Ұлттық спорт • 12 Сәуір, 2024

Көкпардан есеміз кетпесе игі

19 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпелілер ойынының айтулы басты бәсекесі – көкпар. Әсіресе қазақ-қырғыздың ер үстіндегі егесі мен тақым астындағы тартысын күтіп жүрген жанкүйердің қатары қалың. Айыр қалпақты шабандоздар екі жыл бұрын Түркия топырағында кеткен есені қайтарудың қамында жүр. Ал біздің жігіттерге чемпиондық дәрежені қорғау маңызды.

Көкпардан есеміз кетпесе игі

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Намыскөктің орны ойсырап тұр

Түркияда өткен ІV Көшпелілер ойындарында көкпардан Қазақстан құрамасы чемпион атанған еді. Жігіттер сол биігінен көріне ала ма? Көкпардан ұлттық құра­маның бас бапкері қызметін атқарған Қуанышбек Құрамаев өзі баптаған жігіттер жерге қаратпайды деп қалың ел сенім артып отырғанын жеткізді.

«Көкпардан ұлттық құраманың бас бапкері лауазымын атқарған жылдары жігіттер ЭКСПО аясында өткен әлем чемпионатында топ жарды. 2022 жылы Түркия елі сән-салтанатын асыра өткізген Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында жеңіске жеттік. Финалда сыралғы қарсылас қырғыз көкпаршыларынан басым түстік. Күзде елорда төрінде өтетін ұлы дүбірде жігіттер сол биігінен төмендемейді деп сенемін. Бұл үшін, әрине, дайындыққа баса назар аударған жөн», дейді Қ.Құрамаев.

Түркістан облысында әзірлік жүргізе­тін оқу-жаттығу кешені бар, сол жерде көкпаршылар биылғы алғашқы дайын­дығын өткерді. Физикалық тұрғыдан олардың күш-қуатына сын жоқ. Оңтүстік облыстарда ақ қар, көк мұзға қарамай жаппай көкпар тартылады. Құрамадағы жігіттер өздері осы көкпарға қатысып шыңдалып та жүр. Әттеген-айы, көкпар додасында ел мерейін асырған Лазер, Намыскөк, Нұрқасқа секілді сенім артар қылқұйрығымыз кемшін соғып тұр. Намыскөк былтыр көкпардың үстін­де жаны үзіліп кетті. Лазер жасы жетіп өлді. Өкініштісі, дәл осындай маң­дайымызға біткен тұлпарларымыз кем екені белгілі. Мысалы, жарыс кезінде жекпе-жекте көкпаршылардың бірі алаңға Лазерді мініп шыққанда еш қам жемеуші едік. Намыскөкті де додаға қосқанда сенімді ақтайтын. Белді аттар бар кезде қорғаныста да тас қамал болатын жігіттер. Дүниежүзілік көшпелілер ойынына дейін ішкі чемпионат Қызылорда қаласында өтеді. Ел чемпионатында тек көкпаршылар ғана емес, аттардың да алымы мен қарымы сыналмақ. Білікті бапкер Қ.Құрамаев Қостанай, Атырау, Түркістан облыстарының командасында жігіттер мініп жүрген аттардың ішінде белді жүйріктер бар екенін айтады. Атбегі жылқының да қасиеті, таланты бойында бұғып жатады дейді.

«Тек бабын келістіріп, қамау терін алып, жүйріктің тынысын аша білу керек. Кезінде Азия чемпионаты, басқа да халықаралық сайыстарға қатысқанда жекпе-жек үстінде Лазерді, болмаса На­мыс­көкті мініп шыққан жігіттер қарсы­ластың мысын басып айбарын асырып кетуші еді. Айбыны мен айбатының өзі тіксіндіріп жіберетін. Намыскөк жануа­р дене тұрқы анау айтқандай абадан, шомбал төс емес, орта бойлы шымыр жылқы еді. Жылқының қайраты мен қайсарлығы көзінен көрініп тұрады ғой жалпы. Намыскөк жекпе-жекте қарсы жақтың атын қаққанда, омыраулап тықсырғанда дедектетіп жіберетін. Құраманың жаттығуы кезінде Лазерді де, Намыскөкті де өзге аттарды мертіктіріп алмас үшін додаға көп салмайтын едік. Ат пен үстіндегі шабандоздың, яғни көк­паршының бірін-бірі айтқызбай ұғынатын қасиеті қабысқанда ғана нәти­жеге жетеді. Көкпаршының астындағы атының мінезін, ішкі түйсігін дәл сезініп ұғына алуы керек. Бізде осындай талантты көкпаршы жігіттер болды. Әлі де өсіп келеді, жастардың арасында таланттар бар, со­ларды баптай білуіміз керек», дейді Қ.Құра­маев.

