Қоғам • 03 Мамыр, 2024

Ақын Серікзат Дүйсенғазының ұлының өліміне қатысты соттаулышыға үкім шықты

138 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Танымал айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазы шаңғы базасында қайтыс болған ұлына қатысты сот процесі қалай аяқталғанын баяндап, әлеуметтік желіде жазба жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақын Серікзат Дүйсенғазының ұлының өліміне қатысты соттаулышыға үкім шықты

фото: realkz.com

Ақынның жазуынша, Ақмола облысы, Зеренді аудандық сотының судьясы Аида Кәрімова төрағалық еткен сот процесі жәбірленуші тараптың талабын оң нәтижеге шешті.

«Елікті парктің» иесі сотталған жоқ. Оның жиені сотталды. Себебі, сол уақытта оның бизнесі уақытша сол жиенінің атына жазылған екен. Сот Әлихан сырғанаған күні де, одан бір апта кейін зардап шеккен Динара Муксулова мен Бірімжановалар сырғанаған уақытта да ешқандай қауіпсіздік ережелері сақталмағанын дәлелдеп, сотталушыға қауіпсіздігі ең төмен колонияға төрт жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды», деп жазды С.Дүйсенғазы. 

Ақынның айтуынша, оқиға болған күні сотталушы тарап зардап шеккен ұлын ұйымдасқан түрде бір жарым сағат бойы тауда тығып ұстаған. Бірақ жәбірленуші тарап бұны сотта дәлелдей алмаған.

«Біз олардың ұйымдасқан түрде баламызды тауда бір жарым сағат тығып тастағанын дәлелдей алмадық. Себебі, тауда баламның жатқанын көрген куәгерлердің сөздері әртүрлі шықты. Көбі бір-бірін танитын адамдар ғой. Камера болмаған соң дәлелдеу қиын екен. Оның үстіне сотталушы тараптың жалдап алған екі адвокаты да әккі, заң саласынан білімдері терең жігіттер екен. Еш дәлелдері жоқ болса да әр сотта «бүйректен сирақ шығарып-ақ» бақты. Сот моральдық шығынымызды ішінара қанағаттандырғанымен, материалдық шығынымызды қанағаттандырмады. Оның барлығына чек керек екен. Өзіміз азан-қазан болып жатқанда кім чек жинап жүреді? Адам өлімінің өзі дәлел емес пе? Біздің заңдарымыздың да қызық жері көп екеніне көз жетті. Енді он бес күннің ішінде екі тарапқа да аппеляциялық сотқа беруге мүмкіндік бар», деп жазды ақын.

Айтыскердің айтуынша, талай бала осы шаңғы базасында қайтыс болса да, істі жылы жауып қоя берген, тек ұлының ісі ғана сотқа жеткен.  

«Дәл менің Әлиханым сияқты талай бала осындай шаңғы базаларында қайтыс болған. Сот біткенше барлығының аманаты мойнымда жүргендей күй кештім. Солардың арасында Әлиханның ісі ғана сотқа дейін жетті. Оған бізді қолдаған қалың қазағымның үлесі бар деп ойлаймын», деді айтыскер. 

Еске салайық, 2023 жылдың 2 қаңтарында Көкшетау маңындағы «Елікті парк» тау-шаңғы базасында ақын Серікзат Дүйсенғазының 16 жастағы ұлы Әлихан ағашқа соғылып, көз жұмған еді. Ағаштың түбінде жатқан жасөспірімді сырғанап жүрген демалушылар байқап, хабар жеткізген еді.