Тәрбие • 23 Сәуір, 2024

Телефонға телінген тәрбие

168 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Ащы да болса шындық, балаларды телефон тәрбиелеп жатыр. Балалардың не қалайтыны, нені қызықтайтынынан бастап, қай сұрақтың жауабын таппай жүргенін, қандай мәселе мазалайтынына дейін – бәрін ата-анадан гөрі қолындағы смартфоны, соның ішіндегі «гугл» бастаған, түрлі қосымшасы қостаған «достары» көбірек білетін сияқты. Баланың санасында не болып жатқанынан хабардармыз ба?

Телефонға телінген тәрбие

Осы бір көкейкесті мәселені Мемлекет басшысы да қозғады. Президент Атырауда өткен құрылтайда: «Ақпараттық техно­ло­гияның пайдалы жағын алып, зиянды жағынан сақ болған жөн. Ашығын айтсақ, интернетті талғамсыз пайдалану бала тәрбиесіне теріс ықпал етіп жатыр. Бұл – өкінішке қарай, ақиқат. Балалар түгілі ата-аналар да әлеуметтік желідегі мағынасыз контентке тым әуес», деді. Иә, бала ең алдымен көргенін айнытпай қайталауға құмар, яғни ол бәрінен бұрын ата-анасының, үйдегі ересектердің әрекетін «көшіреді». Ел арасындағы «Бала айтқаныңды емес, істегеніңді істейді» деген сөз де осы ойға саяды.

Мақаланы жазарда ата-аналар арасында сауалнама жүргізіп, оларға «Балаңыз неше жастан бастап телефон ұстады?», «Бала­ңыздың телефонда қандай контент қарайтынын білесіз бе?», «Телефон ұстау­ға тыйым саласыз ба, әлде ұстау тәртібін енгізгенсіз бе?», «Жалпы, бала­мен уақыт өткізгенде телефонға жиі үңі­ле­сіз бе? Күніне қанша сағат телефон ұс­тай­сыз?» деген сұрақтарды қойып көрдік.

Қали Сүлей есімді сауалнамаға қаты­су­шы: «Пандемияға дейін балаларыма телефон ұстатқаным жоқ. Арасында сұрап шұ­қы­лайтын. Пандемия кезінде үлкені 6-сыныпта, екіншісі 4-сыныпта, кішісі 0-сыныпта оқыды. Қашықтан оқитын болғандықтан, амалсыз телефон сатып алдық. 0-сыныптағы балама үлкендеріне жар­ма­сатын болғандықтан амалсыз әпер­дік. Басында бір-екі жыл «ата-ана бақылауын» (баланың телефонындағы әрекетін бақылауға болатын функция бар – ред.) қойып, күніне бірнеше сағатқа ғана ашып беріп жүрдім. Қазір үлкен қызым 9-сыныпта оқиды, сабаққа қолданады, ойын ойнамайды. Ұл 7-сыныпта оқиды, ол ойын ойнайды. Кіші қыз да ойын ойнайды. Телефондарын тексеріп тұруға тыры­самын, түсіндіремін. Бір қиыны, өзім де бала­лардың көзінше телефонды көп қарай­мын. Жұмыстан келген соң фейсбук «ақта­ра­мын». Сол қиын болып тұр», деп жауап беріпті.

Қазір «Role model» деген ұғым қа­лыптасты, яғни ата-ананың өзі ең алдымен балаға үлгі болуы керек. Ал ата-аналардың басым бөлігі балаларын ойын алаңына қоя беріп, болмаса алдына ойыншықтарын шашып қойып, өздері телефон қарап отырады. Сол әрекетін баланы қадағалау, баламен бірге уақыт өткізу деп есептейді. «Role model» демекші, кітапты көп оқитын бір ата-анадан «Балаларыңыз кітапқа қызыға ма?» деп сұрағанымызда, ол өкінішін жеткізді. «Балаларым оқысын деп қызық деген кітаптарды көз алдына қойып кетемін. Қарамайды. Балалардың көзінше кітап оқып, газет-журнал қарап, телефонға үңілмей, үнсіз үлгі көрсетіп жүремін. Бірақ, өкініштісі, үш баламның да аңдығаны – телефон. Қалай кітапқа қызықтырарымды білмеймін. Өткенде психологтен балаларымның ынтасын, назарын телефоннан кітапқа қалай аударуға болатынын сұрадым. Сонда психолог бала мен ата-ана арасында диалог, келісім, сырласу болу керегін айтты. Сол кезде ғана өзімнің үнсіз үлгі көрсетуім жеткіліксіз екенін, балалармен жиі, кей күндері тіпті мүлдем сөйлеспейтінімді аңғардым. Сөйлесу, пікірлесу, келісіп алу кез келген кикіл­жіңнің алдын алатынын түсіндім. 5 жасар ұлыммен 20 минут қана телефон қарауға, уақыты аяқталғанда өз еркімен телефонды қоюға келістім. Психологтің кеңесі келісім мен пікірлесудің біраз мәселеде көмектесетініне көзімді жет­кізді», деп еді.

