Өнер • 24 Қазан, 2024

«Аспандағы» аңсар

1515 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жер – ана болса, Аспан – әке іспетті, бірін-бірі айналған егіз кеңістік арасы ендік пен бойлықтармен ұштасып жатса да, жер бетінің жұмбағы мен заңдылығы сонау зеңгір көктен басқарылатындай, адам баласы аспанды құдіретті санаған әдетінен әлі жаңылысқан жоқ. Күн сайын арайлап ататын таң мен кешке мұнартып бататын күннің мекені де көк аспан. Жиегі көрінбейтін шетсіз-шексіз аспанды періштелер көктеп жүреді деген сеніммен бала біткен көзі талғанша көкке қадалып, арманын аспанға қарап айтады. Аспан – еркін әлем, арман мен қиялды тоғыстырып, төңкеріліп түскен көк теңіз.

«Аспандағы» аңсар

Ә.Қастеев атындағы Мемлекет­тік өнер музейінде ашылған Қазақ­станның белгілі мүсіншісі  Шоқан Төлештің «Аспан» деп атаған жеке көрмесі жаһандық деңгейде ойлаудың мысалы. Суретшінің әлемі аспан секілді шексіз, өлшеусіз. Оның туындылары көрерменін түсіністікке бастайды, махаббат пен сүйіпеншілікке баурайды. Кейде  осы ғасырдағы әлемдік ауыр сынақтардың зардабын тудыратын барлық өмірлік қақтығыстарға асқан сезімталдықпен жауап береді. «Бұл бізге ортақ әлем, біздің өміріміз, бізге түскен сынақ» деген идеяны алға тартады.

Шығармашылық жолын көр­кем мүсін туындылары­мен бастаған Ш.Төлештің бұл көрмесінде графика мен кескіндемедегі жаңа идеялары мен тың көзқарасы көрініс тапқан. Шығармаларда мақсатты түрде кейбір оқиғалар драмалық шиеленісте суреттеледі. Автор сыни көзқарасты ұстанып, өзінің жарығы мол дүниетанымымен өмір құбылыстарының жағым­д­ы жақтарын көрсетуге ұмтыла­ды. Модернистік сарыны басым көр­меде мүсіншінің 90-нан аса мүсін, графикалық және кескіндемелік туындылары ұсынылған.

пр

Көрме кураторы, «Қазақстан­ның бейнелеу өнері» бөлімінің жетекшісі Гүлнұр Жұбанова «Ас­пан­дағы» аңсардың сырын көпші­лікке баяндайды:

– Оның қоладан, мәрмәрдан, ағаш пен шыныдан жасаған ком­по­зицияларының мазмұнына түбе­гейлi өзгерiстер жасалған. Шы­ғармалар жарқын метафора, гро­теск, көпқырлылық пен бей­не­нің символдық тереңдігіне ие. Шоқан Төлештің мүсіндік туынды­лары күрделі пластикалық форманы біл­­діреді. Олар өздерінің дәлел­сіз­ді­гімен, лирикалық өткір­лі­гі­мен және пластикалық өрнегі­нің мә­не­­рімен қызықтырады. Мүсін­шіні  адам мен ол өмір сүрген орта­дағы философиялық ішкі жай-күй, өткен мен болашақ әлем ара­сын­дағы әртүрлі қақтығыстар, қара­ма-қайшылық тақырыбы толған­дырады. Автор өзінің шымыр ойын шебер қолдарымен сурет­ке ай­налдырады. Суретші Тө­леш­­тің шығармашылығындағы бас­ты дүние – идея. Идеядан ол «ойлас­тырылған» тұжырымдар жасайды: өз жұмысында қола мен қалайыны дәнекерлеусіз әдіспен біріктіріп, ерекше мүсін тудырады. Ал «Манон», «Ана мен бала», «Ай­лы түн», «Жалғыздық» туындыла­рына назар аударсақ, Шоқан Төлеш­тің интерпретациясындағы ең қарапайым және таныс нәрсенің өзі символға дейін көтеріліп, күнделікті қарапайым мәнінен ажырап, таза өнерде жалғасады. Экспозицияда көшпелілердің ежелгі тарихына арналған, эпикалық және мәнерлі бейнелерімен ерекшеленетін «Сақ жауынгері», «Ғұн Атилла», «То­мирис» сияқты туындылары бар.

пр

Куратордың айтуынша, Ш.Тө­леш қондырғылы пластикадан бө­лек, монументалды саябақ мүсіні саласында да сәтті жұмыс істейді. Ол – Қазақстанның әр аймағында орнатылған бірқатар ескерткіштер мен композициялардың авторы. Шығар­машылығының жаңа асуын­да мүсінші өз күшін көрермен­дермен қарым-қатынас жасаудың жаңа тәсілдерін іздеп, игеруге бағыт­тайды. Отбасы мен әйел тақы­ры­бында орындалған графика мен кескіндеме тіліндегі туындылары көрерменді жан тыныштығына бөлемей қоймайды. Оның бейне­леуінде, әйел – табиғатынан отба­сының қамқоршысы, ер азаматтың музасы. Жалпы, үйдегі ғана емес, қоғамдағы атмосфера да әйел қауы­мының хал-ахуалына тікелей байланысты. Әйел – өзінің отбасы үшін де, қоғам үшін де сүйіспеншілік пен ынталандарудың қайнар бұлағы, әрқашан қолдаушы. 

Шоқан Төлештің шығармашы­лығы әлемнің көптеген елде­рінде танымал. Швейцария, Лихтенштейн княздығында, Лондонда, Египет­те, Мәскеуде өткен көрмелерге қатыс­қан. Шоқан Төлеш Мәскеудің «Арт-Центр» ұйымымен қоян-қолтық жұмыс істеп, танымал мәдениет қайраткері З.Церетели жетекшілік ететін Ресейдің Көр­кем­сурет акаде­миясының жобаларына да із салған.

АЛМАТЫ 

АЛМАТЫ