Туризм • 13 Қараша, 2024

Бурабай табиғатына тыныстап алуға мүмкіндік беру қажет - Роза Темірбаева

625 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бурабай – еліміздегі ең танымал туристік өлкелердің бірі. Жыл сайын республиканың әр түкпірінен және алыс-жақын шетелдерден келетін туристердің жалпы саны 1 миллонға жуықтайды. География және су қауіпсіздігі институты «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында кешенді зерттеу жүргізіп, жергілікті табиғаттың жай-күйіне жүйелі түрде мониторинг жасап отырады. Біз осы орайда мекеменің аға ғылыми қызметкері, PhD докторы Роза Темірбаеваға хабарласып, бірқатар сауал қойған едік.

Бурабай табиғатына тыныстап алуға мүмкіндік беру қажет - Роза Темірбаева

Фото: ашық дереккөз

– Роза ханым, жалпы Бурабайда қандай зерттеулер жүргізілді? Жергілікті табиғаттың жағдайы қалай?

– 2018-2020 жылдары және биылғы жылы «Бурабай» ұлттық паркінің экожүйесін кешенді бағалау, соның ішінде рекреация мен туризмнің әсерін бағалау бойынша ғылыми зерттеулер жүргіздік. Экологиялық мүмкіндіктерін, табиғи-ресурстық әлеуетін, экологиялық және демографиялық жағдайды бағалау арқылы өзін-өзі реттеу қабілеті қарастырылды. Соның нәтижесінде рекреация мен туризмнің әсер ету қаупін азайту бойынша ғылыми негізделген ұсыныстар жасалды.

Биыл мониторингтік зерттеу арқылы Ұлттық парктің экологиялық жүйесіне орасан зор салмақ түсіп жатқанына көз жеткіздік. Айталық, Бөлектау тауына, Абылай хан алаңына, Иманай бұлағына туристердің көптігінен түсетін рекреациялық жүктеме гектарына шаққанда тиісті межеден 9 есе жоғары. Яғни, жергілікті экожүйе одан әрі бүлінбеуі үшін нақты шара қабылдау қажет деген сөз.

– Рекреациялық жүктеменің шектен тыс көптігі экожүйеге қаншалықты теріс әсер етеді? Сіздіңше туристер ағынын шектеу қажет пе?

– Алдымен рекреанттардың, яғни адамдардың табиғатқа әсерін айтайын. Адам аяғы көп болса, таулардың, шоқылардың беткейіндегі табиғи топырағы тапталып, беткі қабаты аршылып, жалаңаштанады. Ондай жерлер желге төтеп бере алмай, эрозияға ұшырайды, жаңбырға шайылып кетеді. Топырағына зиян келген соң, тау беткейлеріндегі ағаштардың тамыры ашылып қалады. Қарапайым тілмен айтқанда, адамдардың тым көптігі, аяусыз таптауы тау-тастың табиғатына үлкен зиян келтіріп жатыр.

Қазір туристер арасында танымал географиялық нысандарға қауіп төніп тұр. Табиғатты қорғау, экологиялық және әлеуметтік мүдделер арасында теңгерім сақтау керек.

Адамдардың шектен тыс көп екенін түсіндік, ал автокөліктер туралы не айтасыз?

– Зерттеу бойынша, орта есеппен бір көлік жыл сайын атмосферадан 4 тоннадан астам оттегін сіңіреді. Шамамен 800 кг көміртегі тотығын, 40 кг азот оксидін және 200 кг-ға жуық әртүрлі көмірсутектерді шығарады. «Бурабай» ұлттық паркіне биыл 10 айда бақылау-өткізу бекеті арқылы 210 мыңнан астам көлік келді. Яғни, күн сайын 700-ге жуық автокөлік кіреді деген сөз.

