Айбын • 29 Қазан, 2024

Әуе қалқаны: курсанттардың оқу-жаттығу базасынан репортаж

765 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

«Аға, тікұшаққа мінген қалай екен?» деді әскери жігіт жаныма жете бере әнтек жымиып. «Керемет, әсерімді сөзбен суреттеп жеткізе алмаймын» деп ақтарыла тіл қаттым. «Сіз айтқандай ылғи да керемет бола бермейді» деді кейіпкерім ауыр күрсініп. Жүзінде бағанағы жылт еткен күлкінің ізі де қалмапты. Оның орнын лезде мұң торлап алғанын сездім. Өзімнен мүшел жас кіші жігіттің ауыр күрсінгені аспанға қарай алып ұшқан көңілімді әп-сәтте жерге түсірді. «Аға, су тасқыны кезіндегі оқиғаларды көзіңізбен көрсеңіз ғой», деді үзілген әңгімесін жалғап.

Әуе қалқаны: курсанттардың оқу-жаттығу базасынан репортаж

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Борт нөмірі туралы хикая

Таңғы құланиек уақыт. Талғат Бигел­динов атындағы Әуе қорғанысы күш­тері­нің әскери институты баспасөз турын ұйым­дастыратын болып, бір топ журналист Астанадағы әуе базасынан Ақтөбеге ұш­қа­лы тұрғанбыз. Жер бауырлап жатқан С-295 ұшағын айнала қарап жүрмін. 1997 жылы Испанияның CASA компаниясы тә­жірибеден өткізіп, 2000 жылдан бас­тап қолданысқа енген жеңіл турбовинтті әс­ке­ри ұшақтың автобустан сәл үлкен тұр­патына таңданып, суретке түсіре бас­тадым.

Екі-үш аттасаң, ұшақ ішіне кіргізіп жіберетін борт трабына, еңкейе енбесең, басыңды ұратын тапал есікке, жүгімен қосқандағы салмағы 23 тоннадан асатын «темір құсты» жерге қондырып ала қоя­тын шағын доңғалақтарға зейін сала қа­раймын. Осы ұшақтың 7 620 метр биікке ұшатыны, экипаждың төрт мүшесінен басқа 69 қарулы әскерді межелі жерге жет­кізе алатыны секілді ақпараттарды еске түсіріп тұрғанымда, жаныма әскери ма­ман келіп:

пр

– Кешіріңіз, ренжімесеңіз ұшақтың «борт нөмірін» суретке түсірмей-ақ қойсаңыз! – деді. Сосын не дерін білмей аңтарылып қалған маған күле қарап: – Сіз ұшақ суретін «борт нөмірімен» қоса жарияласаңыз, бұл ұшақтың қай мемлекетке тиесілі екені белгілі болып қалмай ма? Ұшақтың қауіпсіздігі мақсатында айтып жатқаным ғой, – деді күле тіл қатып.

Әскеридің ескертпесінен кейін есімді дереу жидым. Осы сапарда оқырманға қызық талай «тың аралдардың» ашыларын сеніп, С-295-тің ішіне еніп, орныма жайғастым.

 

Елді қорғау – ердің ісі

Ұшақ ақырын қозғалды. Терезелерге тартылған тор перделердің саңылауынан түзге қиялдай көз салдым. Сырттағы дұшпан іштегіні көрмеу үшін ілінген перде тез-тез тербеліп, ұшақ жылдамдықты арттырып, биіктеп барады. Жарты сағат шамасында ақ ұлпа бұлттар табан астында қалды. Курсанттардың ұшып бара жатқан осы «темір құстан» парашютпен жерге түсетіні (ұшаққа 48 курсант парашютімен сыяды) ойыма оралып еді, кеудемде діріл пайда болды. Мына «борт нөмірін» жариялауға болмайтын «темір құстан» 48-дің бірі ретінде тәуекелге баруға әскерилер болмаса, қарапайым азаматтың жүрегінің дауаламасын түйсініп, ел мен жерді қорғау үшін зеңгір көктен секіретін жаужүрек сардарларымыздың барына тәубе еттік.

Астанадан әуеге көтерілген әскери ұшақ 2 сағат, 33 минут ұшып, Т.Бигел­динов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институты курсанттары оқу-жат­тығу өткізетін базасына қонды. Келе сала көзімізге Чехияда шығарылған L-410, Zlin-242 ұшақтары ілінді.

п

L-410 деген атаумен танымал бұл «темір құс» 1 500 шақырым қашықтыққа 19 жолаушыны, яки 1 800 кило жүкті тасымалдауға қабілетті. Ал бар болға­ны екі экипаж мүшесі сыятын Zlin-242 негізінен жеңіл ұшып-қону жатты­ғуларын жасауға ыңғайлы ұшақ саналады. Биіктігі 3 метр, ұзындығы 6 метр­ден асатын, шағын ұшақтың бар жылдам­дығы жеңіл көліктікі секілді, яғни ең жыл­дам ұшты дегеннің өзінде сағатына 233 ша­қырым қашықтықты ғана басып өте алады, рұқсат етілген жылдамдық – сағатына 225 шақырым.

Ұшақтар тұрған алаңқайдың арғы бетіндегі жүргіншілер жолы бойында қалқайып екі ескерткіш тұр. Бұл ескерткіш 2013 жылдың 17 шілдесінде Отанымызды қорғау жолындағы дайын­дығын пысықтап, оқу-жаттығу жасап жатқан сәтте шейіт кеткен екі азаматқа қойылыпты. 42 жастағы подполковник Евгений Виссарионов пен 20 жастағы курсант Арман Массалимов әуе базасына қонар кезде жолда тұрған жолаушылар ұшағын көрген. Батыр ұлдар ұшақты соқса, адам шығыны көп боларын біліп, өз өмірін ерлікпен қиған. Әскерилердің отбасында дүниеге келіп, әскери қызметте жүріп жан тапсырғандардың ерлігі антқа, адалдықты аңғартады. Елді қорғау осындай ерлердің қолында болғаны – қауіпсіздікті нығайта түседі.

