Түркістан облысы Отырар ауданындағы Қоғам ауылынан қазақ күресі, самбо, дзюдодан спорт шеберлері көптеп шықты. 70-жылдардың ортасында осы ауылға қазақ күресінің қазығын қағып, керегесін көтерген білікті бапкер Оңалбек Әуелбеков арада елу жыл болғанда заманауи үлгідегі спорт кешенін соғып берді. Қалаға сұранып тұрған зәулім кешенде шарболаттай шыңдалып, спортпен шұғылданамын деген өренге қажеттінің бәрі бар.
Оңалбек Өтебайұлы бүгінде зейнеткер. 29 жасында оқу ағарту ісінің озық қызметкері атағын алған білікті маман. Қоғам орта мектебінде дене шынықтыру пәнінен сабақ бере жүріп қазақ күресінің үйірмесін ашып, балаларды балуандық өнерге баулыды. Мектептің бұрышындағы ұлардың ұясындай ғана бөлмеге төселген кілем үстінде шыныққан өрендердің алды облыстық, республикалық турнирлерде топ жарып, әлемдік додаларда олжа салды.
«Жыл сайын ауылымызға мектеп бітіруші түлектер 10, 20 жылдық кездесуге келеді. Туған жерге туын тігуге даяр тұратын азаматтар құр қол келмейтіні белгілі. Былтыр 10 жылдық кездесуге жиналған азаматтар ақылдаса келе, ауыл жастарына үндеу тастады. Қоғам орта мектебінің әр жылғы түлектеріне бастамашы, ұйытқы болып спорт кешенін салуды қолға алдық. Ең алдымен білікті бапкер, ел ағасы Оңалбек Өтебайұлы ағамыздың батасын алып игі істі бастасақ деген байламға келдік. Білікті бапкер біздің ұсынысымызды бірден қолдады. Тіпті қаржылай қолдау көрсететінін айтып, қанаттандырып қойды. Ақ батасын берген соң ауқымды шаруаға білек сыбанып кірістік. Бірақ біз жинаған қаражат тек кешеннің іргетасын құйып, қабырғасын көтеруге ғана жетті. Құрылысты толық аяқтап, спорт кешенін ашу үшін әлі де қыруар қаражат қажет болды. Оңалбек Өтебайұлы жұмыс барысын жіті қадағалап, бақылап отырған еді. Екі сөзге келген жоқ, қажетті қаржыны аударып жіберді», дейді Қоғам ауылының тұрғыны, игі істің бастамашысы Дәурен Мұқанов. Оңалбек Өтебайұлы өзінің кәсібінен тапқан, зейнетақысынан жиған қаржысынан қомақты сома бөлді. Спорт кешенінің құрылысына жұмсалған қаражаттың 70%-ын, яғни 20 миллион теңгені осы азамат аударды.
Әр адам өз мамандығына шынайы, құлай берілгенде ғана нәтиже шығара алса керек. Оңалбек бапкердің есімі аталғанда ауылдастары оның Отырар ауданының орталығы, 18 шақырым жердегі Шәуілдірге жаяу қатынап та балаларды күреске баулығанын тебірене айтады. Аудандағы спорт мектебінде шәкірттерді күреске баулып, кері қайтарында да жаяу тартады. Қазіргідей көліктің ағылып жатқан кезі емес, сирек жүреді. Осындай жанкешті еңбектің нәтижесі де еселі болды. Оңалбек бапкердің баулыған балуандары алдымен аудандық біріншілік, түрлі турнирлерде олжа салды, кейін облыстық, аймақтық жарыстарда да жеңіске жетті. Республика чемпионатында да командалық есепте Түркістан (сол кездегі Оңтүстік Қазақстан) облысының құрамасы бірнеше мәрте топ жарды. Жекелеген шәкірттері арасынан Құралбай Орынбасаров Азия чемпионатын үш мәрте ұтса, Ердәулет Құрманов әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.
