Қостанай қаласындағы «БК Строй» серіктестігінің жұмысшылары Тәуіштегі тұрғын үй құрылысын бастап жатыр. «Алюминстрой» ЖШС Көлқамыс ауылына 10 үй салып береді. Ал 9 үйді «ЭлитСтройДом» құрылыс компаниясы тұрғызады. Құрылысшылардың айтуынша, құрылысқа қажет материал, техника мен жұмыс күші де жеткілікті.
«Біз Тәуіш ауылына кеше ғана келдік. 10 жылдан бері «БК Строй» құрылыс компаниясының шеберімін. Алла амандығын берсе, бүгін алғашқы үйдің қазығы қағылады. Керек-жарағымызды, құрылыс материалдарын әкеп түсіріп қойдық», дейді Наурыз есімді құрылыс шебері.
Жангелдин ауданына Денисов, Қарабалық ауданы да көмектесіп жатыр. «Денисов ауданы әкімінің өзі осында келді. Жұмысшыларға керек-жарақ әкеліп, тамақтандырып жатыр», дейді Жангелдин аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жадыра Қошеметова.
Құрылысшылар іргетасы жаңа қаланып жатқан тұрғын үйлерді мамыр айының соңына дейін салып бітіруді жоспарлап отыр.
Қостанай облысы