Сұхбат • 10 Желтоқсан, 2024

Ержан ЖЫЛҚЫБАЕВ: «Таза бейсенбі» – ортақ мақсатқа топтастыратын маңызды жоба

76 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Елімізде «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында «Amanat» партиясының «Таза бейсенбі» эко-челленджі жалғасты. Қоршаған ортаны сақтап, экологиялық мәдениетті қалыптастыруды көздеген бастамаға әр апта сайын еліміздің түкпір-түкпіріндегі ерікті жастар, белсенді студенттер, түрлі мекеме қызметкерлері мен ғалымдар да атсалысып келеді. Осы орайда партия хатшысы Ержан ЖЫЛҚЫБАЕВТАН жалпыұлттық науқан аясында атқарылып жатқан жұмыс төңірегінде сұхбаттасқан едік.

Ержан ЖЫЛҚЫБАЕВ: «Таза бейсенбі» – ортақ мақсатқа топтастыратын маңызды жоба

– Ержан Жұматұлы, ең алдымен «Таза бей­сенбі» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмысқа тоқталсаңыз?

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат­тар депу­таттарының ІІ республикалық форумында «Таза Қазақстан» бастамасы жыл он екі ай бойы жалғасуға тиіс, бұл іс-шарадан бірде бір елді мекен шет қалмауы керек екенін баса айт­ты. Осылайша, жалпыұлттық деңгейдегі бастама бүгінде қоғамда таза­лық мәдениетінің орнығуына ықпал­дасты.

Шын мәнінде, кез келген өркениетті елдің басты ұстанымының бірі – тазалық пен тәртіп. «Таза Қазақстан» экологиялық науқанының мақсат-міндеті қаламыз мен даламызды қо­қыс­тан тазартуға негізделсе де, түпкі идея­сында әр қиырдағы қазақтың бойы­на ең алдымен жүрек пен ниет, ой мен сана тазалығын сіңіру деген ауқым­ды идеологиялық тәрбие жатыр.

Жаны таза адамның айналадағы тазалыққа деген де көзқарасы өзгереді. Осы мақсатта «Amanat» партиясы – Президент реформаларының қоғамдық тірегі ретінде биыл 6 мау­сымда «Таза бейсенбі» акциясын қолға алып, азаматтар арасында жаңа экологиялық мәдениет пен қоршаған ортаға деген саналы көзқарас қалып­тас­тыруды мақсат тұтты. Яғни «Таза бейсенбі» – Мемлекет басшысы бастама­сының жүйелі жүзеге асырылуына үлес қосатын, халықты ортақ мақсат төңірегінде топтастыратын маңызды жоба.

Партиямыздың сайлауалды бағдар­ламасында қамтылғандай, «Ama­nat» еліміздегі барлық экологиялық мәселені шешуге ниетті. Табиғи тең­герімді қалпына келтіріп, ауаны, жер мен суды тазартатын уақыт жетті. Сондықтан акция басталмас бұрын ең алдымен елді мекендердегі ластанған аумақтардың картасы әзірленді. Оның негізінде жол бойы, өнеркәсіптік аймақтар, орман алқаптары мен саябақтар, тұрғын үй маңы, әлеуметтік нысандар мен жағалау сынды 800-ден аса учаске айқындалды.

Міне, акция басталғалы жарты жылда аптаның әр бейсенбісі тұрақты түрде сенбілік өткізіліп келеді. Оған осы уақытқа дейін ел аумағындағы 51 мыңнан аса отандасымыз қатысты. Олардың қатарында Мәжіліс депутаттары, барлық дең­гейдегі мәслихат депутаттары, партия мүшелері, «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері, мемлекеттік қызметшілер, оқу орын­дарының студенттері, қала, ауыл және кенттердің тұрғындары бар. Барлығы 1 мыңнан аса ластанған учаске, яғни су айдындары, өзен-көлдердің жағалауы қоқыстан тазартылды. Каспий теңізінің, Балқаш көлінің, Кеңгір су қоймасының, Ертіс, Нұра, Есіл, Талас өзендерінің жаға­лауларын қоса алғанда, 100-ден аса су нысаны қалыпқа келтірілді.

Бірлескен күш-жігер нәтижесінде 90 мың тоннадан аса қоқыс жиналды. Науқанға қатысушылар қоқысты тазалап қана қоймады. Мәселен, Қос­та­най облысы Лисаков қаласында партия филиалының, бастауыш партия ұйымының атсалысуымен 400-ден аса көшет отырғызылды. Партия­ның Павлодар қалалық филиалы «Жас­тар рухы» жастар қанатының белсен­ді­лерімен, «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарымен бірге облыстық қарт­тар және мүгедектер үйінің аумағы­на гүл егіп, сәулет нысандарын сырлады.

И

– Кейінгі жылдары қоғамда тари­хи-мәдени орындар мен ескерт­кіштерге есімін жазып, неше түрлі сурет салып, ессіз қылық жасайтын вандалдар қаптап кетті. Науқан аясында осы киелі нысандарды тазалау жұмысы назарға алынды ма?

– Өте орынды сұрақ. Аталған акция су айдындарын, ауыл мен қала аумағын тазалаудан, қоқыс жинау мен сұрыптаудан бөлек, еліміздегі тарихи ескерткіштердің, мәдени, табиғи және киелі орындардың жай-күйіне жұртшылық назарын аударуды көздейді.

Президент Түркістанда өткен Ұлт­тық құрылтайда тазалық пен ұқып­тылық күнделікті өмір салтымызға айналуы қажет деп қадап айтты. Дәл осы мақ­сатта «Amanat» партиясы мен «Жас­тар рухы» жастар қанатының мүшелері 700-ге жуық тарихи нысанды қоқыстан тазартты. Мәселен, Ақтөбе облысындағы ұлт қаһарманы Исатай Тайманұлының кесенесі, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген Жамбыл облысындағы Ақыртас қалашығы, Батыс Қазақстан облысындағы «Тақсай ханшайымы» кесенесі, Жетісу облысындағы «Тасбақа тас», Алматы облысындағы «Тамғалы тас», Қарағанды облысындағы «Спасск» мемориалдық кешені, Ақмо­ла облысындағы «Жұмбақтас» жартасы, Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақ­стан, Маңғыстау облыстары мен Шымкент қаласындағы Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне арналған ескерткіштер, тағы басқалар қалыпқа келтірілді.

Осындай ілкімді істе жұртшы­лықты жұмылдыру үшін экологиялық акция барысында түрлі іс-шара ұйым­дастырылды. Атап айтқанда, Батыс Қазақстан облысында фотокөрме, Павлодар облысында туристік слет, Шығыс Қазақстан облысында «Үздік ауыл» конкурсы өтті.

А

– Акцияға жастар қаншалықты үлес қосты?

– Мағжан Жұмабаев бір сөзінде «Бала тәрбиесі – жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер» деген екен. Қалай тауып айтылған даналы сөз десеңізші. Өйткені тәрбие адам тағдырын шешеді, оның бойына сіңген, жинаған білімі тұлға болып қалыптасатынын, елдің берік тірегі болатынын көрсетеді. Сондықтан бабаларымыз ықылым заманнан ұрпақ тәрбиесіне ерекше зейін қояды. «Тәрбие басы – талбесік», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің!» деген қазақтың мағыналы сөздерінде үлкен астар бары аян. Сондықтан бұл экологиялық науқанға әсіресе жастар қауымын тартуды көздедік. Олар киелі орындарға тазалық жүргізіп қана қоймай, ел тарихымен етене танысады.

Жалпыұлттық бастама аясында 10-13 маусым аралығында «Жастар рухы» жастар қанаты «Таза Қазақстан» экологиялық эстафетасын өткізді. Бір аптадан  2 мыңға жуық белсенді 1 202 шақырымды құрайтын «Астана – Алматы» тасжолын қоқыстан тазартты. Эстафета Астана қаласы, Ақмола, Қарағанды, Жамбыл, Алматы облыстары сынды 5 өңір аумағында өтті. Оған 2 мыңға жуық адам қатысып, бас-аяғы 100 тоннадан аса қоқыс жиналды.

Эстафета барысында қатысушылар қоқыс жинаудан бөлек, жастармен кездесіп, ірі елді мекендерде қоғамдық қабылдау өткізді. Мәжіліс депутаттары, партия фракциясының мүшелері тұрғындармен жүздесті. Кездесуде көтерілген мәселелерді депутаттар өз бақылауына алып, эстафета Қонаев қаласында түйінделді.

Жалпы, жас ұрпақты туған жерге деген шынайы сүйіспеншілікке, жанашырлыққа тәрбиелеу – аса маңыз­ды мәселе. Ондай азамат келешекте қастерлі құндылықтарымызға қасақана зиян келтірмейтіні, керісін­ше, оны барын­ша бағалап, қоршаған ортаны ая­лап өтетіні анық. Тоқ етерін айтсақ, акция барша қазақты ортақ құн­дылықтар төңірегінде топтастырды.

И

– Қыс мезгілінде мұндай науқан­дар қалай жалғасады?

– Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, партия мүшелері әлеу­мет­тік жағдайы осал топтағы адамдар­дың, зейнеткерлердің, жалғызі­лікті жандардың үй аулаларын қар­дан тазартуға жәрдемдеседі. Мәселен, Қоста­най облысы Меңдіқара аудан­дық мәслихатының депутаттары «Жас­тар рухы» жастар қанатының волон­терлерімен, сондай-ақ кәсіби-техникалық колледж студенттерімен бірге тыл еңбеккерінің ауласын қардан тазартуға көмектесті. Осындай жұмыс Қамысты ауданындағы жалғызілікті зейнеткердің ауласында да жүргізілді. Өткен аптада Солтүстік Қазақстан облысында жауған қалың қардан соң, Мамлют ауданының еріктілері бас қосып, зейнеткерлерге қол ұшын созды. Олар бір күнде көмекке мұқтаж жандар тұрып жатқан 10-нан аса үйге барып, қариялардың ауласын тазалап, үй шаруасына қолғабыс етті. Осылайша, біз науқанның жібін үзбейміз. Әр мезгілдің, әр өңірдің ерекшеліктеріне қарай, атқаратын жұмыс та табылады. Ең бастысы, ел азаматтары акция арқылы қоршаған ортаның тазалығына атүсті қарамауға дағдыланады деген сенімдемін. Өйткені «Тазалық – табалдырықтан басталады».

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Зейін ЕРҒАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»