«Қазір Жайық өзенімен ағып келетін тасқын судың көп мөлшері Атырау облысының аумағына кірді. Күн сайын Индер, Махамбет аудандары мен Атырау қаласындағы гидробекеттерде су деңгейінің көтерілу көрсеткіші тіркеліп отыр. Индер және Махамбет ауданында су деңгейі қауіпті шектен асып кетті. Бірақ өзен жағалауында салынған бөгет елді мекендерді су басу қаупінен қорғап тұр», деді Ж.Бисембиев.
Әкім орынбасарының айтуына қарағанда, Атырау қаласында Жайық өзенінің жағалауына 250 шақырымнан аса бөгет тұрғызылған. Дегенмен шаһар маңындағы Бесікті, Алмалы, Талғайраң, Ақжар, Ақсай елді мекендері су басу қаупі басым аумақта қалып отыр. Осыған байланысты Жайық өзенінің жағалауындағы қауіпті учаскелерде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып тұр. Мәселен, Махамбет ауданында осындай кезекшілер үшін 40 бекет ашылған. Оның ішінде Махамбет аулында әр 300 метр сайын қойылған 27 бекет бар. Ал Талдыкөл аулындағы бекеттің аралығы – 500 метр. Сарайшық аулында 200 метр сайын 8 бекет қойылған.
Өзендегі тасқын су Сарыөзек каналының кей тұсын жарып кетті. Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкиннің айтуынша, Сарыөзек елді мекеніндегі шаруа қожалығының иелері хабар берген.
«Сарыөзек каналы бойындағы бөгеттің үш метрдей аумағын су жарып кеткені анықталды. Соған байланысты қалалық әкімдік пен «Арнаулы автобаза» ЖШС-дан 15 адам каналдың су жырған бөлігін қалпына келтіру жұмысын жүргізді. Бөгетті нығайту үшін құм толтырылған 1 тонналық 60 және 50 кг 100 қапшық төселді. Бұл жұмыс 2 сағатта аяқталды. Осындай қауіптің алдын алу үшін арнайы топ тәулік бойы кезекшілік атқарады», деді Ш.Кейкин.
Қазір тасқын су Атырау – Орал трассасынан ауылдарға баратын жолдың екі жанына жайыла бастады. Махамбет ауданының әкімі Қайрат Нұрлыбаевтың айтуынша, осындай себептен Талдыкөл аулының тұрғындарын эвакуациялау басталды.
«Тасқын судың ауылға кіретін жолды басу қаупіне байланысты Талдыкөл аулының тұрғындарын алдын ала қауіпсіз аумаққа эвакуациялау туралы шешім қабылданды. Бірінші кезекте жүкті әйелдер, балалар мен зейнет жасындағы қарияларды көшіру ұйғарылды. Ал ауыр науқастар облыстық денсаулық сақтау басқармасы әзірлеген алгоритм бойынша эвакуацияланады. Тұрғындарды уақытша қоныстандыру үшін Атырау қаласындағы APEC жоғары колледжінде және «Dana» қонақүйінде эвакуациялық пункттер дайындалды», деді Қ.Нұрлыбаев.
Бейбарыс ауылдық округіндегі Талдыкөл аулында 221 үй, 1 215 тұрғын бар. Ауыл тұрғындарына ерікті көшу ұсынылды. Бұған келісім берген тұрғындарды эвакуациялауға 25 орындық 4 автобус, 12 орны бар 2 ГАЗель автокөлігі мен 30 қызметкер бөлінген. Осы ауылдан 158 тұрғын Атырау қаласына жеткізіліп, APEC жоғары колледжіндегі эвакуация пунктіне орналастырылды. Оның ішінде 91 бала, 5 студент, 55 қария, 3 жүкті әйел және 4 мүмкіндігі шектеулі адам бар. Туыстарының үйіне орналасқан тұрғындардың саны – 245 адам. Олар өздерімен бірге 143 баласын ала кеткен.
Талдыкөл аулынан эвакуацияланған тұрғынның бірі – Айғаным Қарасаева. Қазір оның қасында 83 жастағы енесі мен үш баласы бар.
