Сенат • 20 Мамыр, 2024

Сенатта өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселелеріне арналған парламенттік тыңдау өтеді

35 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев Палата Бюросының отырысын өткізді. Онда депутаттар 23 мамыр күні болатын Сенат отырысының күн тәртібін бекітті және Комитеттердің осы аптаға жоспарлаған іс-шараларын пысықтады, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенатта өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселелеріне арналған парламенттік тыңдау өтеді

Фото: Сенат

Алдағы бейсенбіде сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеу және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарайды.

Құжатта екінші деңгейлі банктер үшін жеке тұлғаға әйелінің немесе күйеуінің келісімінсіз қарыз беруге тыйым салу туралы норма қарастырылған. Келісім қажет болатын кредитті алу тәртібі мен оның ең төменгі мөлшері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.

Сонымен қатар Палата Бюросы 24 мамыр күні «Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде «Қазақстан Республикасында экономиканың өңдеуші секторын дамыту»тақырыбына арналған парламенттік тыңдау өткізу туралы қаулы қабылдады.

Мәулен Әшімбаев аталған тыңдаудың маңызды әрі өзекті екеніне назар аударды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында өңдеу секторын жедел дамыту арқылы мықты өнеркәсіптік негіз қалыптастыруды тапсырған болатын. Сенат Төрағасы бұл ретте ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құру қажет екенін атап өтті.

Одан бөлек, Бюро отырысында Мәжілістен келіп түскен заңдар жұмыс үшін тұрақты Комитеттерге бөлініп берілді.