Аймақтар • 23 Қараша, 2024

Түлектерге – грант, дәрігерлерге – баспана

1264 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Атырауда 2017 жылдан бері мектеп бітірген түлектерге облыс әкімінің гранты беріліп келеді. Мақсат – кадр тапшылығын шешу. Биыл осындай тәсілмен жоғары білім алған 13 дәрігер жұмысқа ­орналасты.

Түлектерге – грант, дәрігерлерге – баспана

Сурет: kaztbu.edu.kz

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бас­­шысының орынбасары Алмагүл Әбілова­ның мәліметінше, медицина саласын таңда­ған түлектерге қолдау жасалып отыр. Кейінгі 7 жылда адам денсаулығына арашашы болуды мақсат еткен жас өрендерге 616 грант бөлінген. Ал 2018 жылдан резидентура бағдарламасымен білім алғысы келген мамандарға грант қарастырылыпты.

«Атырау қаласындағы емдеу мекемелерінде жұмыс істеуге ниетті мамандарға 5 млн теңге, аудан орталығына барған дәрігерлерге 8,5 млн теңге бір реттік жәрдемақы беріледі. Ал шалғайда орналасқан елді мекендерде жұмыс істейтін дәрігерлерге берілетін жәрдемақының мөлшері 10 млн теңгеге жетті», дейді А.Әбілова.

Биыл дәрігер болуды қалаған 113 жасқа облыс әкімінің гранты берілген. Қазір 82 түлек медицина университеттерінің бакалавриатында, ал 31 жас резидентурада оқып жүр. Облыс әкімінің грантымен резидентураны бітірген жас маманның бірі – Қуаныш Құбайдоллаұлы. Ол облыстық кардиология орталығына жұмысқа орналасқан.

«Мамандық таңдар кезде медицина саласына аңсарым ауды. Сөйтіп, 2021 жылы облыс әкімінің грантына ие болған едім. Білімімді Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде реаниматолог мамандығы бойынша резидентурада жалғастырдым. Қазір облыстық кардиология орталығында дәрігер- анестезиолог-реаниматолог болып жұмыс істеймін. Жергілікті атқарушы орган тарапынан жастардың жоғары білім алуына осындай қолдау көбірек көрсетілсе, кадр тапшылығы мәселесі шешімін табады», дейді Қуаныш Құбайдоллаұлы.

Дәрігердің айтуына қарағанда, кардиология орталығында жүрекке күрделі операциялар жасала бастаған. Орталық дәрігерлері күн сайын 3-4 операция жасайды.

Басқарма басшысы Қайсар Абдалиевтің айтуынша, кейінгі екі жылдан бері мұнайлы өңір тарапынан медицина саласының қызметкерлерін баспанамен қамтуға назар аударылып келеді. Осы мақсатта арнайы өңір­лік бағдарлама іске қосылды. Бағдарламаға сәйкес дәрі­герлердің бастапқы жарна төлемей, жылдық мөлшерлемесі 5 пайызбен несие алуына болады. Бұл бағдарламаға «Отбасы банк» АҚ қолдау білдірді. Мұндай төмен пайызбен 25 миллион теңгеге дейін несие 19 жылға беріледі.

«Аталған бағдарлама медициналық мекемелерде жұ­мыс істейтін әріптестерімнің қызығушылығын тудырды. Кейінгі екі жылда 100-ге жуық дәрігер осы тұрғын үй бағдарламасы арқылы баспана алуға өтініш білдірді. Арнайы комиссия бағдарлама талаптарына сәйкес өтініш иелерін балдық жүйе арқылы бағалап, қорытынды шығарды. Осылайша, бұл бағдарлама 42 білікті дәрігерлердің тұрғын үй мәселесін шешуге мүмкіндік берді», дейді Қ.Абдалиев.

 

Атырау облысы