Күні кеше ғана «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болған «қанды балақ, шұбар төс» тоталитарлық империяның орнында пайда болған он бес тәуелсіз республиканың әр қимылы мен әр аттап басқан қадамына төрткүл әлем көзін қалай қадағаны, есебін тауып, «малын түгендеп», есігімізден кіріп, төрімізге қалай ұмтылғаны, мақсат-мүдделерін жүзеге асыруға қалай кіріскендері – бәрі-бәрі көз алдымыздан өткен жоқ па?
Кеңес одағы дейтін алып елдің сары жұртында өмірге келген тәуелсіз Қазақ елі де осындай түпкі есебі ішінде жасырынған әккі саясаттың арбауы мен алдауынан айналып өте алмады… Әрине… Бүгінгінің биігінен қарап тұрып, шешім айту да, ұсыныс білдіру де оңай. Ал кеше етек-жеңі дар-дар айырылып, жағасы біреудің, жеңі біреудің, кеудешесі біреудің қолында кеткен бір бүтін экономиканың аянышты жағдайын қалыпқа келтіру мүмкін емес, гиперинфляция асау аттай аласұрған тоқсаныншы жылдардың құрығынан құтылу үшін не істеу керек еді? Бұл сұрақ ел тізгінін ұстаған Президенттің де, Президентіне сеніп билік тізгінін берген қалың елдің де алдында тұрды.
Сол тұста өзінің 75 жылдығын атап өткен «Егемен Қазақстан» батыл-батыл ұсыныс-пікірлері мен халық көкейін тескен саяси-экономикалық, рухани мәселелерді жүйелі түрде көтерді. Жекешелендіру деген желеумен ұлттық компаниялардың әділетсіз бөлістің жемі болып бара жатқанын, ауыл өміріндегі өрескел қателіктер мен әттеңдерді, рухани өміріміздегі, атап айтқанда, кітапханалар мен клубтардың жабылуы туралы елдің жанайқайын айтып, үкімет басшысын сынға алған ақ семсер мақалалардың жарық көруі басылымның халықшыл мінезі мен қоғамшыл қалыбын танытады.
Ұлы далаға әртүрлі мақсат-пиғылмен келген әралуан мінезді ұлы жұрттар «жаңаша» өмір сүру мен «жаңа» қоғам орнатудың сабағын оқытып, дәрісін бере бастады… Қысқа мерзім ішінде бар өмірлері жоспарлы экономикаға негізделіп, меншіктің бір ғана үлгісімен ғұмыр кешуге қалыптасып кеткен халқымыздың санасына кіре қоюы қиын «нарық» дейтін аты да, заты да беймәлім өмір сүру үлгісі салт-санамызға жедел енгізіле бастаған жаңа экономикалық-қоғамдық қарым-қатынас ел өмірін тығырыққа тіреді… Ұжымшар, кеңшарлар таратылып, зауыт, фабрикалардың жекешелендірілуі халық арасында түсініксіздік туғызды… Біреу байыды, біреу тақыр кедейге айналып, Атырау мен Алтай арасында жатқан байтақ жұрттың көкірегінде сауал көбейді. Қалың ел кедейшілік құрсауынан шығудың жолын іздеді. Дүрбелеңі мол, дүрбісін алысқа салатындардың қатары көбейді… Америка ақиқаты мен шындығын жеріне жеткізіп жазған Драйзер романдарының кейіпкерлері қазақтың ауылы мен қаласын оңды-солды кезе бастағандай әсерге бөледі. Елдің іші де, сырты да жоқшылықтың құрсауына қамалды…
Міне… Тоқсаныншы жылдардың жасыруға көнбес ащы ақиқаты – осы!
Тәуелсіздік Қазақ жеріне осындай тарихи катаклизмдердің оты лаулап тұрған аса қиын да күрделі алашұбар кезеңде келді! Жасыратыны жоқ, алдымызда жадап-жүдеп, жоқшылықтың жетегінде, қайыршылықтың қанатында келген Тәуелсіздік дейтін тұмардай киелі, бабалар рухындай қасиетті, Алаш ұранындай асқақ, ұлт үшін, ұрпақ үшін ауадай қажет ең ұлы құндылығымызды қызғыштай қорып, сақтап қалу міндеті тұрды!