 

Адамдықтың аспандағы жаршысы

L-410 ұшағы Ақтөбе қаласының үстін айналып ұшып жүр. Іштегі операторлар мен фототілшілер жұмысқа кірісіп кеткен. Біз іс-шара ұйымдастырушыларымен әңгімелесіп отырмыз. Мамандардың айтуынша, Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты құрылғанына биыл 50 жыл толыпты. Бастапқыда Ақтөбе азаматтық авиация жоғары ұшу училищесі ретінде ашыл­ған оқу ордасы жарты ғасыр ішінде мыңдаған ұшқыш пен авиа инженер даярлаған. Бүгінде институт түлектері еліміздің Әуе қорғаныс күштері саласында қызмет етіп, Отан алдындағы міндетін абыроймен атқарып жүр.

пр

Мамандар бұл өңірдің бұлтсыз аспаны ұшып-қонуға өте ыңғайлы екенін, сол үшін де оқу ордасы осы қалаға салынғанын да айтты. Тағы бір қызық дерек, бұл ұшақтар әскери міндетімен қоса, адамгершілік сипатындағы миссияны да қатар атқарады. Әуе қорғаныс күштері саласының басшыларына өтініш беру арқылы әскери қызметтегілердің отбасы, жақын туыстары ұшақ бортына тегін отыра алады. Әскери ұшақтар әуе қорғау бағытындағы жұмысын атқара жүріп, баласын сағынған ата-ананы немесе жақын туыстарын кез келген қалаға тегін жеткізіп тастайды. Бұл жайттан біздің қорғаныс күштері саласының тізгінін ұстаған азаматтардың ұлттық танымымызға сіңген туыстық қарым-қатынастарға адамдық көзқараспен қарайтынын байқадық.

L-410 ұшағының бортынан түскеннен соң, біз Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтына келдік. Қазір бұл оқу ордасы авиация мамандарынан басқа әскери дәрігерлер мен теңіз офицерлерін де даярлау ісін қолға ала бастапты. Институт әскери дәрігерлерді Ақтөбе қаласындағы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің базасын пайдалану арқылы оқытады.

«Бүгінгі таңда біздің институт 7 ма­мандық және 15 сала бойынша білікті­лікті арттыру жұмыстарын жүзеге асырып жатыр. Олардың қатарында болашақ ұшқыштар мен инженерлік-техникалық құрам, әскери дәрігерлер мен теңізшілер де бар. Біз курсанттарды теориялық тұрғыда оқытып қана қоймай, олардың білімін тәжірибемен ұштастыруды да үйлестіріп отырмыз», деді институт бастығының оқу және ғылыми жұмыс жөніндегі бірінші орынбасары подполковник Сәбит Құртаев.

Подполковник С.Құртаев кейінгі жылдары институттың оқу-материалдық базасы белсенді жаңартылып жатқанын айта келіп: «Былтыр Чехияда шығарылған екі L-410 оқу-жаттығу ұшағын алдық, ал жоғарғы курстың авиация курсанттары заманауи L-39 ұшағымен ұшып, жаттығуына мүмкіндік туып отыр. Біздің басты мақсатымыз – курсант­тарға барлық заманауи талаптарға сай келетін техниканың тілін меңгерту. Соны­мен қатар жақында ұшқышсыз ұшу аппараттарының операторларын даярлауды да бастадық», деді.

 

Бейбіт күннің батырлары

Институт жұмысымен танысқаннан кейін Ми-8 тікұшағы бортынан репортаж жасауға аттандық. Тікұшақтың шыр айналған қанатынан бұрқасын жел тұрып, бір қолмен сырт киімнің жағасын бүре ұстап, екінші қолмен малақайды баса дедектеп жүгіріп барып, тік ұшаққа міндік. Қозғалтқышының шуылынан құлақ тұнады. Оны елейтін оператор мен фототілшілер бар ма? Бәріміз айналаны суретке түсірісіп мәзбіз. Техника қонған жерін ор секілді қазып тастамау үшін жерге жасыл темір төселген. Мамандардың айтуынша, жасыл түс аспаннан қараған кезде бұл жерде ұшу алаңы бар екенін білдірмейтін көрінеді.

ва

Тікұшақтан түскен сәтте «Әуе қор­ғаныс күштерінің бейбіт күндегі жұмы­сына куә болып жатырсыздар ғой. Су тасқыны кезіндегі арпалысты сәттерді көрсеңіздер ғой», деді әскери маман.

«Су тасқыны болып, ел не істерін білмей қалған күндері бізді алдымен Оралға жіберді, кейін Ақтөбе облысында күн-түн демей құтқару жұмыстарымен айналыстық. Сол күндерді ойласам, тұла бойым мұздай болып суып кетеді. Бірақ содан бері әскери қызмет жолын таңдағаныма іштей риза боламын. Біздің тікұшақтарды көргенде бәрінен үміті үзіліп, ажалын күтіп отырған азаматтардың жылағанын естісеңіз ғой, аза бойыңыз қаза болады. Бірнеше күн нәр сызбай, жүзі бозарып, жанары­нан бір тамшы жас шықпай қалған балалар­дың үрейлі кейпі бізге жігер берді. Жан таппай күніне 250-300 адам құтқардық. Бұл өмірде адамға жақсылық жасаудан асқан ұлы міндет бола ма?» деді қайтадан бағанағыдай әнтек жымиып.

Астана – Ақтөбе – Астана

Астана – Ақтөбе – Астана