Қоғам • 10 Сәуір, 2024

«Самұрық-Қазына» тасқын салдарын жоюға 15 млрд теңге бөледі

52 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Осы аптада «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төр­ағасы Нұрлан Жақыпов компания­лар тобы бас­шы­­лары­ның қатысуымен тө­тен­ше жағдай­да жедел әрекет ету штабының жиналысын өт­кізді. Жиын ба­­рысында су тас­қы­ны­­на қатысты ах­уал мен таби­ғи апат сал­д­арын жою­­ға ба­ғыт­­талған шаралар талқы­ланды.

«Самұрық-Қазына» тасқын салдарын жоюға 15 млрд теңге бөледі

Қор табиғи апаттан ең көп зардап шеккен өңірлерге – 15 млрд теңге көлемінде материал­дық көмек көрсетеді, деп атап өтті Нұрлан Жақыпов. Қор­дың корпоративтік орталығы, «ҚазМұнайГаз», «Қазатом­пром», ҚТЖ, «QazaqGaz», «KEGOC», «Қазақтелеком», «Air Astana», «Самұрық-Энерго» көмек көрсетіп жатыр. Қаражат қайырымдылық қызметі­нің бірыңғай операторы «Samruk-Kazyna Trust» арқылы бағытталады.

«Қазіргідей қиын жағ­дайда қызметкерлердің қауіпсіздігін, тиісті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету – портфельдік ком­пания­лардың алдында тұрған басым міндеттердің бірі. Сын сағатта күшімізді біріктіріп, төтенше жағдайға қарсы күресу жұмыстарын жандандыруымыз керек. Осы бағыттағы тасқын судың алдын алу жұмыстарын, сондай-ақ зардап шеккен өндірістік нысандардың жұмысын штат­тық режімге келтіру шараларын жалғастыру қажет», деді Нұрлан Жақыпов.

«ҚазМұнайГаз» бас­қар­ма төрағасы Мағзұм Мыр­за­ға­лиевтің айтуынша, ҚМГ компаниялар тобынан су тасқынына қарсы шараларға 540 қызметкер жұмылдырыл­ған, 160-тан аса техника мен құрал-жабдық, сондай-ақ 80 тонна дизель, 22 тонна бензин бөлінген.

«Қазақстан темір жолы» АҚ-да суға төтеп беретін 45 пойыз құрылды. Тасқын судан зардап шеккен барлық өңірде су айдайтын 47 өрт сөндіру по­йызы кезекшілік етіп жатыр», дейді ҚТЖ басшысы Нұрлан Сауранбаев.

Сондай-ақ теміржол транспорты азаматтарды эва­куа­циялауға тартылған. 9 cәуір­дегі жағдай бойынша ҚТЖ қаражаты есебінен Атырау облысында 5,5 мыңға жуық азамат тасымалданды.

«QazaqGaz»-да апаттық-құтқару және су тасқыны­на қарсы жұмыстарға 750 адам жұмылдырылған. Су тас­қыны зардаптарын жою жұ­мыс­тарына 135 бірлік техника бөлі­ніп, су басқан өңірлерде ерік­тілер тобы құрылды.

«KEGOC» АҚ электр жет­кізу желілерін, ғимараттар мен құрылыстарды ағын судан қорғау шараларын қабылдады, сондай-ақ су басуы ықтимал әуе желілері және электр желілерінде апаттық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін бригадалар ұйымдастырылды», деп атап өтті Нәби Айтжанов.

«Қазақтелеком» АҚ-да телекоммуникация құралдарының үздіксіз жұмысын қамтама­сыз ету үшін компания­ның техникалық блогі жедел штабтар құрды. Бөлімшелер арасында байланыс орталықтары ұйымдастырылып, апаттық-қалпына келтіру командалары құрылды. Қызметкерлер су тасқыны салдарынан зақымдалған жабдықтардың ақауларын тез арада жойып жатыр.

Қор тобының қызметкерлері зардап шеккен отбасыларға азық-түлік, тұрмыстық заттар жинайды, басқа да көмек көрсетеді.

Нұрлан Жақыпов су тас­қыны кезіндегі ахуалды тәу­лігіне бірнеше рет хабарлап отыруды және төтенше жағ­дайды бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар апат зардаптарын жоюға қатыс­қан барлық топ қызметкеріне алғысын білдірді.