 

Шабандозды дода шыңдайды

«Әр шеберлік – жеңіске нық қадам» деп тегін айтылмас керек-ті. Ішкі біріншіліктен сырт додаларды да жиі ұйымдастыру қажет­тігі сезіледі. Мысалы, көрші Қырғыз­станда көкпардан командалық сайыс жиі ұйымдастырылады. Біздің елде де шабандоздарды шарыққа ұстап, шарболаттай шыңдау үшін осы бағытты ұстанған абзал. Бірақ оған климаттық ахуалды ескермесе тағы болмайды. Өйткені оңтүстік облыс­тарда қыс мезгілінде де жаппай көкпар шабылса, теріскейде қоңыр күзден жазға салым мерзімге дейін тоқтайды.

Қуанышбек бапкер тағы бір кілтипан бар екенін алға тартты. Оның айтуынша, 17 облыс, 3 мегаполистің көкпар коман­даларының деңгейі шамалас емес. Теріскейдегі немесе батыстағы көкпар командалары Жамбыл, Түркістан, Алматы облыстарының, болмаса Шымкент, Алматы сынды қалалардың командасымен шендесе алмайды. Сондықтан ішкі біріншіліктің өзін екі топқа бөліп өткізсе, әлеуеті шамалас командалар өзара тарт­ысқа түседі, үздіктер жеке топта болады. Ал қазір «Әулиеата» командасы батыстағы облыстың бір командасын 10:0 есебімен есеңгірете ұтады, әсірелеп айтқанда әбден илейді. Бұдан қандай өсу болады? Керісінше, балалардың сағы сынып, меселі қайтып қалады дегенді алға тартады маман. Қалай болғанда да жігіттерге зор сенім артылмақ. Өз елімізде өтетін ұлы дүбірде жерге қаратпауға тиіс.

Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына қатысатын ұлттық құрама сапына қосылған көкпаршылар былтырғы ел біріншілігінде іріктелді. Негізгі құрама мен қосалқы құрам жасақталып, оқу-жаттығу жиынын жүргізіп жатыр. 2022 жылы Түркияда өткен Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында чемпион атанғандар да – қатарда. Абылайхан Нышанбек, Ынты­мақ Әліпбаев, Айтан Дәулет сынды сыралғы көкпаршылар жаттығуға кірісті. Қарсыластар да қамсыз емес. Өзбекстан құрамасы да былтырғы ішкі біріншіліктен кейін ұлттық құрамасын қайта жасақтап, әзірлікті бастап кетті. Өзге елдер де құрамасын жасақтады.

Біздің жігіттерге ат спортынан, яғни көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілуден командалық есепте топ жару міндеті жүктелді. Жүктеме орындалса, игі. Өйткені қарсыластар қай спорт түрінен де осал емес. Көкпардан қырғыз­дардың да чемпиондық атақтан дәмесі зор. Аударыспақ, жамбы атудан моңғол спортшылары самдағай. Ұлттық ойын көкпардан Астана төрінде қырғыздардан сырт Өзбекстан, Моңғолия, Ауғанстан, Пәкіс­тан, Мажарстан, АҚШ, Ресей, Тәжікстан, Қытай, Түркия елдерінен Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына команда қатысады деп жоспарланып отыр.

 

Қатер қазандығы

Дүниежүзілік көшпелілер ойындары биыл бесінші мәрте ұйымдастырылады. Бұған дейін Қырғызстанда ұйымдасты­рылған аламанда көкпар қазандыққа тартылды. Әрине, мұның қатері де орасан. Астыңдағы атың ғана емес, ерге қонған шабандоздың да өміріне төнер қауіп те басым. Тіпті қазандыққа құлап, ат-матымен соғылып мертіккен балуандар да аз емес. 2022 жылы Түркияның Изник қаласында өткен Дүниежүзілік көш­пелілер ойындарында көкпар додасы шеңберге тарту бойынша өрбіді. Мұнда аттың қазандыққа соғылып құлауы секілді қатерге ұшырамайды. Қауіпсіз болғандықтан да шеңберге көкпар тартуға қызығушы елдердің қатары артып келеді екен. Мұны Ұлттық ат спорты түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы Нұркен Байбөриев құптап отыр.

Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында көкпарды шеңберге тарту –  2016 жылдан бері қолданыста. Ең алдымен, ер үстіндегі адам мен астындағы аттың амандығы маңызды болғандықтан да қазандыққа емес, шеңберге көкпар тартуды бірнеше ел қолдап қуаттай түсті.

– Халықаралық көкпар қауымдастығы бар. Осы ұйымның жалпыға ортақ ере­жесіне сай халықаралық, әлемдік дода­ларда көкпар шеңберге тасталады. Нәти­жесі де көңіл қуантады. Бұрын қазан­дыққа тартқанда тек Қазақстан мен Қырғызстаннан өзге елдерде көкпар дәл бүгінгідей сипат алған жоқ. Қауіп пен қатерге бас тігуге өзге елдер тәуекелге бармады. Ал шеңбер бекітілгелі Ауғанстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Моңғолия, Ресейдің Алтай аймағы ішкі чемпионатын өткізіп, көкпардың кеңінен таралуына серпін берді. Елімізде өтетін Дүниежүзілік көш­пелілер ойындарында көкпардан тартыс тым жоғары болатынын сезініп отырмыз. Ішкі чемпионатта балуандардың әлеуетін ғана емес, аттардың да бабын бағамдаймыз. Құрамаға қажетке жарайды деген аттарды іріктеп алып, көшпелілер ойындарына дейін жаппай көкпар сынды сайыстарға салмай тек оқу-жаттығу жиы­нына жаратамыз, – дейді Н.Байбөриев.

 

Аңызға айналған арғымақ

Көкпаршылардың мерейін үстем еткен Марадона деген жүйріктің даңқы Орталық Азия елдеріне де жайылды. 2003 жылы Дербіс Байділдаев қырғыз досынан сатып әкелді. Бізге келгенге дейін Марадона айыр қалпақты ағайынның ішінде атағы алысқа тараған жүйрік еді. Бірақ қос өкпесін соға жөтеліп сырқат жұқтырады. Қырғыздар мал болмайдыға санап тізімнен сызып тастайды. Қазақстанға әкелген соң Дербіс атбегінің ем-дом жүргізу шарасы нәтижесін беріп, жануар қунақ болып шығады. Бір жылдан кейін Қырғызстан Президентінің кубогінде Ресей, Қытай, Ауғанстан, Қазақстан елдерінен 8 команда қатысты. Осы додада үздік тұлпар аталымы Марадонаға бұйырды. Әйгілі жануардың бауырын жаза, қолтығын сөге көсіле шапқанынан таңданған қырғыздар аһ ұрып өкінген. Тіпті қайта сатып алмақшы болып та сауын айтса керек. Бірнеше жыл қазақ пен қырғызға даңқы жайылған Мара­дона да көлденең жабысқан кеселден өлді.

Көкпардан ұлттық құраманың еншісіне тиесілі ат жоқ. Тек жекенің қорасындағы қылқұйрығына дода қарсаңында құда түсіп, қиылып сұрап алу – бапкерлердің еншісіндегі шаруа. Мемлекеттік жаттық­тырушы Нұркен Байбөриев құрамаға қажетті аттарды ұстайтын қора-жай сынды инфрақұрылымды дамыту қажет­тігін алға тартты. Тек облыстардағы ұлт­тық спорт мектептері мен клубтарда төл өнеріміз ұлттық ойындарға бау­лу мақ­сатында мініске жүретін аттар бар. Ал олар додаға кіруге жарамайтын кө­рінеді. Ұлттық спортты дамытудың ал­дындағы көлденең кедергінің бірі – осы инфрақұрылымның әлсіздігі. Сондықтан да ұлттық құрама мүшелері Азия чемпио­наты, әлем біріншілігі сынды сайыстарға мінетін аттарды құраманың бапкерлері атсейістерден жалға алып мінгізіп жүр.

 

«Қазанат» қайта түлемек

Дүниежүзілік көшпелілер ойындары кезінде көкпар додасы «Қазанат» атшабарында өтеді. Құрылыс жұмыстары тамыз айының басында толық аяқталады деп жоспарланып отыр. Бүгінде 2 600 орынға лайық атшабардың көрермендер отыратын алаңы кеңейтіліп, 5 мың жанкүйер еркін сыятындай жасалады. Бұған қоса қосымша 5 мың модульдік орындықтар қою мүмкіндігі қарастырылып отыр. 110 елден спортшы қатыса деп жоспарланған дүбірлі дода кезінде атшабардың маңынан қылқұйрықтарға қолайлылық туғызу мақсатында атқора да салынбақ.