Осыдан біршама уақыт бұрын «Дөп сөз» you tube арнасында «Самұрық-Қазына» ұлттық компаниясының жеке­ше­лендіру және дамыту жөніндегі басқарушы директоры Салтанат Сәтжан жұмыс пен отбасы арасындағы тепе-теңдікке қатысты: «Күндіз жұмыстамыз ғой. Екі баламызға бөлетін уақытымыз тым аз. Бірақ үйге келгенде арнайы қорапқа телефондарымызды салып, жауып қоямыз, таңертеңге дейін телефонға қарауға болмайды. Тек қана балалармен ойнаймыз, отбасымен уақыт өткіземіз. Жұмыстан ұйықтауға дейінгі бір немесе бір жарым сағат қана уақыт болсын, бұл – отбасына арналған уақыт», дегені адамды кәдімгідей ойлантып тастайды.

Жоғарыдағы сауалнамаға қатысқан тағы бір ата-ана Бағдат Шойбас: «Төрт ба­ла­ның әкесімін. Ең алғаш телефонды үл­ке­ніне 13 жасында әпердім, одан кейінгісі 12 жасында, үшінші балам 10 жасында ұс­тады, ең кішісі 3 жасынан бастап пайда­ла­нады. Сыртынан бақылап жүремін. Тик-ток желісін қарайды, көп тәлім-тәр­биелік дүниені сол тик-токтан үйренді. Бірақ мынадай тәртібіміз бар: күн сайын­ серуендеуге, болмаса отбасылық асқа отыр­­ғанда олар телефон ұстамайды. Ең кен­­жемізге келсек, 2019 жылы туған бала­лардың көбі – таза кибербуынның өкіл­дері. Тілі шықпай жатып инди-ойын «Майн­крафты» ойнай бастады. Мен оның гей­мерлік қасиетін дамытқым келеді. Сол себеп­ті ойын ойнағанда бірге боламын. Ойнау уақыты екі жарым сағатты алатын шы­ғар. Үлкендері телефонға байланбаған. Қа­рай­тыны – тик-ток, әзірше», деп жауап берді.

Жоғарыдағы жауапта елең еткізгені – бес жастағы баланың күніне 2,5 сағат телефон қарайтыны. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бекіткен ұсы­нымына сәйкес 2 жасқа дейінгі бала­ларға экран алдында уақыт өткізуге мүлде болмайды. Ал 2–6 жасар балалардың экран алдында өткізетін уақыты күніне 1 сағаттан аспауға тиіс. 7–12 жас аралы­ғындағы балалар экран алдында 2 сағаттан артық отырмауы керек. Бірақ айналамыздан әлі тілі, бесіктен белі шықпаған сәбилердің телефоннан бас алмайтынын жиі байқалады. Телефонды қызықтау уақыты аз болса, тіпті жақсы екені, әр 20–30 минут сайын көзді демалдырып, қимылды ойын немесе іс-әрекетке алмас­тыру керек. Іргелі ұйымның ұсынымы осындай. Уақыт мөлшеріне қатысты талапты екінің бірі сақтай ма? Одан кейін әр 20 минут сайын кім демалдырып отырады? Әрі-беріден соң, екі баланың бірі бер дегенге телефонды бере қоя ма? Ата-ана мен баланың арасында кикілжің осындайдан туатын сияқты.

