Аймақтар • 01 Мамыр, 2024

«Үлестің» үлгілі ісі

54 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ассамблея десе ілгеріде түрлі мерекелік іс-шараларда ұлт­тық киіммен билеп немесе ән шырқап жүрген этномәдени бірлес­тіктердің өнерпаздары еске бірінші түсетіні жасырын емес. Мерекелерде әр этнос салт-дәстүрін таныстырып, тағамын ұсынатыны да – көз үйренген көрініс. Мұның бәрі, әрине ізгі ниетпен ұлтаралық және конфессияаралық татулық пен бірлікті нығайту мақсатында жасалатын әрекеттер екені аян. Десек те, бірлестіктер мерекелерде ғана емес, барлық қоғамдық ұйым секілді еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына да әр салада күнделікті өз үлесін қосып келеді.

«Үлестің» үлгілі ісі

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Түркістан облысында 11 этномәдени бірлестік және олардың аудандар мен қалалар­да филиалдары мен өкілдіктері жұмыс істейді. Сондай-ақ 10 жас­тар қанаты, жексенбілік мектептер және ақсақалдар, аналар, медиация кеңестері бар. Этномәдени бірлестіктер өңірдің қоғамдық жұмыстары мен қайырымдылық іс-шараларында да белсенділік танытып жүр. Бір-екі ғана мысал келтірелік, жуырда еліміздің су басқан аймақтарына алаңдаушылық білдірген ҚХА Ақсақалдар кеңесі зейнетақыларынан жинақтап, бас-аяғы 570 мың теңге аударды. Ал Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жүректен – жүрекке» акциясы аясында облыстық өзбек және түрік этномәдени бірлестіктері бірлесе отырып, 5 жүк көлігіне тиелген гуманитарлық көмекті су басқан аймақтарға жөнелткен. Жалпы, Түркістан облысы ҚХА жанындағы құрылымдар мен этномәдени бірлестіктердің ұйымдастыруымен су басқан өңірлерге 88 млн теңгеден астам қаржының гуманитарлық көмегі жіберілді. Бұл – ел болып жасалып жатқан игі іске көптің бірі болып атсалысу. Осы орайда жылдар бойы қайырымдылық істерге мұрындық болып, ел алғысына бөленіп жүрген жандар да аз емес.

Түркістан қаласының тұрғыны, ұлағатты ұстаз, қалалық этномәдени бірлестіктің төрағасы Райымжан Қошқаров жұртшылыққа «Үлес» қоғамдық қоры арқылы жасаған қайырымды істерімен де жақсы таныс. Ол басқарып отырған қор бірнеше жылдан бері үй салып, баспанаға мұқтаж отбасыға тегін беріп келеді. Осылайша, «Үлес» қоры қырық үйді табыс еткен. Халыққа қажет игілікті істі атқарып келе жатқанына 14 жылдай болған қор ең алғашқы үйді үш жыл салған. Одан кейін жылда бір үйді пайдалануға бере бастады. Бертін келе бір жылда бес үй салып тапсырған жағдайға жеткен.

«Жанымызда қайырымды жігіттер қатары көбейді. Бізге әркім өз еркімен келеді. Бағалай білсек, жақсы адамдар көп. Жайдан жай, себепсіз ештеңе болмайды. Белгілі бір отбасына үй салып беретін кезде бәрі жан-жақты тексеріледі. Расында да ол отбасы мұқтаж ба? Негізінен, тұрмысы нашар, шиеттей бала-шағамен жесір қалған, ауылда тұратын мұқтаждарды баспаналы еттік. Түрлі тағдыр. Қырық үйдің кілтін тағдыры бір-біріне ұқсамайтын қырық жанға бердік. Мысалы, бірінші үйді салуға мынадай оқиға себеп болды. Бір үйде қонақта отырсақ, әке-шешесі қайтыс болған үш бала туралы сөз болды. Бір бөлмелі үйде тұрады екен. Осы жетімдердің жағдайы қатты ойландырды. Содан достарыма айтып, құрылысқа қажетті тас, цемент түсірдік. Көптеп, көмектесіп, асарлатып бірінші жылы іргетасын құйдық. Екінші жылы қабырғасын көтердік. Үшінші жылы төбесін жауып бердік. Сөйтіп жүргенде әлгі үшеудің үлкені үйленетін болды. Оны үйлендіріп, үйдің кілтін тапсырғанбыз. Қазір үш-төрт бала-шағасы бар, өсіп-өніп отыр. Жалпы, біз үй салуды әдейі жоспар­лаған жоқ едік. Жағдай өзі осылай бас­талып, жалғасып кетті», дейді Р.Қошқаров.

Бүгінге дейін салынған қырық үйдің жиырма шақтысы баспанаға мұқтаж жандардың жер телімінде бой көтерген. Мысалы, Түркістанда бір үйде үш бірдей мүгедек жан тұрады. Жаңбырдан қабырғалары мүжіліп, құлайын деп тұрған үйді бұзып, «Үлес» қоры қайта салып берген. Қордың қайырымды істерін естіп, көмек сұрап келетіндер де аз емес.

Райымжан Абдусаттарұлы мектепте тарих пәнінен сабақ береді. «Үлес» қайырымдылық қорындағы жұмысына қосымша Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы қалалық өзбек этно-мәдени бірлестігінің төрағасы ретінде Түркістан, Кентау, Созақ өңірлерінде ел бірлігі мен татулығын сақтау жолында аянбай еңбек етіп жүр. Осындай еселі еңбектері еленіп, алдыңғы жылы Астанада «Жомарт жан» төсбелгісімен марапатталса, Алматы қаласында өткен меценаттар форумында «Алтын жүрек» номинациясының жүлдегері атанды. Педагогика саласының үздік қызметкері. Одан басқа да республикалық, облыстық, қалалық деңгейдегі марапаттардың иесі. Жан жары Мақсуда Юсубалықызы да ұстаздық жолында. Екеуі бес перзенттің ата-анасы, он немеренің ата-әжесі.

«Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деген халық даналығы. Сауабы мол осы қайырымдылықтың бәрі менің достарымның, шәкірттерімнің, жалпы атсалысып отырған көпшіліктің ынтымағының нәтижесі», дейді Райымжан Абдусаттарұлы.

Қоғамдық ұйым баспана салып, ауқымды жұмысты қалайша жүзеге асырып отыр деген сұрақтың туындауы заңды. Баспана салуға қажет қаржы қалай жинақталады? Бүгінде «Үлес» қайырымдылық қорының үш жүзге жуық мүшесі бар. Олардың басым бөлігі – он саусағынан өнер тамған ұсталар мен шеберлер, құрылысшылар, баспана салуға машықтанған мамандар. Яғни қайырымды жандар тікелей жұмысынан тыс уақытта салынып жатқан құрылысқа келіп қолұшын береді. Құрылыс материалдары да кейде қордың өзінен, кейде қайырымдылық акциялардың, демеушілердің есебінен жинақталады. Ынтымақ, бірліктің нәтижесінде имандылық ұйыған Түркістан қаласында көпке үлгі боларлық осындай игі істер атқарылып келеді.

 

Түркістан облысы