшірбек Сығай біздің дәрісханаға келгенде қатты қуанатынбыз. Себебі Маман Байсеркенов екеуі бір-бірімен кәсіби әңгімеге кірісетін. Театр, драматургия немесе белгілі бір театр қайраткері туралы сөйлесетін. Біз де Байсеркенов­тің қаталдығынан сәл-пәл сергіп қалатынбыз. Сондай шуақты отырыстардың бірі еді. Әшірбек аға мен Маман аға кәсіби сахна туралы қызу пікірталасқа кіріп кеткен. Біз де әңгіменің қызығымен отырмыз. Бір кезде Әшірбек аға кілт бұрылып, мені саусағымен көрсетті де: «Осы қыз халық әртісі болады» дегенде, маған артылған жа­уапкершіліктің үлкен жү­гін сезіндім. Сол сәтте режиссу­ра­дан, осы бағытымнан мүлдем ауытқымауым керек екенін тү­сіндім. Осы екі ұлы адамды алдамауым, олардың үмітін ақ­тауым керегін ұқтым. Әшірбек ағаның мені көрсеткен саусағын, сол сәттегі Маман ағаның үміт толы жанарын ешқашан ұмыт­қан емеспін. Кейін Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын тәмамдаған бір топ жас қарт Каспийдің жағалауына қоныс аударып, Маңғыстау төрінен ­театр ашуға талпынғанда өзі жол мен жөн бастап әкеліп, ағалық бар ақылын үйреткен, қандай қиын сәтте де қолдау білдіріп, жанашырлығын аямаған Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Құрмет» ордені­нің иегері Нұрнияз Мұқанов ағам­ды да өнердегі үлкен ұстазым санаймын.

– Шығармашылығыңыз­да­ғы үл­кен белес – Н.Жантө­­рин театрын ашуыңыз, ондағы 20 жылдық жемісті еңбегіңіз де­­сек, артық айтқандығымыз емес. Осы уақыт аралығындағы театр­ сізге, сіз театрға не бер­дім деп ойлайсыз?

– Н.Жантөрин театры ма­ған ең әуелі еркіндік сыйлады. Қай жа­ғынан да. Өйткені шы­ғар­машылық адамы, оның ішін­де режиссер үшін еркіндіктің маңызы зор. Жалпы, режиссурада мәселе көп дейміз ғой. Соның негізгісі осы еркіндіктен, ой, қиял еркіндігінен тарқатылса керек. Қоюшы-режиссердің ер­кіндігі болғанын қалар едім, оған «мынаны қой, себебі бүгінгі күнге осы қажет» демеуі керек. Қайта керісінше: «Сен нені қойғың келеді?» деп сұрағаны жөн. Немесе «Біздің театрға осы қойылым қажет, мынаны қой» демесе екен. Әрине, ре­жиссер оны қояды, себебі ма­мандығы сол ғой. Бірақ «Ал қан­дай қойылымды қойғың келеді, қандай қойылымда актерлер өздері армандаған рөлінде ойнай алады?»деп сұраса. Сон­да оның мүмкіндігі ашылып, ­әле­у­­еті көрінеді. Неге? Себебі ре­жис­сер театрдағы актердің әр­­қайсысының мүмкіндігін, шы­ғар­машылық қарымын біле­ді. Сол талантты ашуға тер төге­ді. Ал «анау айтты, мынау сөйтті» екен деп, кез келген пьесаны қоя беру театрды алысқа апармайды. Мәселен, маған алғаш­қы спектаклімді қойған сәттен бас­тап-ақ актерді ашу, оның бо­йындағы мүмкіндігін көрсету бас­ты мақсат болды. Әлі де солай. Менің ұғымымдағы ең бас­ты мамандық – актер. Әртістің арманы, оның құдай берген талантының алдында, жалпы актердің  театрдағы өмір жолына негізгі жауапкершілікті ре­жиссер алады. Әртістің шың­далатын орны – сахна мен репетиция. Әрине, ел алдына шы­ғып, мойындалған, шеберлік тұр­­ғысынан шыңдалған әртіс­пен жұмыс істеу қай режиссерге де тиімді ғой. Бірақ режиссер, оның үстіне көркемдік жетекші болсаң, тепе-теңдікті ұстай білу де аса маңызды. Осы жағынан менде еркіндік болды. Жолымның болғаны сол, мен 24 жасымнан шығармашылық жетекшімін. Шын қаласам бір­неше қойылымды қатар қоя аламын. Ал «қаласам» деген  сөз шығармашылық адамына өте керек дүние. «Мен осыны айтқанды қалаймын, осыны көрсеткенді қалаймын» деу шығармашылық адамына маңызды. Н.Жантө­рин атындағы театрымызда бар­лық мамандық иелерінің өз «мені» бар. Демек олардың қалау еркі, айтар сөзі бар. Ұжымым маған үнемі қолдау білдіріп келеді. Со­ның нәтижесінде біз осы уақыт­қа дейін сахналық түрлі тәжі­рибелерге батыл бардық. Әлі де сол жолда іздену үстіндеміз. Сол ой, идея бірлігінің арқасында Н.Жантөрин театры осы деңгейге жетті ғой деп ойлаймын.

