Таным • 04 Қазан, 2024

Ғасыр бұрынғы дала өмірі (АҚШ ғалымының көзімен)

1450 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Мың өліп, мың тірілген» қазақтың тағдыры-талайы туралы әркім өз шамасынша толғады, жазды, айтты. Ал алпауыт елдерде туып-өсіп, өзін ғылымға арнаған тұлғалардың қазақ хақында қалам тербеуі, ізденіс жасап, оны ғылыми айналымға енгізуі, әрине, құптарлық, қуанарлық жайт. Біздің қолымызға түскен Гарвард университетінің мұрағатында сақталған қазақ туралы топтама суреттер сайын даланың төсінде жүрген халқымыздың кей сәттерін еміс-еміс еске салады. Осыдан 97 жыл бұрын, яғни 1927 жылы түсірілген бұл суреттер өткен ғасырдағы қазақтың қаз-қалпындағы бейнесін көрсетіп тұр.

Ғасыр бұрынғы дала өмірі  (АҚШ ғалымының көзімен)

Аталған суреттерді америкалық Оуэн Латтимор есімді ғалым қазіргі Шыңжаң өлкесінің Іле аймағына барған сәтінде түсіргенін біл­дік. Оуэн Латтимор (1900–1989) – Қытай мен Орталық Азияны, әсіресе Моңғолияны жіті зерттеген беделді ғалым. Ол 30-жыл­дары Тынық мұхиты қатынастары инсти­ту­ты шығаратын «Pacific Affairs» журна­лы­ның редакторы болған көшелі кісі. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде АҚШ-тың Азияға қатысты саясаты туралы қоғам­дық пікірталаста маңызды рөл атқарған тұлға. Осындай танымал тұлғаның назарын аударған қазақтар өмірі бейнеленген суреттер топтамасына біз де үңіліп көрдік.

пр

Көзімізге оттай басылған алғашқы суретте киіз үйдің алдында ауыл қазақта­ры қаз-қатар отыр. Автор бұл суреттің тү­сін­дір­месінде: «Ауыл басшысының үйінің алдында отырған қазақтар, Албан руынан, 1927 жыл, Құлжа маңы», деп жазады. Сурет­ке ой жүгіртсек, ауылбасының үйінде әлде­бір той немесе басқосу болғанда түсіріл­ген сияқты. Ауыл адамдары жақсы киініп ал­ған, киіз үйдің екі жақ белдеуінде мініс аттары байланыпты.

ап

Ал екінші суретте қазақ әйелдері Оуэн Латтиморға сусын беріп тұрған тамаша сәт бейнеленген. Бұл фотоға қазақтың алыстан келген жолаушыға сусын беру дәстүрі сы­йып-ақ тұр. Егде жастағы бір әйел ұршы­ғын иіріп, өз шаруасымен әбігер. Қасын­дағы жастау екі әйел АҚШ ғалымының тілін түсінбеді ме екен, бір-біріне қарап, әлде­нені айтып тұр. Қосар ат алып, өз бағы­тына жол алған америкалық жиһанкез де өз ойымен әуре. Кимешек-шылауышы құп жарасқан қазақ әйелдерінің ғасыр бұ­рын­ғы бейнесі таспаланып қалғанына сүйі­ніш білдірдік.

пр

Келесі бір суретте нағыз көшпелі қа­зақтар бейнеленіпті. Өгізге жүк артып, жай­лауға көшіп немесе қайтып бара жат­­қан малшылардың өмірінің бір үзігі деп түсіндік. Жалпы, америкалық ғалым қа­зақ­­тардың шынайы бет-бейнесін ашып көрсетуге тырысқанын сезіндік.

ва

Келесі суретте кең жайлауда, тау бау­­райында жайылып жүрген қазақ жыл­қы­ларының, малын түгендеп жүрген жыл­қышылардың ер қанаты аталған қыл­құйрықтылардың самарқау кейпі, бей­ғам өмір таспа көзіне сәтті түсіпті. Былай­ша айтқанда, малшылардың байлығы да осы үйір-үйір жылқылармен өлшенеті­нін америкалық зерттеуші аңдаса керек. Бір сәт кең жайлауды, салқын самалды, онда­ғы еркін де бейғам тіршілікті көз алды­ңыз­ға елестетіңіз. Біз сөз еткелі отырған мына сурет те дәл сондай көріністі қайталап тұр. Киіз үйдің қос қапталында тұрған ер мен әйел (мүмкін ерлі-зайыпты) әлдебір жаққа көз салып, назар аударыпты.

ап

Ел ішінде «қазақтың қара қосы» деген ұғым бар. Сондай бір қостың ішінен сыртқа ұяла қарап тұрған ауыл баласының келбетін де Оуэн Латтимордың түсірген фотоларынан көре аламыз. Бұл суретте құдды қазақтың қара домалақ баласы болашаққа қам-қайғысыз кейіппен, үлкен үмітпен қарап тұрғандай жылы сезіледі.

па

Қалай десек те, мұхиттың ар жа­ғында­ғы алып Американың архивінде сақталған ғасыр бұрынғы қазақтың бейнесі бүгінгі ұрпақ үшін де керекті жәдігерлердің бірі болмақ. Тарихымызды түгендеуге ұмтылған біздің ел үшін шетелден табылып жатқан қазаққа қатысты деректердің әр парағы қымбат. Біз оқырманға ұсынып отырған бұл суреттерден мүмкін біреу ата-әжесінің, жамағайын туысының бейнесін танып жатар. Біздің мақсат ғылымның бір аты ізденіс екеніне көз жеткізу екені шүбәсіз. Сарғайған парақтардағы, сақталған суреттердегі кешегі қазақтардың келбеті бүгінгі қоғам үшін де маңызды әрі мағыналы бола бермек.

ап