Ұлттық спорт • 09 Мамыр, 2024

Ұлттық спорт туралы заң қажет

68 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұлттық спорттың өрісін ұл­ғайтып, дамуына серпін беру заң жүзінде жүзеге асырылып, ар­найы кодекспен қорғалғанда ғана іс ілгері басады. Келешекте заң қа­былданса, төл өнеріміздің өр­кендеуіне мүмкіндік ұлғаяды деп үміт еткен топ бас қосты.

Ұлттық спорт туралы заң қажет

Қоңыр күзде Астана қа­ла­сында өтетін V Дүние­жүзілік көшпелілер ойын­дарына дайындық жан-жақты пы­сық­талып жатыр. Сондай іс-ша­ра­ның бірі Алматыдағы Қазақ ұлттық аграр­лық зерттеу университетінде өтіп, «Қазақстандағы ат спорты мен ұлттық жылқы шаруашылығының қазіргі жағ­дайы мен даму перспективалары» дөң­гелек үстел үстінде талқыланды.

Жиынға Ұлттық Ғылым академия­сының президенті, Қазақ ұлттық аграр­лық зерттеу университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай, сондай-ақ Туризм және спорт министрлігінің, Ауыл шаруашылығы министрлігінің, ғылыми қоғамдастықтың, спорт клубтарының, Ұлттық спорт қа­уым­дастығының өкілдері және оның құрамына кіретін федерациялардың басшылары мен атбегілері қатысты.

Елімізде спорттық жылқы шаруа­шылығын дамыту, ат спорты мен ұлттық спорт түрлерінен мамандар даярлау мәселелері талқыланып, дөңгелек үс­телге жиналған қауым өз ойын ортаға салды. Ұлттық спорт қауымдастығының пр­е­зиденті И.Салжанов бірнеше фе­дерацияға бөлініп, жұмысын өрбітіп отырған ұлттық спорт түрлерін реттеу мәселелеріне жеке-жеке тоқталып, ауқымды шаруа атқарылуға тиіс екенін баса айтты. Қазақстанда осыған дейін бұл саланы реттейтін бірде-бір заң қабылданбағандықтан да шаруаның жүйелі жүргізілуіне қолбайлау болатынын жеткізді.

«2022 жылы Ұлттық спорт қауым­дастығын басқару маған жүктелді. Екі жылдан бері еңсеріп келе жатқан негізгі ша­руамыздың бірі – осы ұлттық спорт туралы заң жобасын әзірлеу. Соның негізінде Парламент Мәжілісінің депутат­тарымен бірлесіп әзірленетін заңда этноспортты дамытудың аспектілері қамтылады», деді И.Салжанов.

Мемлекет басшысының тапсыр­масы бойынша Ұлттық спортты дамы­тудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасын әзірлеу де осы ұйымға жүктеліп отыр. Елімізде ұлттық спорт түрлерін дамыту мәселе­лері және оларды шешу жолдары жан-жақты қамтылып, іске асырылатын жос­пары мен нысаналы индикаторлары ұсынылады.

Дөңгелек үстелге жиналғандар Қазақ­стандағы жылқы зауыттарының қазіргі жай-күйін, ондағы ат спорты индус­трия­сын дамытудың халық­аралық талапқа сай келмейтінін, инфрақұрылымды алдымен қолға алу қажеттігін ескертті. Сонымен қа­тар ұлттық ойындарға бейімделген жыл­­қылардың санын көбейтпейінше, теңге ілу, көкпар, бәйге, аударыспақ, жамбы ату сынды ат үстінде өтетін бекзада өнерді дамыту мүмкін емес. Тағы бір кіл­­типан, спорт ғылымы мен спорттық медицинаны дамыту ақсап тұр. Бұған да баса көңіл бөліп, назар аудармаса, қолымызды мезгілінен кеш сермеп қа­ламыз десті жиылған қауым.

Елордада өтетін Дүниежүзілік көш­пелілер ойындарының қарсаңында Ұлт­тық спорт қауымдастығының бастамасымен Ұлттық спорт жоғары мектебі құ­рылды. Алматыдағы Спорт және туризм академиясына алғаш рет «ат спорты түрлерінің жаттықтырушысы» мамандығына және Қазақ ұлттық аграр­лық зерттеу университетінің база­сында «спорттық жылқы шаруашылығындағы ветеринар» мамандығы бойынша талап­керлерді қабылдау басталмақ.

Өз кезегінде Ақылбек Күрішбаев Қа­зақстанда ұлттық спорт түрлері қар­қын­ды дамып келе жатқанына, атты күту, баптау өзіндік бір ғылым екеніне тоқталды.

«Ат спортында жылқының күйін бақылау, рационалды азықтан­дыры­луын қадағалау, күтіп-баптауды дұрыс ұйымдастыру және инфекциялық ауру­ларға қарсы уақтылы екпе жасау – тікелей ветеринарлардың міндеті. Төл өнерді әлемдік деңгейге шы­ғару бағытында кәсіби мамандарды, соның ішінде жылқы баптау жөніндегі ветеринарларды даярлаудың жетіспеуі күрделі мәселелердің бірі болып отыр. Осыған орай, 2024-2025 оқу жылынан бастап, біздің университетте «Ат спор­тының ветеринариясы» мамандарын даярлау елімізде бірінші рет жүзеге асырылмақ», деді университет ректоры.

Ұлттық спорт қауымдастығының қол­дау көмегімен Сенат депутаттары қос­­танайлық жылқы тұқымын сақтау және өсімін молайту жөніндегі заңға бас­тамашы болды. Бұл бүгінде Мәжілісте қаралу сатысында тұр.

Дөңгелек үстелге жиналған мамандар Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті базасында спорттық жыл­қыларды бақылау бағытында допинг зерт­ханасын ашу, мал шаруашылығының өзекті саласы ретінде спорттық жылқы басын көбейтуге қатысты ұсыныстары қабылданып, заң жобасына қосылды.