Отбасы және балалар психологі, «Counsellor» жеке мектебінде еңбек ететін маман Байрам Турел кикілжің тумас үшін ата-ана балада нашар әдеттің бірден, кенеттен пайда болмайтынын, сәйкесінше одан тез арылып кетпейтінін түсінуі керегін айтады. «10-сыныптағы қыз сағаттап сериал көретін еді. Онымен бір жыл бойғы жұмыстың нәтижесінде қазір телефон қарауға уақыты жоқ, мақсатына ұмтылған тұлғаға айналды. Әрине, мұндай нәтижеге жету оңай емес, бәрі бірден бола кеткен жоқ, үздіксіз жұмыс істелді. Көмек сұрап келетін ата-аналардың көбі бір-екі апта ішінде нәтиже шығара алмағанын айтып, шағымданады. Оларға баланың нашар әдетінен арылуға ұзақ уақыт, табандылық, түсіністік қажет екенін айтамын. Мысалы, жоғарыда айтқан 10-сыныптың оқушысын әуелі зерттедік, нені жақсы көреді, немен айналысқан ұнайды, соған сай әрекет еттік. Ол тамақ пісіргенді, тағамның құ­ра­­мын, оның адам ағзасына қалай әсер ете­тінін білгенді ұнатады екен. Содан бір курсқа жаздырып, оны қызыға оқып, арнайы сертификат иеленді. Соңында тағам құрамы бойынша коуч болып шық­ты. Болашақта тағамтануды терең зерт­теп, кәсіби маман деңгейіне жеткісі келе­ді. Тіпті кітапқа да қызығушылығы артып, жылына 100 кітап оқуды мақсат етіп отыр. Мұндай нәтижеге қол жеткізу үшін алдымен ата-ананың қолдауы, ерік-жігері, содан соң баламен тиянақты жұмыс жүр­гізуі қажет. Тиянақты жұмыс балаға мақ­са­тын айқындаудан, баланың алдына сол мақсатына жеткізер міндеттерін белгілеп беруден тұруы қажет», дейді психолог.

Психологтің айтуынша, балаға мақсат белгілеп беру оның өзін-өзі алға сүйреуіне, жаңа жетістікке жетуге септеседі. Маңызсыз дүниелерге сағаттап уақыт құртудан сақтайды. Бірақ бұл үшін оның мақсаты өзіне маңызды, қызық және нәтижесі өзін дамытуға көмектесетіндей болғаны керек. Мұны мектептерде оқушылардың арнайы бір жобалар беру, портфолиосын жасақтау, нәтижесін талқылау, нәтижеге жету жолдарында қолдау-көмектесу арқылы жүзеге асыруға болады.

«Баланың алдына мақсат қойғанда оған қажетті, тіпті арманындағы іс болса тіпті жақсы. Мичиган, Калифорния университеттері, «Сoursera» платформасы «Үйренуді үйрену» (Learning How to Learn) деген курс енгізіп жатыр. Сол курсты оқып, сертификат алуға болады. Мұндай танымал курстар балаларға қиындықсыз үйренудің қыр-сырын ашып, қолданбалы кеңестер береді, үйренудің жеңіл техникасын бөліседі. Жаңа нәрсені қалай жеңіл үйренуге болатынын ұғындырады. Сонда баланың жаңа нәрсеге қызығушылығы артады. Мектептегі балалардың алдына мақсат ретінде жобасын соңына жеткізгенде сертификат беремін, үйдегі балама өзі меже еткен кітапты оқыса, қалағанын әперемін немесе сыйлық сыйлаймын. Айналып келгенде мұның бәрінде ата-ананың қолдауы, дұрыс бағыттап отыруы, әрдайым кеңесі, тіпті бірге жасауы қажет. Мысалы, менен кеңес сұрап келетін ата-анаға бір уақытты белгілеп, сол кезеңде телефонды мүлдем ұстамау деген акция ұйымдастыруды ұсынсам, олардың арасында «Телефоннан мені емес, баламды алыстату керек, мен неге мұндай талапты орындауға тиіспін?» дегендері де болған. Мұндайда баланың миы оны қабылдамайтынын түсіндіруге тырысамын. Үйде сондай пайдалы акцияға (кітап оқу, сенбілікке шығу, үй тазалау, ағаш отырғызу, т.б.) бәрі қатысып, әкесі немесе анасы қатыспаса, бала оны қабылдамайды, өзі бұйрыққа бағынып тұрғанымен, миы қабылдамайды. Сол себепті баланың жақсы жаққа өзгеруіне алдымен ата-ана қосыла әрекет етіп көмектесуі қажет», дейді психолог Б.Турел.

