Көрме • 09 Мамыр, 2024

Сырлы бояудағы соғыс шындығы

43 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ә.Қастеев атындағы Мем­лекеттік өнер музейінің қорынан 1941-1945 жылдардағы фашизмге қарсы соғысқа қатысқан Ке­ңес Одағының Батыры, Қазақ­станның Халық қаһар­маны, армия генералы Сағадат Нұр­ма­ғамбетовтің туғанына 100 жыл толуына арналған «Жеңіс­тің жұлдызды сағаты» атты көр­месі ашылды.

Сырлы бояудағы соғыс шындығы

Жеңіс күні қарсаңындағы көрмеге Екінші дүние­жүзілік соғысқа қатысқан кеңес және Қазақстан суретшілерінің 50-ден аса туындысы ұсынылды. Живопись, графика, мүсін өнері шеберлерінің идеясы «жеңіс» деп аталатын ортақ бір тақырып төңірегіне топтасқан. «Біз бұл көрмеде бұрын экспозицияларға қатыспаған қызықты әрі маңызды жұмыстарды ғана көрсетуді мақсат тұттық. 1970 жылдан бері жыл сайы­н Жеңіс күніне орай көрме өткізіліп келеді. Тарих бетіне қасіретті таңбасын қалдырып кеткен маңызы зор мерекеге биыл да тыңғылықты дайындықпен келіп отырмыз. Көрмеге Беларусь, Литва, Грузия, Татарстан, Қазақстан суретшілерінің шығармалары ұсы­нылды. Осы арқылы барлық ұлт мен халықтың соғыс пен қайғыға қарсы тұр­ған ортақ мұратын паш еткіміз келді», дейді Ә.Қастеев атындағы өнер музейі директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары Светлана Көпжанова.

в

Көрмеге келген алматылықтар Әс­­ке­ри-тарихи музейдің директоры А.Бай­қадамованың қолдауымен ұсы­­­нылған генерал Сағадат Нұр­ма­ғамбетовтің жеке заттары мен бұ­йым­дарын тамашалауға мүмкіндік алды. Сондай-ақ Қазақстан Қарулы күштерінің аты аңызға айналған нар тұлғасының шын сардарлық келбетін ашатын, болаттай берік биік болмысынан хабар беретін қылқалам туындылары да аз емес.

«Жеңістің жұлдызды сағаты» көр­месінің мазмұны сан қырлы. Өнер­тану­шылардың айтуынша, соғыс тақы­рыбына кез келген суретші қалам тер­бей алмайды. Майдан даласын көзі­мен көрген адам болмаса, кез келген суретшіге жалынан ұстата қоймайды. Ал мұндағы туындылардың дені майдангер суретшілердің қаламынан туған. Ү.Әжиев, П.Андриюк, П.Антоненко, К.Баранов, И.Бондаренко, И.Виноградов, Н.Гаев, Г.Ильяев, Л.Гербановский, Ж.Қа­на­пиянов, Ч.Кенжебаев, В.Колоденко, А.Мол­дабеков, Е.Молданиязов, Р.Мей­рамов, Н.Наседкин, Н.Нұрмұхаммедов, И.Петько, Х.Рахимов, П.Реченский, А.Сте­панов, А.Хайдаров, К.Қожықов, тағы басқа отандық суретшілер шай­қас алаңындағы әр сәтті тоқ­та­тып қойып суретке түсіргендей, со­ғыс­тың шежіресін сырлы бояудың тілімен жүректі шымырлата жазып қалдырғандай шығар­маларына таныс, түсінікті реңк берген.

па

Экспозицияға қойылған туынды­лардың ішінде танымал қылқалам шебер­лерінің де, есімі елеусіз сурет­шілердің де, тіпті Илья Глазунов секілді әлемдік даңққа бөленген әй­гілі тұлғаның да шығармалары кез­деседі. Көрмені тамашалағандар атақты суретшінің «Шайқас жолдарымен» атты полотносымен және оның бұрын беймәлім болу сырымен таныса алады. «И.Глазунов бұл туындысын 1950 жылдары салған, ол кезде кеңес идеологиясына бағынған қуатты елдің халқына тек Жеңіс туы желбіреген соғыстың жылтыраған бергі жағы ғана көрсетілетін. Ал Гла­зу­новтың шығармасында 1941 жылдың шындығы бейнеленген – кеңес әскері кейін шегініп барады, құдық басына жиналған адамдардың көңілі құлазып, еңсесі түскен. Бұл болашақ суретшінің дипломдық жұмысы болған және арманшыл Ильяға сыйлаған азабы да аз болмаған. Сөйтіп, 1950 жылы бас­тап жазылған жұмыс аяқталмаған күйі қалады. Талантты суретші танымал­ды­лыққа қол жеткізген соң ғана сөре­дегі ескі жұмысын жаңа идеямен то­лықтырып, 1980 жылы қайта жарыққа шығарады», дейді С.Көпжанова.

Тіршілігінде жас ұрпақтың жү­регін мұздатудан сескеніп, соғыстың сұмдығын айтудан тіксініп тұратын сөзге сараң суретшілердің бар сезімі, ізгілікке ораулы ойлары кенептің үс­тіне қаз-қалпында із тастаған. Олардың бәрі де парыз, елге төнген қатер, бастысы, жеңіс туралы әңгімелейді. «Жеңістің жұл­дызды сағаты» көрмесі бір айға дейін жалғасады.

 

АЛМАТЫ