Спорт • 22 Сәуір, 2024

Азия чемпионаты аяқталды

18 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өткен аптада Шымкент қаласында жалауын көтерген жамбы атудан Азия чемпионаты аяқталды. Бұл жарысқа сары құрлықтың 14 мемлекетінен келген 60-қа жуық мерген «Мажар», «Азия», «Түрік» стильдері, халқымыз­дың дәстүрлі жауынгерлік өнері жамбы ату бойынша сынға түсіп, өзара мықтыларды анықтады.

Азия чемпионаты аяқталды

Суретті түсірген – Мақсат Шағырбай

Бір аптаға жалғасқан дүбірлі сайыс­тың алғашқы екі күні мергендер «Ма­жар» стилімен сайыс­ты. Бұл стильдің ерек­шелігі – бір-біріне іргесі жапсарлас диаметрі 90 см болатын үш нысана қатар қойылады. Бұларды атпен шауып келе жатып атады. Қанша оқ жұмсайсыз оған шектеу жоқ. Тек оқ жіберуге арналған 100 метрлік өлшемінен шықса болғаны. Ең бастысы, аттың шабысы мен мергеннің ептілігі үйлесім тапқаны ләзім.

Осылай екі тәулікке созылған бұл стильдің жеңімпазы, яғни бас мергені ре­тінде 76,81 ұпай еншілеген Сауда Арабия спортшысы Хашим Али әл-Тамими танылса, екінші және үшінші орындарды қазақстандақ қос сайысшы Батыр Бексауыт (70,59 ұпай, суретте) пен Айкөз Ералхан (67,68 ұпай) еншіледі.

Келесі сайыс түрі – «Азия» стилі.  Мұны халықаралық жарыстарда «Корей» стилі деп те айтады. Бұл күрделі сайыс түріне жатады. Арақашықтығы 30 метр болатын шаршы пішінді төрт бұрыш үш нысана қойылады. Оның біріншісінің бетін батысқа бұрып орналастырса, ортаңғы ны­сана тура қарап тұрады. Үшінші нысана әдет­тегідей бірінші нысанаға қарсы бетін шығысқа бұрып тұрады. Әрбір нысанада оқтың дарығанына қатысты ұпай бері­летін өлшемдері бар. Бұл стильдің бас мергені ретінде 78,15 ұпай жинаған сау­диялық сайыскер Хашим Али әл-Та­мими екінші дүркін жеңімпаз атанса, екінші-үшінші орынға қазақстандық спорт­шылар Нұрсұлтан Бірлікбаев (74,35 ұпай) пен Айкөз Ералхан (72,83 ұпай) ие болды.

Келесі жарыс «Түркі» стилінің ерек­шелігі – мергендер бір-біріне ұқсамайтын екі нысанаға кезек-кезек оқ жіберіп мық­тыны анықтайды. Әуелгі нысана «қиғаш ату» деп аталса, келесісі «қабақ ату» делінеді екен. Бұл екі нысана да – күл­лі түркі жұртына ортақ дүние. Мыса­лы, ерте­де мысырлық қыпшақ-мамлуктер «қи­ғаш атудан» сайыс өткізетіні туралы мысыр­лық қыпшақ оқымыстысы Тайбұқа ноян: «Қабақ ату, қиғаш ату тәсілдерін араб­тар білмейді, бұл – түркілердің өне­рі», деп жазыпты.

Бұл екеуі де – қазақ өнері. Біз бейғам жүргенде түрік ағайындар еншілеп алған. Бұған халқымыздың «Талайы құл мен Әйім қыз» атты ғашықтық дастанында айтылатын мына бір жыр шумағы дәлел:

Қағылды бағанаға алтын қабақ,

Айнала жиналған көп алды қамап.

Қондырып биік баған ортасына,

Басына алтын жамбы қойды қадап

Сүйтіп ел ат жаратып баптасады,

Жинап қымыз-сусынын тақтасады.

Мергендер «Алтын қабақ атамыз» деп,

Садақ майлап, мылтығын оқтасады...

Бұл сайыс қорытындысына тоқтал­сақ, бірінші орын 50,40 ұпай жинаған қазақстандық мерген Батыр Бексауытқа бұйырса, екінші орынға 47,03 ұпаймен тағы бір араб мергені Ракан әл Мубарак ие болды. Үшінші жүлде 41,19 ұпай енші­леген индонезиялық Арса Арросуадқа бұйыр­ды.

Жарыстың қорытынды кезеңінде өзіміз­дің «Жамбы ату» стилі сарапқа салынды. Бұл стильдің ерекшелегі – биіктігі жыл­қының бойына шақ келетін арасы 10 метр үш бағана орнатылып, оның басына үш түрлі (алтын, күміс, қола) жамбы-нысана ілініп қойылды. Осы стильдің тарихи көнелігі хақында танымал деректанушы – ғалым Қайрат Сәкидің еңбектерінде кездеседі. «Ертеде мысырлық қыпшақ сарбаздары биіктігі жылқының шоқтығымен қарайлас діңгек ағаштың ұшарына дөңге­лек темір шеңбер орнатып, сол шеңбер­ден шауып келе жатып садақ оғын немесе найза лақтырып сынасатын болған. Бұл шеңбер сайыскерлердің шеберлігіне қарай әртүрлі үлкен-кіші пішінде болады. Мерген нысаны көздеп тура ата­тын болған. Яғни бұлай ату үшін ны­санның биіктігі мен мергеннің ат үстіндегі отырысы бірдей биіктікте болуы шарт», деп жазады Қайрат Ұзақұлы.

Сонымен, халқымыздың «Жамбы» ату стилінен 67,22 ұпай жинаған тағы бір араб мергені Бабер Али әл-Тамими жеңіс тұғырынан көрінсе, келесі орындар моңғолиялық Отгон-Өлзий (59,01 ұпай) мен ресейлік Любовь Морокаға (55,38) бұйырды.

Бұл реткі чемпионаттың басты жаңа­лығы – жарыстың соңғы күні тек жеңімпаздар мен жүлдегерлер арасында аса қомақты жүлде тағайындалған «Тай­тұяқ» жамбыны атудан сайыс ұйым­дастырылды. Бұған жоғарыдағы төрт стиль бойынша жеңімпаз һәм жүлдегер атанған 9 мерген қатысты. Тоғыз метрлік биік бағана басына жылқының тоғыз қабат құйрық қылымен байланған тай­тұяққа ешкімнің жебесі дарымады. Яғни «Тайтұяқ» иесі анықталмады.

Жарыс соңында орын алған мергендер ақшалай сыйлық және дипломмен марапатталды. Чемпионатты қорытындылаған жамбы атудан Азия федерациясының прези­денті Еркебұлан Ілиясов: «Бұл – Азия фе­дерациясы ұйымдастырып отырған алғашқы іс-шара. Сондықтан мұқият дайындалдық. Қаржы аямадық. Барлық шығын үшін 60 млн теңге жұм­салса, осының 20 млн-ы тікелей эфир ұйымд­астыруға бағытталды. Нәтижесінде, әлемнің кез келген түкпірінде отырған адамның біздің ютуб арнамыз арқылы чемпионатты бастан-аяқ тамашалауына мүм­кіндік жасалды», деді.

 

Шымкент