– Рас, «Қарақұрт», «Цуна­ми» сынды қойылымдары­ңыз сол кездің өзінде театр әлемін­де үлкен жаңалық болды. Он­да­ғы айтылған мәселелер әлі күн­ге де­йін өзектілігін жойған жоқ. Ал формалық ізденіс сіз­дің ре­­жиссерлік қолтаңбаңызды айқын­­даған сәтті шешімдер еке­­­нін театр сыншылары да жиі тіл­­ге тиек етеді, мақта­ныш­­­­пен ауыз толтырып айтады...

– Иә, режиссердің «мені» – оның қолтаңбасы. Қолтаңбасы айқын, ойы еркін режиссердің қойылымы да қызықты болады, меніңше. Режиссура деген менің пайымымда – ол шегі мен шеті жоқ қиял кеңістігі, яғни ол – жаһандық мамандық. Режиссерге «сен былай қой» деп үлгі ұсынып, шекара қоюға болмайды. Оның өз жетелеушісі бар, ол – түйсік және терең білім. Спектакль қойған­да ішкі бақылаушың эстетика, стиль тұрғысынан сені дұрыс жолға жетелейді. Ең бастысы, ре­жиссер «Мынаны көрермен түсінбей қалады ғой» деген ойдан алыс болуы керек. Көрермен деңгейіне түсіп, жан-жағыңа жал­тақтай беру – режиссерді ұш­паққа шығармайды, абырой да әпермейді. Рас, кейде қысым­ның кесірінен, кейде көрермен­ді лайықты бағаламай сондай қадамдарға барып қалатын кездер де болады. Сондай кезде, әри­не, іштей көңіл толмаушы­лық болып тұрады. Бірақ жалпылай алғанда сіз айтып отырған қойылымдарымды өзім де жақ­сы көремін. Әсіресе «Қарақұрт» – көңілім толатын спектаклімнің бірі. Оны мен Абайдың отыз се­­гізінші қарасөзінің желісімен қай­та жазып шықтым. Осылай­ша, Абай әлеміне өзгеше көзқа­рас тұрғысынан үңілгім келді. Рас, мені дәстүрлі, не модернист режиссер деуге келмейтін шығар. Символиканы жазады деу де қисынға келмейтін болар. Оны сыншылар айтсын, мен өзіме баға бере алмаймын ғой. Алайда Қазан қаласында өткен түркі халықтарының «Нау­рыз» театрлар фествалінде осы «Цунами», «Қарақұрт» спек­такльдерін Ресейден бөлек, Ита­лия, Испания, Израильден келген театр сыншылары мен режис­серлері қызыға тамашалап, қо­йылымға постмодернизмнің үздік үлгісі деп баға берді. Ақын­ды қазақтың шеңберінен шы­ғарып, күллі адамзат деңгейі­не көтеруге бағытталған қада­мым­ды құптады. Әрине, бұл менің жастау кезімде, осыдан 20 жыл бұрын қойылған спектакль ғой. Қазір мен Абайды мүлдем басқаша көремін. Сон­дықтан да марқұм Есенғали Рау­шанов ағамызға кезінде қай­та-қайта хабарласып жүріп, «Құ­нанбай» пьесасын жазғызып, оны сахнаға шығардым. Мұнда негізгі басымдық әке мен бала арасындағы қарым-қатынасқа берілді. Неге олай десеңіз, бұ­ған дейін де Абай туралы көп шы­ғарма жазылған екен, бірақ барлығында дерлік Құнанбай бейнесі көмескі. «Абайдың жет­кен биігі – Құнанбайдың иығы» деген сөз бар емес пе қазақ­та? Құнанбайдай әке болмаса, Абайдай ұл қайдан тусын? Осы мәселені көтеру арқылы жалпы әке мен бала арасындағы қа­рым-қатынасқа мән берілді. Оның үстінде қазақ әдебиеті мен дра­матургиясында Ана туралы, оның бар қасиетін ашатын шығармалар көп екен де, ешкім әкенің отбасы, бала өміріндегі рөліне мән бермепті. Сондықтан да «Құнанбай» қойылымын – күллі қазақ әкелеріне қойылған ескерткіш десем болады.