«Қоғам ауылында спорт кешенін салуды көптен бері ойлап жүр едім. Өйткені 1976 жылы қазақ күресінің үйірмесін ашып, балаларды ұлттық спортқа баулығанда мектептің аядай ғана бөлмесінде қолдан күрес кілемін сырып, жаттығу өткіздік. Ешқандай жағдай жасалмаған бөлмеде жаттығып-ақ шәкірттерім жеңіс биігінен көрінді. Сол кезде осындай заманауи үлгідегі кең әрі жарық спорт кешені салынса деп армандаушы едік. Тәуекел деп бастап кетуге, қысқа жіп күрмеуге келмей, қаражат қолбайлау болды. Кейін кәсіпкерлікке бет бұрып, шаруамыз жолға қойылып, табысқа кенелген соң сол мақсат-мұрат қайта қылаң беріп еді. Ауылымыздың жастары өздері бастама көтеріп келгенде қуандым. Елдің ертеңгі тізгіні осындай көзі ашық, тереңнен ойлай білетін буынның қолында. Спорт кешенінің құрылысы уақытында аяқталды. Мені қуантатыны – ауыл балаларына барлық жағдайдың жасалғаны. Жуынатын бөлмесінде ыстық су да, суық су да жылдың қай мезгілі болсын тоқтаған емес. Орталық қазандықтан жылу берілген. Күн суытқан мезгілде де балалар жаурамай, алаңсыз дайындық жүргізеді. Спорт кешенінде тоғызқұмалақ ойынына да арнайы бөлме жасақталған. Ауылдың балалары үйірмеге жазылып, ертелі-кеш зияткерлік ойынның қыр-сырын меңгереді», дейді Оңалбек Әуелбеков.
Спорт кешенінің ашылуы жастардың саламаттылықты серік етіп, бұқаралық спорттың дамуына серпін беріп отыр. Сабақтан келгеннен кейін телефонға байланбай, бір ауық тоғызқұмалақ ойнап, ойлау қабілетін дамытады, танымын кеңейтеді. Тіпті Қоғам ауылының балалары тоғызқұмалақтан та түрлі деңгейдегі турнирге қатысып жүлделі болып та жүр.
Қазақ күресінен бапкер Қоныс Арыстанов Оңалбек Өтебайұлы ауылдан Алматыға көшіп кетсе де жиі қатынап, балалардың күресу өнерін жіті қадағалап отыратынын айтады. «Ағайымыз жас балалар маңызды сайыстарға аттанарда қаржылай қолдау көрсетіп, демеушілік танытады. Күреске арналған күртешелерге дейін сатып алып, жыл сайын жәрдемдесіп отырады. Кезінде бізді баптап сайыстарға апарғанда да өз қаражатын шығындап, қажетті затты алып беретін еді. Кейін ойлап отырсақ, мұның барлығы да мамандығына деген адалдығы, сертіне беріктігі екен. Қашан да өзінен шәкірті озғанын қалайтын еді. Әділдікті ту етіп, үнемі шындықты айтуға үйретті. Содан кейін сайыс кезінде төрешілер тарапынан шәкірттеріне әділетсіздік жасалып, жеңісін тартып алып жатса, кіммен де болсын ақырына дейін айқасып, ақиқатты ақтап, жеңіп шығатын. Өзі жаттығудан әсте кешіккен емес. Отбасының жеке шаруасы шығып қалса да, жаттығуды үзбейтін. Бізді де солай баулыды. Темірдей тәртіптің арқасында толайым жеңіске қол жеткіздік», деген Қоныс Арыстанов Қоғам ауылындағы күрес залында көрші ауылдардың да балалары жаттығуға жазылғанын мақтанышпен жеткізді.
Туған жеріне туын тігіп, ат жалын тартып, есейген шағына дейін құтты қонысына айналған Қоғамға спорт кешенін салып берген қайраткердің еңбегі елеусіз қалған жоқ. Отырар ауданының құрметті азаматы атанды, сый-құрметке кенелді. Бір әттеген-айы, қазақ күресі, самбо, дзюдодан көптеген спорт шеберін әлем чемпионатының жүлдегерін шыңдап шығарған білікті маманда еңбек сіңірген бапкер мәртебесі жоқ, кезінде өзі құнттамапты. Зейнеткер шағында спорт кешенін салу тек осындай жомарт жүректі адал жандардың қолынан келсе керек.