Руханият • 27 Қараша, 2024

Аязби хақында әпсана

427 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Хат танитын қазақтың бәрі білуі керек. Өте көне ғасырдан бері келе жатқан «Аязби» дейтін ертегі бар. Ертеде Мадан деген хан болыпты деп басталады, ол өзінің қырық уәзірі арқылы жер бетіндегі ең жаман (болашақ Аязби) адамды іздестіреді. Уәзірлер «ең жаман адам» деп біреуді алып келеді. Оған «атың кім?» десе, «Жаманмын» деп жауап береді.

Аязби хақында әпсана

Шын мәнінде, Жаман жаман болмай шығады, оның сыншылық қабілеті аса қатты дамыған, көреген адам екен. Осы қасиетіне тәнті болған хан Жаманнан сұрайды:

– Ей, Жаман, сен мені сынашы, мен неше атамнан бері хан екенмін? – дейді. Жаман тақта отырған ханның алды-артын шолып шығып, оның бетіне тіке қарап тұрып:

– Тақсыр ханым! Ақыл-ойың ешкімнен кем емес, бірақ хандық қара басыңда, қарадан туып хан болғансыз, атаңда хандық жоқ, – дейді. Хан Жаманның сөзін бөліп:

– Жоқ, қате айтасың! Мен жеті атамнан бері ханмын. Өзімді қойғанда алты атамды қайда жібересің? – деп зекіреді. Жаман саспайды.

– Жоқ, тақсыр! Сіздің қара басыңыздан басқа тегіңізде хандық жоқ. Сіз нағыз наубайшының баласысыз, – дейді.

Хан туған анасын алдырып, шындықты айтуын сұрайды. Анасы ақиқатын айтып, оның шын мәнінде ханның ұлы емес екенін, өзіне дейінгі он тоғыз әйелді әкесі Зәрлі хан кілең қыз туғаны үшін жарып өлтіргенін, құрсағына көтергені қыз екенін тәуіптер арқылы біліп, шыбын жанын сақтап қалу мақсатында өзімен бір мезгілде ұл көтерген сарайдағы наубайшының әйелімен жасырын келісіп, кейін күні жеткесін нәрестелерді алмас­тырып, содан бері екеуі бұл жөнінде ешкімге тіс жармағандарын тәптіштейді. Хан:

– Япырмай, менің наубайшының баласы екенімді қайдан білдіңіз? – дейді. Сонда Жаман:

– Мен жаман-жақсы болсам да үйіңізге келген қонақ едім. Хандардың ішер асы – жал мен жая аузы­ңызға түспей, нан, көже түсіп, мені келісімен ас­пазға жібердіңіз. Салтыңызға тарттыңыз. Сіздің хан тұқымынан емес екеніңізді содан байқадым, – дейді.

Толыбай дейтін атбегі-сыншы жолау­шылап келе жатып, анадай жерде жатқан аттың қубасын көзі шалады. Тізгінді тартып тұра қалып: «Мынау ерен жүйріктің басы екен, имек тұмсық, бөкен танау, көзінің ойындысы терең, жар қабақ, екі жақтың ортасы алшақ, тістері әлі жалтырап тұр, сүйегі қандай асыл еді жануардың. Мына тұмсығына қарағанда шоқтығы биік, аяғы ұзын, қоян тірсек, серпіні қатты, сіңірлі екен. Құмдауыт, босаң, көбелең жерде бәйге бермейтін жылқы. Жасы тоғыздан асып, онға қараған дер шағында өлген екен, жануар. Аттың өлгеніне үш жыл болыпты» депті.

Бұл дүниелерді неге айтып отырмыз? Бұрын­ғы қазақтар алдындағы тұрған тірі жанның көз­ге көрініп тұрған сыртқы сипатын былай қойып, оның тек-тұқымы кім екенін танитын. Бұндай қабі­летті қазақ «сұңғылалық» деп атаған. Толы­бай­ды көрмейсіз бе, далада қаңсып жатқан қу басқа қарап қалай сөйлегенін.

Біздің қазақ дәл осы қабілетінен айырылып қалды. Дос пен қасты ажыратпайды? Шығыс даналығы десек те болар, «қорлыққа (қор болған) ұшыраған жұрт қабілетінен айрылады» дейтін тәмсіл бар. Демек, қор болу деген не, соған тоқталайық. Абай айтады: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшінші – залымдық. Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеде ешбір нәрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік хайуандық болады.

Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады.

Залымдық – адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір жыртқыш хайуан қисабына қосылады» дейді.

Бұндай қорлықтан қалай құтылуға болады? Оның жолын тағы да Абай айтады: Қорлықтың емі – халлақына махаббат, халық ғаламға шапқат, – дейді. Демек, қауымының халлаққа (иманға) сенім-махаббаты жоғалса, халық ғаламға (ел-жұртқа) мейірім-шапағаты азайса, ол жұрт қабілетінен ­айырылып, қор болады екен.