Пікір • 04 Қараша, 2024

Алтын қазық

1391 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Республика күніне арналған салтанатты іс-шарада Мемлекет басшысы қайта жаңғырған ұлттық мерекені «Азаттықтың алтын қазығын қаққан күн» деп сипаттады.

Мифтік санамызда «алтын қазық» ұғымы көбіне адамзатты адастырмас Темірқазық жұлдызына байланысты айтылады. Ол – дүниенің кіндігі, ақыл мен парасаттың, бағдар мен бағамның, талғам мен танымның іргетасы. Көне аңызда «Темірқазыққа Ақбозат пен Көкбозат арқандалып, айнала оттап жүреді». Бұлар – біздің арман-тілегіміз, ниет-пейіліміз. Осы қос тұлпарды аңдыған Жетіқарақшы туралы түсінік – жұртты сақтыққа, жинақылыққа, амал табуға шақыру. «Жетіқарақшыны таныған жеті түнде адаспайды» деген деген нақыл да бар. Махамбет ақын жауапты кезең­дегі ерлер жорығын  «Темірқазық жас­танбай, қу толағай бастанбай» деп бейнелейді.

Аспан мен жердегі барлық ұғым-түсініктің қуаты, рәмізі, дерегі біздің елдік пайым-парасатымызды құрайды. Кейінгі заманда ақыл сұрар ақсақалды, жұртқа жөн көрсетер біліктіні «алтын қазық» деп атаған.

Халқымыздың бір ата сөзі – «Су айналып жазығын табар, Ат айналып қазығын табар». Бұл – қалың жұртты сабырға шақырған, құндылықтардың өзгермейтінін түсіндірген даналық. Қарапайым адами пайымда бұған кешегі елді алаңдатқан тасқын судың басылуын және осы ұлық мейрамның құмға сіңбей қайта жандануын мысал етсек те жеткілікті. Маңдай тер мен әл-ауқатты тұспалдайтын «Қазығына қара айналды» (мал бітті) деген ескі сөзді де ұмытпалық.

Сонымен, алтын қазық – бекем, орнықты тірек. Елдіктің, мемлекетшілдіктің, адамдықтың, адалдықтың, парасаттың, қажыр-қайраттың тірегі.

Қайта жаңғырған Республика күні жадымызда байырғы қазақ жеріндегі генеологиямызбен, тек-тамырымызбен байланысты кемі 5 мың жылдық қауымдық, жұрттық, ұлыстық, елдік, мемлекеттік құрылымдарды жаңғыртады. Кейінгі замандарда белгілі бір этносқа немесе тайпалық бірлестікке телінген (кейде жұрнағы десек те) атаулар сан ғасыр бұрын өз дәуіріне сай мемлекетті айқындағанын ғылыми негіздей білуіміз қажет. Сондықтан сақ, ғұн, үйсін, қаңлы, т.б. елдік құрылымдар – әлдебіреудің қанжығасына байлап жіберетін дүние емес. Сондай-ақ кейінгі қыпшақ дәуіріне байланысты да осыны айтамыз. Бір кезде бәріміз тұтас қыпшақ болғанымызды мақтанышпен айту – парыз. Талас (Атлах яки Отты) шайқасынан кейінгі түркілік рухани бірлік пен Жошы ұлысы трансформациясын мемлекетшілдік аяға кіріктірген жөн. Осы тұрғыдан Керейден Кенесарыға дейінгі алдаспанды қазақ хандығы – бергі мемлекеттілігіміздің алтын қазығы. Республика мерейі мен мәртебесі дегенде, біз Алаш автономиясы мен Түркістан автономиясын (мұхтарият), кейінгі Қазақ кеңес республикасын сабақтастықта қарай білгеніміз абзал. Халқымызда дәнекер, тамызық деген төлтума ұғым бар. Алаш автономиясы үкіметінде Мұстафа Шоқайдың (Түркістан автономиясы үкіметіндегі қызметімен қатар) жүргені, Түркістан автономиясы үкіметін алғаш Мұхаметжан Тынышбайдың басқарғаны, Қазақ кеңестік автономиясы (кейін республика) үкіметінің бірінші құрамына Алаш автономиясы Білім комиссиясының басшысы Ахмет Байтұрсынұлының енгені – елшілдік дәнекерлігіне дәлел. Тәуелсіз Қазақстанды қалыптастырарда да дәл осындай үдеріс байқалды. Сондықтан жаратылыс заңына сәйкес «Жоқтан ештеңе бар болмайды, бар нәрсе ешқашан жоғалмайды».

Тамырын мыңжылдықтардан тартатын мемлекеттігіміздің қайнары – халық пен адалдық жолы. Президент Қ.К.Тоқаев: «Әділетті мемлекет өз халқына жанашыр болмақ. Билігі жемқорлықтан ада, халқы еңбекшіл елдің алмайтын асуы жоқ. Әділет салтанат құрған жерде қоғам жаңарады» деуінің мәні осында.

Біз әдетте «мемлекет» ұғымын түсіндір­генде Аплатонның (Абайша) кейін латыншаға аударылған «Res publica» еңбегіне сүйенеміз. Түпнұсқасы – біздің заманымызға дейінгі IV ғасырдағы зерттеу. Осында ғұлама байлық пен кедейлік­тің аражігі құрдымға ұшырататын мемлекет­тік жүйені сынай отырып, адамзат бүгінге дейін жүріп өткен монархия, тимократия, олигархия, тирания секілді тар жол, тайғақ кешудің мәнін көрегендікпен түсіндіреді, демократияның болмысын бағамдатады. Айналып келіп үлгі ететіні – жетік яки идеалды мемлекет. Мұндай ел төрт сапа мен қасиетке ие болу міндеттігін жазады. Олар: даналық, ерік-жігерлік, естиярлық, әділеттілік. Осыны нақтылайтын тағы бір өлшем – «қабілетіне қарай әркімнің өз орнында отыруы».

Платонның арман-аңсарын ғылым қанша жерден утопия десе де, ізгі ниетін һәм алтын қазықты нұсқағанын ешкім жоққа шығара алмайды.

Елдік пен мемлекеттік құрылымның жауапкершілігін терең түсінген Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан: «Біз ақылсыз жұрт емеспіз. Ақ пен қараны, қисық пен түзуді салыстырса, ақ пен қара да, түзу мен қисық та жақсы, таза көрінеді», дейді. Дәл осы таныммен (талдау, сараптау, жүйелеу) жүрсек, мемлекетшіл алтын қазықтан көз жазбасымыз анық.