Ал Ұлттық парк аумағында 250 көлікке ғана арналған автотұрақ бар, яғни қалған 450 көлік рұқсат етілмеген жерге тоқтайды деген сөз. Сөйтіп, күн сайын 450 көліктің дөңгелегі топырақты таптайды, беткі қабатын қопарады. Бұл орташа алғандағы есеп, ал жазда туристік маусым қызған кезде күн сайын келетін көлік саны әлдеқайда көп болады. Яғни, көліктер Бурабайдың экожүйесіне орасан зор теріс әсерін тигізіп жатыр.

– Шетелдердегі Ұлттық парктердің тәжірибесін зерттеп көрдіңіздер ме?

– Мұндай проблемалар әр елде әртүрлі жолмен шешіледі. Айталық, АҚШ-тағы Йеллоустоун ұлттық паркінде нақты аймақтарға бару үшін квота енгізілген. Перудегі Мачу-Пикчуге баратындар да билетке алдын-ала брон жасап, содан кейін ғана тиісті уақытында барады. Галапагос аралдарының кей жерлері нақты бір мерзімге уақытша жабылып, сол уақытта экожүйенің қалпына келуіне жағдай жасайды.

Бурабайға да осындай шектеулер енгізіп, табиғаттың тыныстап алуына мүмкіндік беру қажет. Мысалы, кейбір туристер көп бармайтын маршруттарда қозғалысты уақытша тоқтатып қоюға болады.

         – Жаз кезінде туристер көбейген уақытта Ұлттық паркке кіретін автокөліктерге тариф жоғарылайды. Осы шешімнің экожүйені сақтауға қандай да бір әсері бар ма?

– Иә, тарифтің өскені тиімді шешім. Мұндай экономикалық шешімдер көлік тасқынын азайтуға әсер етеді. Оған қоса, қаржыны инфрақұрылымды дамытуға, табиғат қорғау шараларын қолдауға жұмсауға болады.

АҚШ, Норвегия және басқа де шет мемлекеттердің тәжірибесіне қарасаңыз, олар Ұлттық парктерге автокөліктерді кіргізбейді. Туристерді арнайы көлікпен кіргізуді жолға қойған. Бұл ауаны көлік түтінімен ластамауға, экожүйені бүлдірмеуге жақсы.

– Жалпы туристердің экологиялық мәдениеті қандай деңгейде? Бурабайға келушілерге қандай кеңес берер едіңіз?

– Экологиялық мәдениетті сақтамасақ, табиғатты сақтай алмаймыз. Адамдар соны терең түсінуі керек. Ол үшін, ерекше қорғалатын аумақтағы тиісті ережені қатаң сақтағаны жөн. Бұл ереже бәріне ортақ.

Туристерді тәрбиелеу керек. Мәселен, Аустралияда адамдарға туризм мәдениетін үйрететін бағдарламалар мен экотурлар бар. Жапонияда Ұлттық парк ережелерін түсіндіретін жарнамалық науқандар, волентерлік жобалар бар.

– Бурабайдың табиғатын зерттеп жүрген ғалым ретінде жан-жануарлар мен өсімдіктер әлемін сақтау үшін нақты қандай шараларды ұсынасыз?

– Біріншіден, туристік объектілердің рекреациялық өлшемін сақтау қажет. Адамдардың шектен тыс көптігі табиғаттың өкпесін қысып тастайды. Жұмбақтастың айналасын қоршау керек. Адамдардың мініп-түсіп жүргені дұрыс емес.  Топырақ пен өсімдік қабатын адам аяғы таптап, бүлдірмеуі үшін туристік соқпақтарға ағаш жол төсеу керек. Туристік объектілерді дәретханалармен және қоқыс жәшіктерімен қамтамасыз ету қажет.

Жаңадан ештеңе ойлап табудың қажеті жоқ. Шетелдердің тәжірибесінен көріп отырғанымыздай, келушілердің санын шектеу, экологиялық инфрақұрылымды дамыту, табиғат қорғау шаралары Ұлттық парктерді сақтауға, туризмді дамытуға ықпал етеді. Табиғатты сақтай отырып, экологиялық туризмді дамытамыз десек, солардан үлгі алу қажет.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Абзал МАҚАШ,

«Egemen Qazaqstan»