Қазақстан • 04 Мамыр, 2024

Жайық-Көшім суару жүйесіне 400 млн текше метр су жіберілді

79 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Су ресурстары және ирригация министрлігі Батыс Қазақстан облысындағы ірі суару-суландыру жүйесіне 400 млн текше метр тасқын суын жіберді, деп хабарлайды Egemen.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жайық-Көшім суару жүйесіне 400 млн текше метр су жіберілді

Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Жақын арада Жайық-Көшім суару жүйесіне тағы 200 млн текше метр су жіберу жоспарланып отыр. Бұл 65 мың гектардан астам шабындық жері мен жазғы жайылымдарды сумен қамтамасыз етуге, сондай-ақ жүйе бойында орналасқан су қоймаларын толтыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ соңғы жылдары кеуіп қалған Батыс Қазақстан облысының Еділсор, Жалтыркөл, Бірқазан, Соркөл, Салтанат және басқа да су айдындарына су жіберу жұмысы жүріп жатыр.

«Алдағы міндет - ауылшаруашылығы мен өнеркәсіпте одан әрі пайдалану үшін тасқын суын су қоймаларына жинау. Көптеген аймақтардағы ірі су қоймалары 100% толы, бірақ бұл толып кету және су басу қаупі бар дегенді білдірмейді. Нормадан асатын су қауіпсіз көлемде өзендер мен каналдарға жіберіліп, ауылшаруашылығы мен өнеркәсіпте пайдаланылады», деп түсіндірді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.