Пікір • 26 Сәуір, 2024

Ұлттың жасампаз күші

43 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының жыл сайынғы сессиясы өтіп, еліміздің қазіргі жағдайда дамуының маңызды мәселелері талқыланды.

Ұлттың жасампаз күші

Фото: Ашық дереккөз

Мемлекет басшысы өз сөзінде еліміз үшін бүгінгідей жауапты кезеңде ұлттың бірлігі мен ынтымағын нығайту аса маңызды екенін атап өтті.

Президентіміз ҚХА өкілдеріне Қазақстанның бірқатар өңірінде болған алапат су тасқынының салдарын жоюға белсенді қатысқаны үшін алғыс білдірді. Қазіргі таңда Ассамблеяның мыңдаған еріктілері төтенше жағдайдың зардабын жою жұмыстарына қатысып жатыр.

Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, тасқыннан зардап шеккендердің бәріне мемлекет тарапынан тиісті көмек пен қолдау көрсетіледі. Ешкім назардан тыс қалмайды. Бизнес өкілдері де белсенді көмек көрсетіп жатқанын атап өткен жөн.

Сессия барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының этносаралық келісімді нығайтуда, қоғамда толернаттылық, бейбітшілік және татулық құндылықтарын дәріптеуде ерекше рөл атқаратыны айтылды.

Бұл тиімді әрі халыққа бағдарланған экономика мен демократиялық саяси жүйе құруға арналған ауқымды экономикалық, әлеуметтік және саяси реформалар жүзеге асырылып жатқан қазіргі кезеңде өте өзекті.

Бүгінде еліміз ондаған жылдар бойы түрлі салада қордаланып қалған көптеген проблеманы шешіп жатқаны белгілі. Бұл ретте қоғамдағы татулық, тұрақтылық және өзара түсіністік көздеген мақсаттарға қол жеткізудің негізгі шарттары екені анық.

Бұл әсіресе, бүгінгідей күрделі геосаяси ахуал кезінде айрықша маңызды болып отыр. Қазір кейбір елдер арасында жанжал мен қақтығыстардың ушыға түскенін көріп отырмыз. Мұны белгілі бір күштер өздерінің радикалды идеологиясын насихаттап, ксенофобияны қоздыру үшін пайдаланады. Осындай жағдайда Қазақстан өзара түсіністікке, диалогқа және кез келген сипаттағы радикализм мен экстремизмге мүлдем төзбеушілікке бағытталған күн тәртібін дәйекті түрде дәріптеп келеді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы ауқымды реформаларды іске асыруда жастар айрықша рөл атқаратынын айтты.

Еркін, креативті, жаңа идеяларға ашық, еңбекқор, толерантты азаматтар арқылы ғана ұлттың жасампаз әлеуеті жүзеге асады.

Сондықтан өскелең ұрпақтың бойына дұрыс құндылықтарды сіңіру, оларды мемлекеттік тілге және халқымыздың тарихы мен дәстүріне құрметпен қарауға тәрбиелеу аса маңызды. Бұл ретте жас буын тарихқа қатысты өкпе-реніштерден, догматизмнен және ескірген мәдени стереотиптерден ада болуы керек.

Осындай жаңа буынды тәрбиелеуде Қазақстан халқы Ассамблеясының атқаратын рөлі зор.

Президентіміз нашақорлықтың, құмар ойындардың, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен вандализмнің зияны мен салдарына тағы бір мәрте тоқталды. Қазіргі таңда бұл кеселдерге қарсы тұру үшін ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Осы бағытта мемлекет пен барлық қоғамдық институттар, әсіресе, Қазақстан халқы Ассамблеясы жұдырықтай жұмылуы қажет.

Сессия барысында Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының гуманитарлық әлеуетін дамыту жөнінде жаңа міндеттер жүктеді. Келесі 2025 жылы Ассамблеяның құрылғанына 30 жыл толады. Бұл атаулы дата маңызды әлеуметтік жобалар мен бастамаларды іске асыруға тың серпін беретіні анық.

Қазіргі таңда Парламент Сенатының депутаттары Президентіміз белгілеп берген міндеттерді іске асыруға белсенді атсалысып келеді. Барлық заң елдегі тыныштық пен келісімді қамтамасыз ету тұрғысынан жан-жақты сарапталады. Ассамблеядан сайланған депутаттар басқа әріптестерімен бірге Қазақстанда тұратын барлық этностардың мәдени-гуманитарлық мүдделерін ескере отырып, жұмыс істейді.

Сенат алдағы уақытта да Мемлекет басшысының еліміздегі бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етуге арналған саясатын белсенді түрде қолдап, әділетті, демократиялық және тұрақты Қазақстан құруға арналған кешенді реформаларды іске асыру үшін құқықтық негіз қалыптастыруды жалғастыра береді.

 

Мәулен ӘШІМБАЕВ,

ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024