Зерде • 06 Желтоқсан, 2024

Жыраулар поэзиясын америкалықтар оқыса...

252 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Тізгін қағар

АҚШ-тың Питтсбург университетіндеміз. Әлем­нің әр қиырынан келген ғалымдар аталған оқу ордасында болатын кезекті Орталық Азия туралы халық­аралық конференцияда ой бөліспек. Сәті түскенде, кейбірімен танысып үлгердік.

Жыраулар поэзиясын америкалықтар оқыса...

Автор америкалық ғалымдармен

Бірі Ираннан, енді бірі Мысырдан, тіпті сонау Танзаниядан ат арытып келген білімпаздар да бар екен. Бәрінің ортақ тақырыбы – Орталық Азия. Конференцияда әркім өзі қызыққан тақырыпқа тыңдаушы болуға таңдау берілген. Мен осы мүмкіндікті пайдаланып Крис Атвидтің аудармасымен жарық көрген «Моңғолдың құпия шежіресінің» ағылшынша таныстырылымына қатыстым. Аудармашы мен моңғол тарихын зерттеген ғалымдар аталған еңбектің құндылығы мен оның аудармасы хақында жақсы баяндама жасады. Іс-шара біткен соң, аудармашы, ғалым Атвидпен кездесіп, аз-кем әңгімелестім. Ол осы кітапты аудару үшін моңғол тілін үйренгенін, Орталық Азияға сапарлағанын айтты. Әредікте мен оған «Құпия шежіредегі» Таян хан, Тұғырыл хан дегендердің қазақ екенін білесіз бе?» деген сұрақ қойдым. Ол білмейтінін айтып, сәл қысылды. Ары қарайғы әңгіме Орталық Азиядағы әдеби туындылар, ауызша әдебиет жөнінде өрбіді. Сөздің бір кезегінде оған қазақтың жыраулар поэ­зиясы туралы айтып едім, тыңдағысы келетін емеу­рін танытты. Көшпелі халықтардың өмірін жіті зерттегендікі ме, әлде қызыушылығы оянды ма, ол «осы жырлардың ағылшынша нұсқасы бар ма?» деп сұрады. Аудармасының жоқ екенін айтып, әуенін тыңдаттым. Сол сәтте Питтсбург университетінің әлдебір бұрышында найза мен қаламды қатар ұстаған ер Доспамбеттің «Тоғай, тоғай, тоғай су, тоғай қондым, өкінбен. Толғамалы ала балта қолға алып, топ бастадым, өкінбен» деген жүрекжарды жырлары асқақтап тұрды. Сәлден соң ол: «Бұл – сөзсіз ғажап дүние. Сіз бұл жырларды аударып, осында насихаттасаңызшы», деген ойын айтты. Содан бері сол бір ғалымның ұсынысы есіме түскен сайын «егер жыраулар поэзиясын америкалықтар оқыса қайтер екен?» деген ой мазалайды да жүреді. Мүмкін олар біздің поэзиямыздың үлкен қуатын аңғарар.

 

Ой тартар 

 Виржиния штатының Арлиңтон қаласындағы жалға алған пәтерімізде әр күні кеште бәсең дыбыспен жыраулар жырын қойып, екі ұлымыздың арқасын сипап ұйықтатамыз. Бұлай істеуімізге америкалық көршілеріміздің «балалары шулайды, мазасыз» деген іркес-тіркес арыздары себепші болды. Басында бұндай ескі әуен мен мәтінге құлағы үйренбеген балаларымыз бара-бара жыраулар жырымен тез тіл табысып кетті.

«Жазыда көп-ақ жортқан екенбіз,

Арғымақтың талдай мойынын талдырып,

Үйде қалған арудың ал иіндігін алдырып».

Бір ойласаң, мұхиттың арғы шетінде елі мен жерінен алыс жүрген жеткіншектерге бесік жыры болған Доспамбеттің өлеңінен артық қымбат ештеңе жоқ шығар. Отбасылық дәстүріміз осылай жалғаса берді. Қазір әр күні кешкі тоғыз жарымда біздің құлыншақтар ұйқыға кетерде Шалкиіз бен Доспамбеттің жырларын тыңдап, ұзаса 10-12 минутта пырылдап ұйқыға кетеді. Бұл тәжірибеден кейін маған жыраулар поэзиясының адамның миын, жан дүниесін тыныштандыратын біз білмеген өзгеше қасиеті бар ма деген ой келді. Бар болуы ғажап емес. Кезінде күллі елді оятқан, рухымызды түлеткен, найза ұстағанға дем беріп, дала мен аспан арасына сән қосқан жырларды біз әлі толық танып үлгермедік. Ал оның ғажайып қуаты мен күші жөнінде де әлі талай заман ойланармыз. Бұндайда тағы жыраулар поэзиясын америкалықтар оқыса ғой деген ойдың шүңетіне құлайсың.

 

 Сірге жияр

Арысын айтсақ, жыраулық дәстүр бұл тек қазақтың ғана емес, бүкіл көшпелі халықтардың ортақ рухани қазынасы. Бөгенайы бөлек жырлардан біз сол халықтың тарихын, мәдениетін, ұлттық дүниетанымын, философиялық ойларын аңдаймыз. Біз білетін башқұрт пен татар, қарақалпақ пен ноғай, тыва мен қырғыздың жырау­лық дәстүрі эпикалық мазмұн, ойды жеткізу тәсілі, ауызекі орындау дәстүрі жағынан ортақ ерекшеліктерге ие.

Ал бұл дәстүр сонау Батыс жұртында да бар екені анық. Еуропада да түрлі формада сақталған бай мәдени мұра ретінде жырлар қарастырылғаны белгілі. Ирландия мен Шотландияны мекен еткен кельттердің жыраулық өнерінің бір түрі ретінде бардтар ерекше маңызға ие. Олар осы арқылы тарихи оқиғаларды, батырлық жорықтарды, мифо­логиялық оқиғаларды жырға қосқаны анық. Бардтар тек ақын ғана емес, сонымен қатар тарихшы, шежіреші, халық алдындағы беделі жоғары тұлғалар болған. Ал исландиялық сага жырлары өмір философиясын негіз еткен жырларды поэтикалық үлгіде жұртқа ұсынып келді. Зерделеп көрсек, бәрінің мақсаты бір, ерекшелігі ортақ. Бәрі ескі тарихты кейінге жеткізіп, дәуір ағынында жоғалып кетпей, қайта жаңғырып отыру. Сол үшін де олар ауызша жырлау дәстүрін ұстанғаны белгілі. Адам миының ақ қағаз бен көк сиядан да қуатты екенін, мейлі қаншама да­уыл тұрсын, қандай ықылым заман болсын, оның өшпейтінін бағамдаған. Кәрі тарих бетінен қаншама қолжазба ұшты-күйлі жоғалып кетті. Ал адам санасына жазылған құндылықтардың көбі сақталып келеді. Санаға сақталған ойдың сан жылдық ғұмыры бар екенін әлемнің әр қиырында құнын жоймаған жырлар түсіндіріп беріп жатыр. Ойды ой қуалап, тағы да айтарымыз, біздің жырау­лар поэзиясын америкалықтар оқыса...