Жәдігер • 10 Желтоқсан, 2024

Мәдинадағы қыпшақ садағы

230 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәдина қаласын білмейтін адам жоққа тән. Себебі бұл шаһар – мұсылман баласы зиярат етуге бұйырылған әлемдегі қасиетті үш орынның бірі. Оның сыртында бұл шәріде пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) мешіті орналасқан һәм соңғы бақилық тұрағы да (зираты) осында.

Мәдинадағы қыпшақ садағы

Бұрындары бұл қала тек құл­шылық өтеуге тиіс қасиетті нысан ре­тінде белгілі болса, қа­зіргі таңда ислам діні мен мәдениетінің рухани ордасы іспетті тарихи-танымдық орындар бой көтеріп жатыр. Соның бірі – Пайғамбар мешітінің артқы қапталында бір ша­қырымдай қашықтағы әл-Анбария ауданы аума­­ғындағы әл-Хижаз темір­жол вокзалының ғима­ратында орналасқан Дар әл-Мәдина атты өнер му­зейі. Бұл мәдени ошақ 1998 жылы ашылған екен.

Қазіргі таңда музей екі қабаттан және 16-ға жуық бөлмеден тұрады. Онда исламға дейінгі дәуірдің экспонаттары және Сауд Арабиясының тарихына қатысты арнайы бөлім бар. Мұражайда сонымен қатар қолөнер дүкені, сау­да алаңы, кофехана және мейрамхана бар.

Аталған музейде қазақ садағының атасы саналатын көне қыпшақ садағы сақтаулы тұр. Оқырманға түсінікті болу үшін ашалап айтатын дүние – 622 жылы Мәдина қаласында Мұхаммед пайғамбар не­гізін қалаған Ислам хали­фатының байрағы 1259–1517 жылдар аралығында мысырлық қыпшақ-мәм­лүктердің қолында бол­ды. Яғни осы жылдары күллі Хижаз даласына мысыр қыпшақтары би­лік жүргізіп, қарудың к­ү­шімен далалық араб-бәдеуилер тарапынан сау­да керуендері мен қа­жыларды тонау ісі өрістеп кетуіне байланысты, оларды қорғау үшін Мәдина қа­ласына көшпелі әскери база орналастырады.

Мәдина музейінде тұрған қыпшақ садағы сол дәуірден қалған мұра екені анық. Аталған садақтың құрылымы мен жасалу тәсілі ежелгі азиялық көш­пелілер үлгісіне ұқсас, кә­дімгі мүйіз астар­лы, та­рамыс дәртелі ежел­гі ғұн садағының дәл өзі. Дей тұрғанмен бөлшек­терін құрастырғанда аша­сына пайдаланып, са­­дақтың жалпы тұр­па­тына тұтқасы мен сұ­ғыны жалғанған.

Садақ ат үстінен атуға ыңғайланғандықтан моң­ғол садағына қарағанда пошымы шағын. Сұғы ежелгі ғұн садағына қа­рағанда қысқалау әрі арнайы бөлігі бар. Жалпы пішімі: тұтқа, корпус, кассан және сұқ қатарлы төрт бөліктен тұрады. Тұтқасы Азия садағынан өз­гешелеу, иіні алға қа­рай қарынсал шығыңқы пішінде һәм жұмыр емес жалпақтау. Бұл қарудың басты ерекшелігі – өте қуатты, тек мықты мергендер ғана тарта алатындай.

Бір қызығы, музейде тұрған қыпшақ садағы – отты қару толық қол­данысқа енгенге дейін Шығыс Азия, Кіші Азия жерінде жауынгерлік қа­ру­дың басты атрибуты ретінде қызмет атқар­ған. Мәдинадағы қып­шақ садағы әлемдік қару­танушылардың пайымы бойынша «татар садағы» тобына жақын. Өйткені татар садағының тұтқасы түрік садағы сияқты алдына қарай шығыңқы жасалады.