«Біз кешкі сағат 18.00 шамасында келіп орналастық. Бәрімізді медициналық тексеруден өткізді. Мұнда үйдегідей емес, бірақ балалардың қауіпсіздігі қымбат қой», деді А.Қарасаева.
Ауылдың жігіттері мекенін тастап кеткен жоқ. Өйткені олар ауылды тасқын судан қорғау үшін қалған. Қазір бұл ауылда тасқын суға қарсы жұмысқа төтенше жағдайлар саласының 107 қызметкері, 28 әскери қызметші жұмылған. Арнайы 9 техника бар.
Тасқын судан Сарайшық аулына да қауіп төнді. Өйткені археологиялық қазба орны маңында салынған бөгет астында қалған бұрынғы жерасты құбыры болған тұс жарылған. Бөгет бойында түнгі кезекшілікте жүрген тұрғындар ауылға төнген қауіп жөнінде дабыл қақты. Оқиға орнына ауыл тұрғындары, Махамбет ауданының әкімі бастаған жергілікті атқарушы органның өкілдері жедел жетті. Тасқын суды бөгеу үшін 11 техника тартылып, бөгет жанына топырақ төгілді. Осылайша, 2 972 адам мекен еткен 506 түтіні, оған қоса ортағасырлық тарихи қалашығы бар Сарайшық аулына төнген қауіп сейілді. Бұл ауылды тасқын судан қорғау үшін 13,6 шақырым бөгет салынған. Оның 5,4 шақырымы – қайта жаңғыртылған қолданыстағы ескі бөгет. Ал 8,2 шақырымы жаңадан соғылған.
Атырау облыстық жедел штабтың ақпаратына сүйенсек, қазір тасқынға қарсы күрес іс-шарасына 5 430 адам тартылған. Оның ішінде төтенше жағдай департаменттерінен – 898, Қорғаныс министрлігінен – 1 468, Ұлттық ұлан гвардиясынан – 285, Шекара қызметінен 45 сарбаз және 511 полиция қызметкері бар. Олар Атырау қаласында, Индер, Махамбет және Құрманғазы аудандарындағы жағалаудағы бөгетті нығайтуға атсалысып жүр. Сондай-ақ 548 арнайы техника, 132 су сору құрылғысы, 31 қайық, 3 тікұшақ тартылған.
Қазір Жайық өзеніндегі су лайланды. Өзен бетінде ағаш қалдықтары, өзге де қоқыстар қалқып жүр. Осыған байланысты атыраулықтарды ауызсудың тазалығы алаңдатып отыр.
«Атырау облысы Су Арнасы» КМК бас технологі Жәмила Исағалиеваның айтуынша, кәсіпорын иелігінде Жайық өзенінен алынған суды тазартатын төрт арнайы станса бар. Оның әрқайсысында тәулігіне 30 мың текше метр су тазартылады. Қазір бұл стансаларда су тазартуға қолданылатын 14 тонна реагент бар. Бұл – үш айға жететін қор.
«Жайық өзенінен алынған суды тазарту, сүзгіден өткізу секілді жұмыстар тоқтамайды. Біз осы кезге дейін Атырау қаласы мен оның маңындағы елді мекендердегі, Мақат ауданындағы Мақат және Доссор кенттеріндегі тұрғындарды таза ауызсумен үздіксіз қамтамасыз етіп отырмыз. Осы жұмысты одан әрі жалғастыра береміз», дейді Ж.Исағалиева.
Кеше Атырау – Орал трассасының Жалғансай аулы тұсындағы 56-шақырымы уақытша жабылды. Өйткені жолды тасқын су басу қаупі туындап отыр. Жолдың бұл бөлігі Махамбет ауданының аумағында орналасқан.
Индер ауданының әкімі Дарын Шамұратовтың айтуынша, Атырау – Орал трассасынан Индербор кентіне баратын 7 шақырым жолды қалпына келтіру басталды. Бұл жолды 13 мамырда Жайық өзенінен сайға құйылған тасқын су шайып кеткен еді. Енді аталған жол қалпына келтірілгенше, Көктоғай, Өрлік, Есбол, Елтай, Ынтымақ, Аққала ауылдарының тұрғындары аудан орталығы Индербор кентіне қайықпен қатынайтын болды.
Атырау облысы