Аймақтар • 24 Сәуір, 2024

Атырау облысына әскери күштер мен техникалар тартылады

160 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін Премьер-министр Олжас Бектенов Атырау облысына жұмыс сапарымен келді. Премьер-министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында Атырау облысында су басу қаупін азайту үшін қабылданып жатқан іс-шаралардың барысын тексерді, деп жазады Egemen.kz.

Атырау облысына әскери күштер мен техникалар тартылады

Ол алдымен Атырау қаласындағы су тасқынының болжамды екінші толқынына дайындық жұмыстарымен танысты. Қазір батыс өңірде Ресей Федерациясының Ириклин су қоймасынан судың келуіне байланысты, сондай-ақ Жайық өзеніне құйылар сағадағы ірі тасқын мен су деңгейінің көтерілуі салдарынан жағдай күрделі күйінде қалып отыр.

Батыс Қазақстан облысындағы ірі су тасқынынан кейін ағын су өзен арнасымен Атырау облысына қарай жылжып, Каспий теңізіне құяды. Соңғы тәулікте БҚО аумағынан келетін судың есебінен Атырау қаласында су деңгейі 6 см-ге көтерілді.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов Атырау облысына су тасқыны жағдайы тұрақтанған өңірлерден әскери қызметшілер мен техниканы жедел жеткізіп, күштерді арттыруды тапсырды.

Атырау облысында су тасқынының алдын алуға байланысты дайындық жұмыстарының 92 пайызы орындалған. Жұмысты тиімді жүргізу үшін қала 111 секторға бөлінген. Ұзындығы 482 шақырым қорғаныс бөгеті салынды. Бөгет салу аяқталған учаскелер техникалық қадағалау арқылы тексерілді. Бұл жұмыстарға ТЖМ, ІІМ, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұланның 6 мыңға жуық әскери қызметшісі, әкімдік қызметкерлері, 2 мыңға жуық техника жұмылдырылған. Өткен сенбіде жағалауды нығайту сенбілігіне 9 мыңға жуық ерікті қатысты.

Жайықтан Каспий теңізіне су өткізу қабілетін арттыру үшін өзен түбін тереңдету жүріп жатыр. Су жолын тазарту, тереңдету және кеңейту мақсатында арнайы техникалық флоттық кемелер, гидравликалық экскаваторлар тартылған.  

Өңірдегі суару-суландыру жүйесінде су тасқынына қарсы жұмыстар қолға алынған. Атырау облысындағы 15 каналдың 14-і Жайық өзені бойында орналасқан. Соколок, Нарын, Қараөзек, Бақсай каналымен тасқын судың өздігімен ағуына мүмкіндік бар. Осыған байланысты суды бұру үшін жер бедерін пайдалану мақсатында арналар тазартылып, каналдың жиегі бұзылады. Мысалы, NCOC компаниясы қолданыстағы құрылыстарды бөлшектеп, ұзындығы 24 км болатын Соколок қосымша айналма арнасын салу үшін жерді қазу жұмыстарын жүргііп жатыр. Жалпы алғанда, су бұру арналары тасқын суды секундына 139,9 текше метр көлемде ағызу мүмкіндігіне ие. Барлық су қабылдағышта сорғы стансаларының қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік атқарады.  

Дегенмен, Индер ауданында қауіпті аумаққа Жарсуат және Құрылыс елді мекендері кіреді. Бұл аумақта 10,5 шақырым бөгет орналасқан. Сондай-ақ су басу қаупі бар Индербор, Елтай, Есбол, Көктоғай, Бөдене, Өрлік және Ынтымақ ауылдарында бөгеттер көтеріліп жатыр. Жағалауды нығайту жұмыстары Индер, Махамбет, Исатай және Құрманғазы аудандарында жалғасты.

Ал Жылыой ауданында төтенше жағдай зардаптарын жою, электр және газбен жабдықтауды қалпына келтіру жалғасып жатыр. Қазір 201 үйде газ беру қалпына келтірілді, 41 үйде дезинфекциялық жұмыстар аяқталды. Зардап шеккен тұрғындарға баспананы уақытша жалға алу үшін және басқа мақсат үшін 100 АЕК мөлшерінде қаржылық көмек көрсетіліп, 3 271 отбасы төлем алды. Залалды бағалау және өтеу жөніндегі комиссия жұмысын жалғастырып жатыр.