Мектеп • 09 Мамыр, 2024

Елордалық мектеп батыр есімін иеленді

47 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Отан қорғаушы күні мен Жеңіс мерекесіне орай Астанадағы №44 орта мектепке Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев есімін беруіне орай, салтанаты іс-шара өтіп, ескерткіш тақта орнатылды. Сонымен қатар осында батырдың атындағы алғашқы әскери патриоттық каби­­нет ашылды.

Елордалық мектеп батыр есімін иеленді

Күллі әлем көз тіккен адамзат тари­хын­дағы алапат соғыстың нүктесін қойған қазақтың батыр ұлы Рақымжан Қошқарбаев еді. Оның ерлігі туралы алғаш жазушы Кәкім­жан Қазыбаев жазды. Рейхстагта Жеңіс туын желбіреткен Рақымжан Қошқарбаевқа Бауыржан Момышұлының ұйытқы болуымен Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы ұсыныс Орталық комитетке, Мәскеуге дейін сұрау салынады. Кейбір деректерге қарағанда, 1945 жылғы 5 мамырда Рақымжан Қошқарбаевқа Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы ұсыныс қоз­­ғал­ғанымен, оған Мәскеу ықылас біл­дір­меді. Зерттеушілердің айтуынша, оның бір себебін Рақымжанның әкесі Қош­қарбайдың 1937 жылы қуғынға ұшы­рап, «халық жауы» атануымен байла­ныстырады. Сөйтіп, бұл іске Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы Жұмабек Тәшенов араласып, Рақымжанның кезінде батырлыққа ұсынылған мұрағат құжаттарын көтер­тіп, маршал И.Коневқа жеткізеді. Бірақ оның соңы дауға ұласып, төрелік айтады деген К.Ворошилов табандылық көрсете алмаған. Осылайша, батыр Баукеңнің мұрындық болуымен, Кәкім­жан Қазыбаевтың араласуымен басталған «май­данға» сол кездегі еліміздің басшысы Д.Қонаевтан бастап басқа да қайраткерлер мен қаламгерлер үн қосады. Жампоз журналист Жанболат Аупбаев үздіксіз мақа­лалар жариялап, қамал алған қаһар­­­­манның ерлігін қайта жаңғыртып отыр­ды. Ақырында еліміз тәуелсіздік алған­нан кейін барып, 1999 жылы 7 мамырда Рақымжан Қошқарбаевқа «Халық қаһарманы» атағы берілді.

– Содан бері Рақымжан Қошқар­баев­тың аты қайта жаңғырып, халқымыздың мақтанышына айналды. Елімізде ба­тырдың есімі ерекше аталып келеді. Соның бір куәсі – мектебімізге батыр есімінің берілуі. Бұл – мектеп үшін үлкен мереке. Білім ордасына батырдың есімімен аталғанын мақтан тұтамыз. Мектебіміздің бүгінгі миссиясы – ұлттық құндылықтар негізінде оқушыларға патриоттық тәрбие беру, – деді мектеп директоры Ләззат Мұханбетқызы.

Жиынға Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы Тілеухан Басқожаев, Алматы ауданы әкімінің орынбасары Нұрмат Әбдраимов, Алматы ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Мұстафин, Астана қалалық Ардагерлер кеңесі мен Қоғамдық кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов, «Намыс-Ардагер» қоғамдық қорының төрағасы Төлеген Төрегелдин, ардагерлер кеңесінің мүшелері Болат Темірбаев, Кендай Ахметов, Орталық ардагерлер кеңесінің бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбайұлы, Мектеп қамқоршылық кеңесінің төрайымы Майра Әлімханқызы, Ауған соғысы ардагерлері және жергілікті жауынгерлер одағы кеңесі төрағасының міндетін атқарушы Серік Оспанов, Ауған соғысы ардагерлері және жергілікті жа­уынгерлер одағы кеңесі төрағасының орынбасары Қанат Омаров қатысты.

Салтанатты жиында көк ту көкке көтеріліп, әскерлер мен мектеп оқушы­лары әуелете әнұранды шырқады. Игі істің беташар сөзін сөйлеген Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы, полковник Тілеухан Басқожаев биыл Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов пен Рейхстагқа ту тіккен батыр, Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығы екенін жеткізді.

– Іс-шараның бәрі Үкімет бекіткен кешенді жоспар шеңберінде өткізіледі. Оның бәрі Отан қорғаушылардың бүгінгі және болашақ ұрпағы үшін үлгі болып саналатын қазақтың батыр ұлының есімін мәңгілікке қалдыруға арналған. Даңқты батырдың есімін алу құрметті әрі жауапкершілігі жоғары, – деді ол.

Келешек ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеп, Отанға деген сүйіспеншілікті, ерлік пен өрлік қасиетті сіңіруде мектептің батыр есімімен аталуының маңызы зор. Осы орайда №44 орта мектебінің мұғалімі, Ауған соғысының ардагері Бақытбек Терсебаевтың мектепке Рақымжан Қошқар­­баевтың есімінің берілуіне зор үлес қосыпты. Ол батыр туралы тарихи естеліктер мен мұраларды жинақтап, батырға арналған кабинеттің ашылуына еңбек сіңірген көрінеді.

– Мектебімізге Рақымжан Қош­қар­­баевтың есімінің берілгеніне қат­ты қуан­дық. Халқымыздың ел қор­ғаған ер­лері мен батыр ұлдарының қаһар­ман­дығы бала­ла­рымызға, ұрпағымызға мұра болып, мәңгі жасай берсін. Өскелең ұр­пақ­тың бо­йында белсенді азаматтық ұста­нымды қа­лыптастыру, отансүйгіштік ру­хында тәр­биелеу мақсатында мекте­бі­міз­дің оқу­шы­лары қалалық, мектепішілік сап­тық жат­тығулар мен ән бай­қау­ларына қа­ты­сып, жүлделі орындарға ие болды, – деді Б.Терсебаев.

Ал Астана қаласы Білім нысандарының тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету және абаттандыру бөлімінің басшысы Мәдина Сүлейменова жиналған көпшілікті мерекемен құттықтап, Рақымжан Қош­қарбаевтың өмірі мен ерлігі туралы айтып берді. Мерекелік іс-шарада ақ ті­лектер ақта­рылып, құттықтаулар толастаған жоқ. Ал ба­тыр­дың туыстары да игі іске алғыс білдірді.

– Мен – Рақымжан ағатайымның немере қарындасымын. Ол кісінің қарындасы қолымда тұрады. Бүгінгі өтіп жатқан іс-шараға өте қуаныштымын. №44 мектеп ағамның атына беріліп жатыр. Жас ұрпақ ешқашан соғыс көрмесін! – деді Маржан Нұрмағанбетова.

Бірі біліп, бірі білмес, батырдың тегі Мусин болған екен. Бірақ оның атасына «халық жауы» жаласы жабылған соң, әулет болып тегін өзгертуге мәжбүр болған. Рақымжан Қошқарбаев туралы осындай аз-кем естеліктерді жиында туыстары айтып берді. Іс-шара соңында құрмет қарауыл ротасы қару-жарақпен дефиле көрсетсе, оқушылар «Батырдың ерлігі – ел есінде» атты Рақымжан Қошқарбаевтың өмірінен көріністер қойды.