Қаржы • 09 Сәуір, 2024

Криптовалютаны табысты етудің жолы

216 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазір криптовалюта сәнге айналды. Ерекшелігі сол – валютаның бұл түрі орталықтандырылмаған, яғни қандай да бір орталық банкке бағынбайды. Еларалық та шекарасы жоқ. Көзін тапқандар кіріске кенеліп жатыр. Tarlan Development Group Ltd компаниясы «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) лицензиясын алып, екі бағытты сәтті дамытып келеді. Бірі – цифрлық активтер академиясы (Tarlan Trading Academy), онда криптовалюта нарығында жұмыс істеу негіздерін үйретеді. Екіншісі – цифрлық активтерге инвестициялау қоры. Бізбен әңгімелескен компания бас директоры Темірлан Нұрахимов миссиямыз – криптовалюта әлемін баршаға қолжетімді ету дейді.

Криптовалютаны табысты етудің жолы

Компанияның басқалардан айырмашылығы

Темірланның өзі әу баста оңай табысқа жеткіземіз деген алаяқтардың құрбаны болып, қазіргі жұмысына әбден ысылып, сыналып жеткен. Білім меңгеріп, халық мен секілді алданбасын, оларға әділ және тиімді жолын көрсетейін деген оймен осы компания­ны аштым дейді.

«Айта кетерлік жайт – біз секілді компаниялар өте көп. Олар әлеуметтік желіде жарнама жасап, криптовалютадан тез арада табыс табуды үйретеміз деп жатады. Бірақ олар адамдарды қарызға кіруге, несие алуға мәжбүрлеп, сол ақшаңды осында сал, екі-үш айда пәленбай мың доллар табасың деп алдайды. Екі-үш айдан соң табыс та жоқ, салған ақша да жоқ, қарызға батып қала береді. Біздің ерекшелігіміз – адамдарды жинап, оларға мән-жайды түгел ұғындырып, арғы-бергі тәуекелін салмақтатып, түсіндіреміз. Олар бұл сабақпен шектелмей, академияның дәрісі біткен соң, психологияны да меңгеруі керек болады. Өйткені бұл – трейдинг, оның тәуекелі сан алуан. Биржада соған да­йын болу керек. Біз адамдарға үйретеміз және арасынан мықтыларын өзіміздің командаға жинағымыз келеді», дейді Темірлан.

темирлан

 

Академия шәкірттері қанша табыс табады?

Айтуынша, криптовалюта нарығына бел­гілі бір капиталмен кіріп, қысқа мерзімде 2-3 есе пайда көруге болады.

«Шетелдік трейдерлер мен сарапшылардың мысалына үңілетін болсақ, олардың 4-5 жыл ішінде аз капиталмен үлкен табысқа жеткенін аңғарар едік. Біздің компанияда талдау бөлімінің жетекшісі болып жұмыс атқаратын Бақытжан есімді қызметкерімізді де осы қатарға қоса аламыз. Криптовалютамен тапқан табыстың арқасында тойын да жасады, пәтерін де алды. Халық көбіне пассивті табыс түрлерін қолайлы көреді. Пәтер сатып алады да, оны жалға беріп қояды. Қаржылық тұрғыдан бұл аса тиімді нұсқа емес. Сондықтан мен компания ашып, азаматтарға түсіндіргім келді», дейді.

Осы орайда Tarlan Development Group Ltd цифрлық активтер академиясын ашып, азаматтарға криптонарықтың қыр-сырын ұғындырып жатыр.

«Академия жұмысы 2023 жылдың күзінде іске қосылды. Мұнда белгілі бір білім алған, өмір­ге деген көзқарасы қалыптасқан жас­тар­дан бастап 55-60 жас аралығына дейінгі азаматтар қабылданады. Алғашқы салымды 10 доллармен де бастауға болады. Бірақ бәріне ортақ тәртіп – соңғы ақшаны бұл жерге әкелуге болмайды. Өйткені адамда «бұл менің соңғы ақшам, тезірек табыс табуым керек» деген психология қосылып кетеді. Бұл жағдай шын мәнінде адамды табысқа емес, құлдырауға жетелейді. 2023 жылдан бері 100-ге жуық адам академияға келіп, білім алды. Олар­дың біразымен байланыстамыз», дейді Темірлан.

Tarlan Trading Academy оқу бөлімінің жетекшісі Санжар Бекетовтің айтуынша, іріктеліп шыққан үздіктер мобильді қосымшаны жүктеп алып, сонда тест тапсырады, видеосабақтарға қатысады.

«Сонымен қатар академиядағы ұстаз­дар­дан дәріс алады. Сабақты онлайн және офлайн нұсқада алуға мүмкіндік бар. Оқу үдерісі 3 айға созылады. Алғашқы үш аптада базалық оқыту жүргізіледі. Оның аясында техникалық және фундаменталды талдау негіздері үйретіледі. Одан кейін екі апта үзіліс болып, одан әрі қарай 7-8 апта кәсіби сабақтар жалғасады. Жалпы, бізден білім алып шыққан студент ай сайын 10-12 пайыз табысқа жетіп отырады. Оны біз Инстаграмдағы парақ­ша­мыз­да үнемі көрсетеміз. Бізге олар­дың қанша ақша салып жатқаны туралы ақпарат керек емес. Ең бастысы – біз дұрыс жолды нұсқадық, табыс пен тәуекел аражігін ажыраттық, әрі қарай шешімді өздері қабылдайды. Тек кей жағ­дайда «бүгін мына монета өсуі мүмкін, оған ин­вестициялап көрейік» деп кеңес бере­міз», дейді.

 

Қор қомақты ақша тартады

Компания мақсатының бірі – крипто­ин­вестициялық қор құру. Сол арқылы криптовалюта нарығын мемлекеттік ауқымда пайдалы етуге болады дейді.