– Бір сөзіңізде: «Режиссер қойылымым көрерменге тү­сініксіз болып қалмай ма деп қо­рықпауы керек» де­діңіз. Ке­рісінше, қазіргі театрда «түсініксіздік» сән­ге айналғандай. Әсіресе ұлт­тық классикамыздың жау­һарларын түрлендіріп, түр­лі тәжірибеге баратын әріп­тестеріңіздің ізденісін қалай бағалайсыз?

– Театр да адам ағзасы секіл­ді жанды жасушалардан тұра­ды, яғни тірі өнер. Сондық­тан онда да міндетті түрде басың­нан өткізуге тиіс өтпелі кезең­дер, ауыруға тиіс аурулар бо­лып тұрады. Одан өтпейінше өсу­дің келесі кезеңіне өту мүм­кін емес дегендей. Театрда да дәл солай. Мен жалпы тәжірибеге қарсы емеспін. Бір байқаға­ным, қазір театрларда режиссер­лер­дің дәуірі өтіп жатыр. Сондық­тан форма қуып, соның жолында ­көп дүниені құлдыратып жібере­тін әттеген-айлар да баршы­лық. Өзінің мақсаты жолында театр­ды да, актерді де «құрбандық­қа шалатын» режиссерлер бар. Бірақ бұл – өнер ғой. Өнер­дің қай түрі де өмір сүруге құқылы. Алайда оның барлығы классика емес, демек уақытша деген сөз. Сондықтан қандай өнердің де сахнаға шығып, өзін көрсетуіне мүмкіндік беру керек. Саф өнер­дің төрешісі – уақыт. Өзі саралайды.

– Менің бір таңғалатыным – елге оралып қана қоймай, қаймағы бұзылмаған қазақы орта – Маңғыстауға барып, қазақ театрын ашып, өнер тілі арқылы қазақтың жанына үңілуіңіз шын мәнінде ұлтқа қызмет етудің жарқын көрінісі.

– Әңгімеміздің басында айт­­қанымдай, менің жаным – қазақ. Мұны бала күнімізден әке-шешем миымызға құйып отыратын. Басқаны айтпаған­да, ағам екеумізге «Қазақпен бас құраңдар!» дейтін. Аузымыздан «Биссимилләні» тастатқызбады. Кішкентай кезімде анамнан «Бұл қандай сөз?» деп сұрайтынмын. Сонда анам: «Бұл – әлемдегі ең сиқырлы сөз, аузыңнан тастама. Сонда жолың болады» дейтін. Кейін әке-шешемді елге көшіріп әкелген соң да біздің үйден қазақылық үзілген жоқ. Бұл күнде анам бақилық бол­ған, бірақ әлі күнге дейін осы сөз ме­нің бойтұмарымдай, өзіммен бірге келе жатыр.

– Шығармашылық жо­лы­ңызға көз салсақ, жүріп өт­­кен жолыңыз жемісті. Үне­­мі үл­кен қызметте жүр­сіз, ар­­ма­ны­ңыздағы қойы­лым­дардың ­ав­то­­рысыз. Ал өмірде ше? ­Өкі­­нішіңіз бар ма?

– Өмір болған соң өкінішсіз бола ма? Бірақ бәріне шүкіршілік деу керек. Рас, өнер деп жүріп уақыттың қалай өткенін біл­мей қалыппын. Бұл уақытта қатар­ластарым бірнеше баланың анасы атанып отыр дегендей. Ол туралы ойланамын, Алла жазса бәрі ретімен бола жатар. Әр күні­міз тосынсыйға толы ғой себебі. Одан бөлек, менің ішімде өз гармониям бар. Өнерімде барлық өмірім өрілген. Құрған театрым да өзінің жолымен табысты келе жатқан секілді. Әрине, қазіргі театрдағы директорлық қызме­тім шығармашылық мүмкіндігімді тежегені рас.  Бірақ ол да уақыт­ша деп ойлаймын. Кезінде театры­мыздың бұрынғы директоры, ұстазым Нұрнияз аға Мұқанов зейнет демалысына шыққан­да, ұжымның ұсынысымен осы қызметке келіп едім. Алдағы уақытта шығармашылық жол­ға түбегейлі бет бұру ойда бар. Театр өз жолымен жүре береді ғой. Ал шығармашылыққа ар­налуға тиіс жылдар оралмайды. Маған: «Облыста жүріп, ойың­дағыны, қиырда қалып, қия­лыңдағыны жүзеге асыра ал­ма­дың» деп жиі айтады. Бірақ мен оған келіспеймін. Барлығы адамның ішкі ойына байланыс­ты. Сондықтан да «мен жүрген жердің бәрі – төр» деймін. Мұны әртістеріме де жиі қайталаймын. Нақты мақ­­сат бар жерде арман орындал­май қал­майды. Бастысы, арманға ­адал болу керек. Ал өнер өресімен өміршең.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»