Пікір • 26 Сәуір, 2024

Тіл мәртебесі – ел мерейі

47 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан халқы Ассамблеясының халықтық институт ретіндегі бірден-бір көрінісі ретінде «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты XXXIII сессиясының онлайн форматта өтуін айтуға болады. Бұл – ҚХА белсенділері мен волонтерлерінің жергілікті жұмысын тоқтатпауға және маңызды саяси іс-шараны іскерлік және жұмыс режімінде өткізуге мүмкіндік берді.

Тіл мәртебесі – ел мерейі

Алқалы жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің мызғымас бірлігі, халқымыздың ынтымағы мен жоғары азаматтық жауапкершілігі осы қиын күндерде айқын көрінгенін атап өтті. Расымен де, дәл осы қиын-қыстау тұста Абай атамыз айтқандай, «Адамзаттың бәрін сүй» деп меңзеген бауырмалдық ұғымы, қазақтың бағзыдан келе жатқан ерекше қасиеті. Елдегі төтенше жағдай сол бауырмалдықты ерекше көрсеткен кезең болды.

Өңір-өңірлерге қаншама тілшілер барып, нақты, ресми ақпараттар таратып жатыр. Біз ерікті болып, сол аймақтарға табанымыз тимесе де, басты миссиямыз – ресми ақпарат тарату.

Әрине, халыққа оңай болып отырған жоқ. Олардың реніші орынды. Бір жағынан, мына күрделі кезеңде қай салада олқылықтар барын, қай саланы әлі де ілгерілету керек екенін айқындадық. Мұны Президент те қадап айтты. Мәселен, республика бойынша гидрология саласында мамандар тапшы. Мамандар сабақтастығы деген үзіліп бара жатқандығын, осы саланың зейнеттегі аға буын өкілдері де айтып жатыр. Қысқасы, сала мамандарын әзірлеу, гидрологиялық қызметті жандандыру, бөгеттерді салу мәселелері құрғақ сөз ретінде қалмай, өз нәтижесін беретініне сенім мол.

Сессияда мемлекеттік тіл мәртебесі де тысқары қалмады. Себебі қоғамда қазақшаға шорқақтау келетін отандастарымыз әлі де баршылық. Десе де тенденция бойынша, әсіресе өзге этнос өкілдері арасында қазақ тіліне қызығатындар, өз бетінше оқып, меңгеріп жатқандар көп. Оған Ұлттық арнаның «Шаңырақ» бағдарламасы барысында көз жеткіздім. Үш маусымда 60 шақты бағдарлама түсірілді. Мұны республиканың әр азаматы теледидарға телміре отырып көрмесе де, әлеуметтік желілер арқылы бақылайды. Әсіресе YouTube платформасында қаралымы жетіп артылады. Жобаның басты миссиясы – этнос өкілдерін көрсетіп, мемлекеттік идеологияны, отбасылық құндылықтарды дәріптеу.

Қазір этнос өкілдері, әсіресе жастар арасында мемлекеттік тілді өз бетінше үйреніп, құрғақ сөз ретінде емес, жүрек сүзгісінен өткізіп, қазақ халқына алғысын білдіріп жүрген азаматтар жетерлік. Қазақ мәдениетіне, салт-дәстүріне сіңген этнос өкілдері өте көп. Біздің мақсатымыз – татулықты ту ететін жандарды көрерменге, әр отандасымызға көрсету.

 

Алла ГАВРИНА,

«Қазақстан» РТРК АҚ «Таңшолпан» бағдарламасының жүргізушісі