Аймақтар • 10 Желтоқсан, 2024

Ертіс елеңдетіп тұр

124 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ертіс өзені қыс ортасында арнасынан асып, тасып жатыр. Кей жерлерде жайылмаларға су жайылып, ауыл тұрғындары жазда шауып қойған шөптерін қыстақтарға жеткізе алмай отыр.

Ертіс елеңдетіп тұр

Ертіс өзенінде қараша айының соңынан бе­рі су деңгейінің кө­терілуі байқалады. Өзеннің ойпаң тұстарында су арнасынан шығып, жайылмаларға жа­йылған. Бұл жағдай ауылдағы мал баққан жұрттың шөбін қыстақтарға жеткізуіне қиындық тудырып отыр.

Ақтоғай ауданындағы «Ғибрат» шаруа қожалығының бас­шысы Азамат Қожмағам­бетов су күннен-күнге көбейіп, жайыл­малардағы жыраларда гү­ріл­деп ағып жатқанын айтады. Сал­дарынан тоғай ма­ңын­да шабылып, оралып қойған шөптерді ауылға жеткізу мұңға айналған.

– Кеше түнде ғана жайылмаға барып, шабындық жаққа өтудің мүмкіндігін қарап келдім. Тех­ника өте алмайды, себебі су өзен арнасынан шығып, қатты екпінмен жыраларға құйылып жатыр. Өзімнің және «Елдос» шаруа қожалығының жалпы көлемі 200-дей шөп орамасы қалып қойды. Қыс болса келді, алда күн суытып, аяз түсе­ді дейді ауа райын болжаушылар. Егер шөпті жеткізе алмасақ, қораға кірген малымыз қырылатыны анық. Мұндай жағдай біздің өңірде болып көрмеген, алғашқы рет кезігіп отырмыз. Тек біздің Жаңабет аулында ғана емес, төңіректегі өзге елді мекендердің халқына да қиын болып тұр, – деп мұңын шақты фермер.

«Қазгидромет» мекемесінің мамандары Ертіс өзенінде соң­ғы он күнде су деңгейі кө­те­рілгенін растады. Бұған Шы­ғыс Қазақстандағы каскадты су қоймаларынан судың мол кө­лемде босатылғаны себеп болған көрінеді. 

– Ол су біздің өңірге 10-15 күнде келіп жетті. Соның әсе­рінен өзеннің кей тұстарында деңгейі артты. Мәселен, Павло­дарда 82 сантиметрге дейін, ал Абай облысымен шекаралас тұста 1,5 метрге дейін көте­ріл­ген. Су деңгейінің артуы өзен арнасының кеңдігіне, ағынға байланысты өзгеріп отырады. Оның үстіне өзенде мұз қату үдерісі әлі жүріп жатыр. Кей жерлерде әлі толық қатып үлгерген жоқ. Судың күрт көтерілуіне мұздың да әсері болды. Қазір деңгейі төмендеп, өз арнасына түсті. Елді мекендер мен жайылмаларға қауіп жоқ. Алда­ғы уақытта қалыпты деңгей сақ­талады, – деді «Қазгидромет» РМК Павлодар облыстық филиа­лының инженер-гидрологі Марина Минчакевич.

Су ресурстары комитетінің су ресурстарын пайдалану және қорғау жөніндегі «Ер­тіс» бас­сейндік инспекциясы басшы­сының орынбасары Елеусіз Қамбаров Үлбі су қоймасынан мол судың жіберілгені мәжбүрлі қадам дейді. Жауын-шашын мен қалың жауған қар салдарынан қоймада су көбейіп кеткен.

– Шығыс Қазақстанның жо­ғары жағында Бұқтырма су қоймасы тұр. Одан бері Шүлбі су қоймасы орналасқан. Ертіс өзеніне жіберілетін судың барлығы Шүлбіден шығады. Не­гізі су қоймасынан өзенге жыл он екі ай бойы су жіберіліп жатады. Қыста оның орташа көлемі секундына 650 текше метр. Бұл көлемнің ешқандай қаупі жоқ. Қараша айында қоймада су мөл­шерден тыс көбейіп кетіп, көбірек су босатуға мәжбүр болдық. Әрі қойманы алдағы көктемде келетін мол суға да­йын­дауымыз керек. Биыл қыста мұндай су енді болмайды. «Қазгидромет» мекемесі ауа райына, жауын-шашынға байла­нысты ұзақ мерзімге болжам жасай алмайды, себебі ол өзін ақтамай қалады. Синоптиктер қаңтар мен ақпан айында қар көп жауады деп болжап отыр. Соған орай су көп болуы мүмкін. Алдағы уақытта су режімін реттеу жалғаса береді, бірақ мұндай күрт көбею болмайды деп ойлаймыз, – деді Е.Қамбаров.

Жергілікті мамандардың пі­кірінше, Ертіс өзеніндегі судың көлемі мен сапасы жеткілікті бақыланбай отыр. Өзен Шығыс Қазақстаннан облысымызға кіргеннен бері қарай 250 шақы­рым жерде бірде-бір гидробекет жоқ. Облыс көлемінде аталған өзенді бақылайтын небәрі 5 бекет бар екен. Оның екеуі – облыс орталығында, өзгесі Тереңкөл, Ертіс, Железин аудандарында орналасқан.

«Бірінші гидрологиялық бекет – қала аумағында орналасқан Павлодар гидрологиялық бекеті (затон), ал облысқа кіреберістен ша­мамен 250 км қашықтықта бірде-бір гидрологиялық бекет жоқ. Сәйкесінше, гидрологиялық режім бақылауға алынбаған. Осыған байланысты біздің филиалымыз Аққулы ауданында гидрологиялық бекет ашу туралы ұсынысты «Қазгидромет» РМК қарауына жолдады. Бір ғана бекет арқылы судың 48 түрлі көрсеткішін бақылай аламыз», дейді «Қазгидромет» РМК Павлодар облыстық филиа­лының басшысы Галина Шпак.

Павлодар облысы аумағынан ағып өтетін Ертіс өзенінің ұзын­дығы – 720 шақырым. Ар­наның орташа ені 600 метр болса, кей жерлерде ол 3,5 шақырымнан асады. Өзеннің су жинау алаңы – 260 мың текше шақырым, орташа тереңдігі – 3-4 метр. Шығыс Қазақстандағы бөлігі бөгендер каскадымен бөгелген. Өзен бойын­да технологиясы соған тәуелді ондаған үлкен кәсіпорын, электр стансалары орналасқан.

 

Павлодар облысы