Егемен Қазақстан • 10 Желтоқсан, 2024

Басылым салдырған білім ордасы

86 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл ел газеті «Еге­мен Қазақ­стан­­ның» жа­рық көргеніне 105 жыл толады. Кешегі «Ұшқын­нан» бүгінге жет­кен басылым қай уақытта да ұлтқа қызмет етуден айныған жоқ. Осыдан 5 жыл бұрын басылымда біздің Сексеуіл кентінде жүздеген баланың күнделікті темір­жол аумағынан өтіп, орталықтағы мектепке ба­рып жүргені туралы жазылған мақаладан кейін Мем­ле­кет бас­шысының тапсырмасымен жаңа білім ошағы бой көте­ріп, осыдан үш жыл бұрын қолданысқа берілді.

Басылым салдырған білім ордасы

Жалпы, кейінгі жылдары ірі торап­тық станса қа­тарындағы Сексеуіл кен­ті­не қоныстанушылар қа­тары көп. Жыл сайын түр­лі нысандар ашылып, кә­сіп бастағандар да көбейіп келеді. Осыған көңіл тоғайт­қанымызбен мұндағы мектеп мәселесі көбімізді күміл­­жіте беретін. Кейінгі 20-30 жылда пайда болған жаңа аудандағы мектеп мәселесі біраз жылдан бері дүркін-дүркін көтеріліп, салалық министрлікке сан мәрте жолданғанымен шешілмей келгенін де білетін едік. Күн­делікті 14 рельсті кесіп өтіп, орталықтағы білім ошағына қатынап жүрген 360 баланың жайын ойлаған жұрт үміті үзіле бастағанда 2019 жыл­дың 10 жел­­тоқсанында «Egemen Qazaqstan» газетінде басылымның облыс­тағы мен­шікті тілшісі Мұ­рат Жет­пісбайдың «Теміржолды жағалап топ бала жүр» деген мақаласы шыға қалды. Ертесі «осы мақалаға Мемле­кет басшысы назар аударып, Үкіметке тапсырма бе­ріпті» деген хабарды естіп, бір-бірінен сүйінші сұрағандар көбейді.

Осылайша, кенттегі жаңа ауданнан орын тепкен №283 орта мектеп 2021 жылдың 1 қыр­күйегінде есі­гін айқара ашып, алғашқы шәкірттерін қабылдады. Екі ауысымда 442 бала білім алатын мектепте 20 сынып кешені, спорт, мәжіліс залдары, кітапхана мен асхананы аралап көрген жұрттың сол сәттегі қуанышын сөзбен жеткізу қиын еді.

Осы күні 300 орындық білім ошағында 69 мұғалім мен 37 кіші қызметкер жұмыс істеп, 440 бала оқып жатыр. Үш жыл ішінде ұстаздар мен оқушылар көп­теген жетістікке жетті. Биылғы оқу жылында жал­­пы білім беретін пән­дер республикалық олим­пиадасының аудандық ке­зеңінен мектептің 9-11-сынып оқушылары құқық негіз­дері пәнінен жүлделі 1-орын иеленіп, облысқа жолдама ал­ды. Тарих, биология, ағыл­шын тілі мен география пән­де­рінен де жүлделі орыннан көрінді.

Жаңа мектеп оқушылары 2021-2022 оқу жылында үш үздік, бір ерекше аттестат иеленсе, келесі жылды екі «Алтын белгі», бір үздік, төрт ерекше аттестатпен түйін­депті. Былтырғы оқу жылы қорытындысы бір «Алтын белгі», екі ерекше аттестат болып отыр. Осы оқу жылында мектепте төрт «Алтын белгі», бір «Үздік аттестат» және төрт ерекше аттестаттан үміткерлер бар екен.

Мектеп шәкірттері түр­лі ғы­лыми жобалар мен спорт­тан да алда келе­ді. Бі­лім ордасындағы ұстаздар мұғалім­дер лигасы жарысында волейболдан 2-орын ие­ленді. «Ұлттық мектеп лига­сы» жобасына қатысқан 7-8-сынып оқу­шылары бірінші орын биігінен көрін­ді. Мектеп оқушылары арасында өт­кізілген дәстүрлі аудан­дық спартакиа­дада футзалдан 8-9-сыныптар оқушы­ларынан жасақталған қыздар командасы екінші орын тұғырына көтерілді.

Жаңа үлгіде салынған екі қа­бат­ты мектеп ауласында жасыл желек жай­­қалып, айналасы бақ­шаға ай­нал­ған. «Жасыл желек» жобасымен жұ­мыс іс­тейтін мектеп ауласында өскен жемістер мен бақша өнімдері мүмкін­дігі шек­теулі отбасыларына таратылып беріледі.

Жұртшылық арасында «Еге­мен» салдырған мектеп» аталып кеткен білім оша­ғының бүгінгісі осындай.

 

Тәуекел ЖҰМАҒАЗИЕВ,

зейнеткер

 

Қызылорда облысы,

Арал ауданы,

Сексеуіл кенті