Университет • 19 Сәуір, 2024

Саланы ілгерілететін стартап жобалар

65 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Maqsut Narikbayev University басшылығы студенттердің білім-білігін, кәсіби дағдыларын жетілдірумен қатар жаңашыл студенттердің озық идеяларын қолдайды.

Саланы ілгерілететін стартап жобалар

Бірер күн бұрын университет ұжымы «TRAVEL Hack: Transformative Routes, Adventure, Vision, Exploration and Legacy» тақырыбында республикалық хакатон ұйымдастырып, онда елдің бірнеше өңірінен келген озық ойлы студенттер бас қосқан. Бұл іс-шараның мақсат-мұраты – студенттердің стартап жобаларымен қатар туризм саласындағы кәсіпкерлікті қолдауға негізделіпті. Хакатонға Nazarbayev University, Astana International University, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, AITU, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, С.Торайғыров университеті, KazUTB, Ш.Есенов атындағы КТИУ және Kazakh-British Technical University-ден жүздеген студент келіп қатысқан. Байқаудың жалпы жүлде қоры 1 млн 600 мың теңгенің шамасында болса, бағыт-бағдары ерекше іс-шараны қолдауға «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы ниет білдіріпті.

Республикалық хакатонның ашылу салтанатында Maqsut Narikbayev University ректоры Сергей Пен қатысушыларға табыс тіледі. Бұл күні үміткерлер экотуризм, инклюзивті туризм, көлік компанияларына арналған шешімдер, ағылшын тіліндегі онлайн гидтер, қонақүйлерге арналған B2B шешімдер, туристік автобустарға арналған маркетплейс секілді түрлі бағытта жоба дайындады. Сонымен, үздік идея, жоба-жоспарлар ұсынылған байқауда «Dataflow» командасы дара шықты. Олар туристік агенттердің сенімділігін тексеретін тәп-тәуір жоба әзірлепті. Ал екінші орынды «Sanatopia» командасы еншілесе, үшінші орын «Take over blur» командасына бұйырды. Олар туристік автобустарға арналған қосымша дайындаған. Жүлдеге қолсозым қалған «Fighting» командасы көрермендер көзайымы атанды.

Байқау мәресіне жете бере озық ойлы стунденттердің еңбегіне риза болған «Kazakh Tourism» басқарма төрағасы Қайрат Сәдуақасов туризмді дамыту бағытындағы жаңашыл идеяларды әркез қолдайтынын айтты.

«Менің ойымша, бұл хакатонның қатысушылары болашақта Nasdaq-та немесе басқа да биржаларда сатылатын компанияларды құрайды. Осы жарысқа қатысқан студенттердің әлемдік деңгейдегі цифрлық шешімдер ойлап табатын провайдерлер болатынына сенімім зор. Ал біз, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы, осы іс-шараны қолдауға әрдайым дайынбыз», деді Қ.Сәдуақасов.

Расымен де, небір үздік стартап жобалар ұсынылған байқаудың туризм саласын дамытуда рөлі маңызды. Сондықтан ұйымдастырушылар хакатон жаңа идеялар мен инновациялық тәсілдердің алаңына айналады деген сенімде.