Тәжірибелі дәрігер-педиатр, медицина ғылымдарының докторы, профессор Ләззат Ералиева инстаграм әлеуметтік желісінде ата-аналарға арнап кәсіби медициналық кеңес ұсынады. Сондай жазбасының біріне ол «Гаджеттер баланың дамуына қалай әсер етеді?» деген тақырып қойыпты. Содан соң өзінің маман ретіндегі пікірін: «Біздің балалар гаджеттерді ерте жастан бастап қолданады. Кез келген жаңа құрал басқа да қызық іс-әрекет секілді баланың дамуына, жаңа білім жинауына көмектесуі мүмкін. Бәрі гаджеттерді балаға қашан таныстырғанына, қанша уақыт онымен отыратынына, одан басқа қызықтыратын іс-әрекетінің көп-аздығына байланысты. Баланың жасы кішкентай болған сайын гаджетті ұзақ қолдану соғұрлым қауіпті. Ірі қол моторикасы дамымайды – 4 жасқа дейін бала тік тұруды, жүруді, қолының қимылын үйлестіруді меңгеруі керек. Гаджетті тым ұзақ қолдану қимылды үйлестіруде мәселе туғызады. Осыған қоса ұсақ моторикасы да дамымайды – балаға құрастырмақтармен, мозаикамен ойнаған пайдалы, экран бетінде саусағын құр қимылдатқаннан дамуына қажетті сенсорлы қабілеті дамымай қалады. Гаджетті ұзақ қолдану көру қабілетін бұзады, соның ішінде алыстан көру қабілеті нашарлайды. Омыртқа жотасында, қан айналымында, мәселелер туады, бір бағытта қозғалмай жатқандықтан немесе аз қозғалыстан ас қорыту жүйесі бұзылады. Баланың тіл дамуын кешеуілдетеді», деп білдіріпті.

Дәрігердің сөзіне қарағанда, гад­жет­терді ұзақ қолдану балалардың сабақ үлгеріміне де әсер етеді. Өйткені бұл олардың назар аудару және есте сақтау қабілетін төмендетеді. Экрандағы шектеулі көлемде ақпаратты қабылдауға әдеттеніп алады, мәтінді тыңдау, сөздерді сөйлемдерге байланыстыру, әңгіменің мағынасын түсіну кезінде алдыңғы сөз тіркесін жадында сақтауда да қиындық туады. Мәтінді оқуға қатысты мәселелер де осыдан шығады. Баланың психикасына да әсер етеді, шығармашылық белсенділігін төмендетеді. Гаджеттерді ұзақ қолданатын балаларда өзге балалармен және ересектермен сөйлесу, араласу мүмкіндігі азаяды. Осыншама теріс әсеріне қарамастан, педиатр әрі профессор Л.Ералиева балаларды гаджеттер мен интернет қолдануды түбегейлі шектеуге болмайтынын айтады. Оның ойынша, гаджеттерді қолдану арқылы баланың таным қабілеті дамиды, жаңаша білім алады. Ұзақ жолға шыққанда мультфильм, ойын немесе қосымшалар баланы іш пысудан құтқарып қалатын көмегі тағы бар.

Дәрігер айтқандай, гаджеттер мен интернет қолдануды түбегейлі шектеуге болмайтыны рас. Өйткені бұл балаларға жаңа білім алатын құрал екені белгілі. Сауал­намамызға қатысқан, бірақ аты-жөнін жарияламауды қалаған ата-ана бала­ла­рының телефонда негізінен футбол, сосын әлем қалалары, ең биік ғимараттар, жер-су, көліктер туралы көретінін жеткізді. Бала­­ларының мұндай маңызды және пайдалы, танымдық дүниелерді көруіне ата-ана­­сының: «Ата-ана бақылауы» функция­сын қосып қойғанмын. Телефон ұстауға ты­йым салмаймын, бірақ телефон қарау уа­қытын және қарайтын тақырыптарын шек­теймін», деген жауабының ықпалы бардай көрінді. Яғни түптеп келгенде, баланың тағ­дырына, өміріне, дамуына, болашағына жа­уапты болғандықтан, бәрі ата-ананың қол­дауы, бағыт­тауы, бақылауына, назар аударуына, жанашырлығына, дұрыс әре­ке­тіне байланысты, кей жағдайда тіпті тәуелді.