Білім • 09 Мамыр, 2024

Білім айдынындағы «Jarqyn» желкені

82 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Таяуда Астанадағы «Jarqyn» смарт мектебінің 3 жылдық белесі Отан қорғаушы күніне орайластырылып, «Ерлік – ерге мұра, ұрпаққа ұран» атты тақырыппен өтті. Іс-шара екі бөлімнен тұрды: біріншісі – оқушылардың инновациялық көрмесі, екіншісі – танымдық мәдени іс-шара.

Білім айдынындағы «Jarqyn» желкені

Инновациялық көрме­де «Jarqyn» смарт мек­тебі оқушы­ларының химия, биология, экология, ақпа­раттану, қазақ тілі, тарих, гео­гра­фия, сурет, ағылшын тілі т.б. пәндерден жазған ғылы­ми жо­­балары қойылыпты. Осы­ның ішінде Есіл суын тазалау, киіктерді сақтау мен лайықты кө­бейту, елорда көшелерінің тарихы, Алаш тұлғалары бейнесін жіппен өріп салу т.б. тың жобалар іс-шараға қатысушы қауымды айрықша қызықтырды. Ең бастысы, осы еңбектердің авторлары өз ұсыныстарын жүйелі, тартымды жеткізе алды.

«Jarqyn» смарт мектебінің директоры Дәурен Маханов: «Қазір мектептен мектептің айырмасы – бәсекеге қабілетті оқушыны даярлап, түлетіп ұшыруда. Біз – әрқашан ізденетін, әрбір оқу­шының тамыр соғысын түсінетін ұжымбыз. Білім, отаншылдық тәрбие, заманауи технологияның меңгерту үйлессе, алмайтын асуы­мыз жоқ. Мектептің ата-анамен тығыз байланыста жұмыс істеуінің мысалы – осы іс-шара. Әр бала – біздің жарқынымыз» деп, ұжымның алға қойған мақсат-міндетін қысқаша айтып берді. Мектеп қамқоршыларының төр­ағасы Нұрлан Әлжанқұлов: «Баласын ойлаған мемлекет, қоғам – болашаққа қам жейді деген сөз. Біз «Jarqyn» смарт мектебін құрамыз, ашамыз дегенде, осы идеямызға сенген азаматтар, міне, әлі де жанымызда. Президентіміз Ұлттық құрылтайда жас ұрпақ тәрбиесіне, біліміне, тіпті қандай кітап оқитынына дейін назар ауда­руды қатаң тапсырды. «Jarqyn» – жас педагогтердің әрі ізденіс, әрі тәжірибе алаңы. Олар әр оқушының қай салаға бейімін ерте аңғарып, соны дамытуға күш-жігер жұмсап отыр. Смарт – ақыл­ды деген сөз. Бұл ақыл ғылыммен, сондай-ақ спортпен, өнегелі тәр­биемен артады. Ата-аналарға да ерекше ризашылығымды жет­кіземін!», деді.

Танымдық мәдени іс-шарада елорданың бірнеше мекте­бін басқарған еңбек арда­гері, мәс­лихаттың экс-депутаты З.Жү­сіпова, техника ғы­лым­дарының док­торы, профессор Ә.Бәйдібеков, филология ғылымдарының докторы, профессор Д.Мықтыбек, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Қ.Мақанов, мек­тептің ата-аналар кеңесінің төрағасы Б.Шойбеков сөз алып, Астанадағы бағыты ерекше мектепке сәт-сапар тіледі. Педагог Зәуре Ғинаятқызы: «Jarqyn» мек­тебінің аяқ алысы бәрімізді қуантып отыр. Үш жыл аз да, көп те емес. Ең бастысы, нәтиже бар. А.Байтұрсынұлы «Балаға көп үйретем деп асықпай, аз да болса анық, нақты үйрету абзал» деген. Ұжым шағын болса, барлық пәнді үйрету, баланы жақсы тәрбиелеу айқын жүзеге асады. «Jarqyn» осыны көрсетіп отыр», деді.

Осынау іс-шараны оқушылар­дың өзі жүргізіп отырды. Сондай өнерпаз ұл-қыздардың музыкалық тартуы, домбыра оркестрінің күй шашуы, түрлі спорттық өнер үл­гілері «Jarqyn» смарт мектебінің жан-жақты екенін көрсетті.

лл

лл

 

Бақытжан АЙДАРХАНҰЛЫ