Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Бурна Бой дейтін әншінің «Last, last» деген әнін ілесіп айтып,бүкіл вагонды басына көшірді. Ешкім үндеген жоқ. Сәлден соң төбелес іздеді ме, қасыма келіп қайдан келгенімді сұрады. Айтып едім, «ондай мемлекетті білмеймін», деп өз сөзіне өзі күлді.
Пойыз терезесінен сыртқа көз салдым. Қараша соңы болса да, далада сыз жоқ. «10 минуттан кейін Балтиморға жетеміз», деп хабарлады. Пойыз бекетке тоқтаған соң, бірнеше адам сыртқа шығып, бірнешеуі жаңа жолаушы ретінде ішке енді. Әлгі қара жігіт те осы жерде ғайып болды. «Kurt Vonnegut»-тің «Мысыққа арналған бесік» атты романын оқып, өз ойыммен әбігер болып отырмын. Кенет қатарлас орындағы бір кішкене бала мазасызданып жылай бастады. «Can I play a game?» дегенді қайталай берді. Отыздың жуан ішіндегі келіншек «Apple» планшетін сөмкесінен суырып алып, ұлына ұстатты. Көзін төңкеріп бері қарағанда, оның азиялық екенін байқадым.
«Балтимордан өтіп бара жатырмын. Кеште қайтамын», деп әлдекімге дыбысты хабарлама жібергенімде, ол мен жаққа жалт қарады. Сәл үнсіздіктен кейін «Қазақстаннан келдіңіз бе?» деп орысша сұрады.
– «Yes, I am from Kazakhstan». Бірақ орысша түсінбеймін деп ағылшынша сөйлеп едім, ол сәл езу тартты. Мені қырсық біреу деп ойласа керек. Терезеге қарап біраз уақыт отырды.
«Мұнда оқисыз ба? Есіміңіз кім?» деген сұрақтарым оның ойын бөліп жіберді. Шын ба, өтірік пе, Құдай біледі, есімі Зарина екен. Тыныш отырмай ұлының атын сұрадым.
Тергеушісіз бе дегендей бажырая қарады да: «Ұлымның аты Елімай», деді.
Қапелімде не дерімді білмей, отырдым да қалдым. «Келесі аялдама Wilmington бекеті», деп хабарлады. Пойыздан түсіп бара жатып онымен қоштастым. Басын сәл изеді. Елімай анасының тізесіне басын қойып пысылдап ұйықтап жатыр. «Amtrack» пойызы Американың солтүстік даласын бетке алып кетіп барады. «Иә, оның аты Елімай екен», дедім күбірлеп. Күбірімді өзімнен басқа ешкім естіген жоқ.