«Яғни бұл – биткойн, басқа да койндарды сатып алып, соларға инвестиция жасап, айналымға енгізу. Біраз уақыттан кейін сол монеталар өсу пайызын көрсете бастайды. Біздің болжамымыз бойынша, алдағы 18 айдың ішінде биткойн бағасы 2-3 есе өсуі мүмкін. 1 млн доллар инвестиция құйылса, ол 18 айдың ішінде 3-4 млн доллар болып қайтады. Өткен жылы жазда видеосабақтарды жазып жатқан кезде криптовалюта нарығының капиталдандыруы 1,3 трлн доллар еді. Қазір 2,8 трлн долларға жетті. Бір жыл болмай жатып, 120-130 пайызға өскен. Біреулер айтады криптовалюта өсіп кетті, енді оны сатып алудың қажеті жоқ шығар деп. Шынын айтқанда, криптонарықтың өркендеуі енді басталып жатыр», дейді компания өкілдері.

Айтуынша, Tarlan Development Group Ltd цифрлық активтер бағытын қосу арқылы Қазақстанның инвестициялық арсеналын әр­тарап­тандырудың жаңа құралдарын жасау­ға ұмтылады.

«Біздің аналитиктер әлеуетті инвесторларды қызықтыра алатын портфель қалып­тас­тырып қойды. Бұл нарық – блокчейн-технология өнімі және IT-мен тығыз байланысты. Елге криптоинвесторларды тарту куму­ля­тив­ті эффект береді. Қазір АХҚО алаңында ин­вестициялық крипто-қор құру бойынша жұ­мыс басталып кетті», дейді компания басшысы.

 

Биткойнды қалай өндіреді, ол неліктен пайдалы?

Осы ретте биткойн дегеніміздің өзі не, ол қалай өндіріледі және қалай пайдалы болады деген сауалдардың басын ашып алған да артық болмайтын секілді.

биткойн

«Биткойн алғаш рет 2009 жылы шықты және жалпы саны 21 млн болды. Қазірге дейін 19 млн биткойн табылып, белгілі бір адамдар мен компаниялар және мемлекеттер оларды ұстап отыр. Әлі 2 млн биткойн жасырынып жатыр. Табылған биткойндардың 6 млн-ы жоғалып кеткен – біреулер кезінде сақтаған флешкасын, ноутбугін жоғалтып алған, құпия сөзін ұмытып қалған дегендей. Ал биткойнды қалай өндіреді? Ол үшін майнинг фермалар блоктар жасап, сол биткойндарды іздеп жатыр. Майнерлер алгоритмдік тапсырманы шешу арқылы, биткойндарды іздеп жарысады. Ең басты әрі мықты криптовалюта биткойн екені белгілі. Әрине, құлдырайтын да кездері бар, дегенмен құны әрдайым өсіп келе жатыр. 2024 жылдың 1 қаңтарында оның құны 44 мың доллар болса, 14 нау­рыз кезінде 73 мың доллар көлемінде саудаланды. Қазір аздап төмендеп, 65-66 мың доллар маңайында тұр», дейді компания бас­шысы.

Криптовалютаның қандай артықшылығы бар? Бұған компания өкілдері былай жауап береді.

«Мәселен, менде 10 мың доллар бар делік, оны АҚШ-тағы досыма жібергім келеді. Мен криптовалюта көмегімен 5 минуттың ішінде 10 мың долларды жібере аламын және сондағы ұстайтын комиссиясы – әрі кетсе 1 доллар болады. Ал дәстүрлі бағытпен жіберетін болсақ, 10 мың доллардың 5-6 пайызы комиссияға кетеді, ол қаражат SWIFT аударым арқылы 10 жұмыс күні ішінде жетеді», дейді сарапшымыз.

 

Криптонарықтың келешегі қандай?

Профильді сарапшылардың бағалауынша, 2024 жылдың жазында биткойн бағасы 100 мың долларға жетуі мүмкін екен.

«Сальвадор, Ұлыбритания, АҚШ, ЕО, Канада, Жапония, Аустралия қазірдің өзінде биткойнды төлем қаражаты ретінде пайдаланады, оларды инвес­тиция ретінде сақтау үшін жинап жатыр. Яғни биткойн құны 100 мың доллардан өсіп кеткен жағдайда ел бюджеті автоматты түрде ұлғаяды», дейді Темірлан.

Жас та белсенді компания қазір еліміздің нарығында жұмыс істеуге лицензия алған екі биржамен – Binance және Bybit биржаларымен жұмыс істейді.

«Елімізде бұл екеуінен де бөлек биржалар жұмыс істейді. Интернет болғаннан кейін адамдар ол платформаларға кірудің амалын тауып алады. Жалпы, биржалардың өзіне тән артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Кей биржаларда ақша айналымы аз болады, кейбір биржалар сауда операциялары үшін пайыз ұстайды. Сондықтан нарыққа қадам бас­пас бұрын, қаржылық сауаттылықты меңгеріп алу қажет», дейді олар.

Темірлан Нұрахимовтің айтуынша, Мем­лекет басшысының Үкімет алдына қойған маңызды міндетінің бірі – инвестициялық климатты арттыру және елге тікелей инвестиция тарту бойынша жаңа тетіктерді құру.

«Бұл ретте криптонарықтың жалпы капи­талдануының көлемі 2,8 трлн доллар екеніне назар аудару керек. Бұл цифр геометриялық прогрессиямен өсіп келе жатыр. Әлемдегі осындай жедел дамып келе жатқан нарық мүмкіндігін уыстан шығарып алмауымыз керек», дейді Tarlan Development Group LTD компаниясының бас директоры.