Өндіріс • 11 Мамыр, 2024

Астананың «Ароматы»

80 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Иіссу индустриясында француз әтірінің атағы алысқа кеткені белгілі. Ал Қазақстанда да әтір шығарылатынын біреу білсе, біреу біле қоймас. Иә, Астанадағы №1 Ин­дус­триялық паркте орна­ласқан «Аромат» ЖШС 2020 жылы ашылған.

Астананың «Ароматы»

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Аты айтып тұрғандай, иіссу­дың түр-түрін шы­ғара­ды. Ерлер мен қыз-келін­шектерге, тіпті бала­ларға арналғаны, көлік пен үйіңізді хош иістендіретін түрі де бар. Мұнда дайындалатын өнімнің көп бөлі­гі шет­елге шығарылады екен.

Шикізатын Италия мен Фран­ция мемлекетінен алдыратын цехта көбіне жастар жұмыс істейді. Барлығы – 80 қызмет­кер. Бір қызығы, мұнда арнайы ма­мандық қажет етілмейді. Жа­ңадан келген адамға цех басшы­лығы жұмыс барысын өздері үйре­тіп, арнайы оқыту курсынан өт­кізеді екен. Сондай-ақ қауіпсіз­дік шаралары да қатаң сақталып, арнайы жұмыс киімі беріледі.

па

«Өнімнің басым көпшілігі, яғни 85 пайызы сырт елдерге жібері­леді. Ал әтірдің сыртқы қорап­шасын Қытайдан алдырамыз. Сон­дай-ақ құйылмалы әтірлер ар­найы цис­тер­налармен келген соң өн­дірістегі зертханамызда түр­лі хош иістер бойынша зерт­теу жүр­гіземіз. Тауарлық мар­касы қойы­лып, әр әтірдің өз коды бойын­ша экспортқа шығарылып жүр. Жал­пы, өнімдерді шығару кезін­де біз ең жоғары сапалы шикізат­ты пайдаланамыз», дейді компа­ния­ның бас директоры Закир Биннатли.

Ал өндірістік цехтың басқарушысы Айдын Қайыржановтың сөзінше, өндіріс үш бөлімнен тұрады. Құйылу цехы, жеке зертханалық және ғылыми орталық бөлімі, сондай-ақ тауарлар қоймасы. Соны­мен қатар өндіріс орнының көрші елдер­де 650 сауда нүктесі бар екен. Олар – Ре­сей, Молдова, Қырғыз Республикасы, Өзбек­стан, Түрікменстан және Тәжікстанда орна­ласқан. Сондай-ақ өз еліміздегі 80 дү­кен­ге таратылады. Тіпті компания  2022 жылы өз өнімдерін Кувейт еліне де жіберіпті.

«Бір күнде 15 мың әтір дайындалады. Ал жыл бойы 2 жарым миллион әтір құты­сын құюға цехтың қуаты жетеді. Көлемі­не келсек, иіссу құтысының 2 миллиграмм өлшемнен бастап, 100 миллиграммға дейін болады. Балаларға, ер адам мен әйелдер пайдаланатын иіссудың сан түрінен бөлек, автомобильдің ішкі салонына, бөлмелерге арнайы қоюға арналған әтірлер дайындалады. Мұнда әр қызметкердің атқаратын мін­деті нақты белгіленген. Мысалы, бір ма­ман құю жұмыстарымен айналысса, келе­сісі қаптау немесе арнайы тауарлық код қою­мен айналысады. Ал енді бірі әтірдің сапасын қадағалайды», дейді Айдын Қайыржанов.

Айтпақшы, өндіріс қала сыртында орналасқандықтан қызметкерлерге арнайы автобус қарастырылған. Сондай-ақ компания тарапынан түскі ас тегін беріледі. Ал орташа жалақы – 350-400 мың теңге көлемінде екен.

«Қызметкерлерге әлеуметтік қолдау­лар ұйымдастырылып тұрады. Мерекелер­де сыйақы беріліп, жаңа оқу жылы немесе балалар мерекесінде балабақша мен мектепке баратын балалары бар қызметкерлерге компания тарапынан арнайы сыйлықтар да ұйымдастырылады», дейді компания басшысы З.Биннатли.

Өндірісті аралай жүріп байқағаны­мыздай, «Аромат» ЖШС өз мүмкіндігін жыл сайын ұлғайтып келеді. Қазір серік­тестік қосымша парфюм өнімдерін сақ­тайтын қойма да салып жатыр.

Жеке парфюмдік бренд қалыптас­тырып үлгерген компания көбіне-көп үлкен көлемдегі тапсырыстарды қабылдап жүр. Сондай-ақ тұтынушылар тарапынан арнайы барып, ұнаған әтірін жекелей сатып алатындар жетерлік. Отандық тауарды дамытуға құлшыныс танытқан серіктестіктің барлық өнімінің бағасы да қолжетімді.