Қазақ елі осындай тарихи таңдаудың «тар жол, тайғақ кешуін» басынан өткеріп, өз тағдырын өзі замана сынынан алып өтуге бел буған ұлт үшін аса жауапты кезеңде мен редактор болған жылдарда айналама топтасқан қазақтың бір топ талантты журналистері (Мамадияр Жақып, Мыңбай Ілес, Нұри Мұфтах, Аян Нысаналин, Ержұман Смайыл, Нұртөре Жүсіп, Жанат Елшібек, Қайнар Олжай, Рысбек Сәрсенбай, Еркін Қыдыр, Мейрамбек Төлепберген, Қали Сәрсенбай, Сүлеймен Мәмет, Ғабит Мүсіреп т.т.) бас басылымның туын биік ұстап, ел намысы мен рухына қайрақ болар халықтың көкірек көзін ашуға ұмтылған материалдарды жиі ұйымдастырып отырды. Өздері де өткір-өткір мақалалар жазып, уақыт, заман, қоғам өмірі мен адам мінезіндегі күнгейлі, көлеңкелі өзгерістерді талдап, саралап отырды.
Иә...
Жоқшылық етектен тартып, ел үміті сергелдеңге түсе бастаған кезеңде «Егемен» ел сенімін қалғу мен ұйқыдан арашалар сыни бағыттағы өткір мақалаларды үзбей басып отырды.
Жеңіл болған жоқ! Ауыр деп тізе бүкпедік!
Жиырмасыншы ғасырдың елең-алаң басында сол тұстағы ел астанасы Орынборда «Ұшқын» деген атпен жарық көріп, өмірге келген ұлт басылымының көрген құқайы мен қиындығы осы ғана ма еді? «Күн ашықта – мойнында, күн тұтылса – қойнында» деген халық мақалын жадымыздан шығармай жүріп, тәуелсіз еліміз басынан кешкен кезеңнің күнгейлі тұсында да, көлеңкелі сәт-сағаттарында да халықпен бірге болдық! Ұлт газеті деген айдарымызға адал болуға тырыстық. Ел тұтастығына ойымыз бен санамызды бағыттадық! Сөзімізді арнадық! Алда-жалда бұл айтқанымызға күдікпен қарағысы келетіндер болса, 1993, 1994, 1995, 1996 жылдардағы «Егеменнің», сондай-ақ «Егеменнің» «Ел» және «Қазақстан» қосымшаларын қайыра бір сүзіп шығуына болады.
Артығымызды да, кемімізді де таразыға қойып, ақ-қарасын анықтар, әр сөзіміз бен әр ісіміз үшін ертелі-кеш жауап алар Уақыт атты ұлы сарапшының барын бәріміз де білеміз. Ұрпақ ауысып, ұлт түлеп, өмір өзгерісі молайған сайын осы бір адам санасы мен ғалам кескініне өзінің шексіз билігін жүргізуші Уақыт дейтін құдіретті күштің ұлы сарапшы ғана емес, екі дүние арасын жалғап жатқан ұлы сыншы, ұлы ұстаз екеніне де көзіміз жете түсуде.
Тәуба! «Егеменіміз» сол Уақыт атты қатал ұстаз, қатыгез сыншының талабы мен тілегінен сүрінген кезі жоқ! Жасы жүз беске келген жүрегінің жалыны мен оты мол абыз ойлы басылымды мерейлі мерекесімен осыдан отыз бір жыл бұрынғы бас редакторы ретінде құттықтағым келеді!
Тағың мен бағың орнында болсын, ел тынысы болған «Егемен!».
Нұрлан ОРАЗАЛИН,
«Егемен Қазақстан» газетінің 1993-1996 жылдардағы бас редакторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты