Сараптама • 10 Желтоқсан, 2024

Зейнетақы жүйесінің рейтингі

43 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Mercer CFA Institute Global Pension Index» зейнетақы индексінде еліміздің зейнет­ақы жүйесі 24-орыннан көрінді. Зей­нетақы жүйелерін кешенді зерттейтін халықаралық рейтингке биыл әлемнің 48 елі кірген.

Зейнетақы жүйесінің рейтингі

Сурет: gov.kz

«Mercer CFA» институты жаһандық зейнетақы индексін 50-ден астам индикаторды қамтитын үш қосалқы индекс арқылы бағалаған. Осы индикаторлар арқылы зейнетақы жүйелерін объективті бағалауға ЭЫДҰ, Дүниежүзілік банк, Халықаралық еңбек ұйымы, Economist Group зерттеу және талдау бөлімшесі сияқты бірнеше ұйымның дерегін қамтитын ашық халықаралық көздерден алынған мәліметтер пайдаланылған. Индикатор бойынша 64 балл жинаған еліміз биыл зейнетақы жүйелерінің рейтингінде АҚШ, Испания, Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, Сауд Арабиясы, басқа да елдерден озып, «С+» деген баға алыпты. Mercer CFA институты еліміздегі зейнетақы жүйесін одан әрі жетілдіруге қатысты бірнеше ұсыныс жасапты. Оның ішінде кедей зейнеткерлерді қолдаудың ең төменгі деңгейін арттыру, зейнетақы жинақтарына қол жеткізуді шектеу арқылы зейнетке шығар алдындағы кезеңде жинақтардың шығыс ағы­нын қысқарту, өмір сүру ұзақтығы ұлғайған сайын егде жастағы адамдардың жұмыс күшіне қатысу деңгейін арттыру, зейнетақы жүйесіне қатысушылардың жылдық үзінді көшірмелерінде болжамды зейнетақы төлемдерін көрсету жөнінде талаптар енгізу сынды ұсыныстар бар.

Жаһандық зейнетақы индексінде бала туудың төмендеуіне, өмір сүру ұзақтығының ұлғаюына қатысты жалғасып жатқан үрдістерді ескере отырып, зейнетақы жүйелерін жетілдіру кезек күттірмейтін мәселе екені ашып айтылған. Себебі адамзат тарихында алғаш рет 65 жастағы және одан егде адамдар саны 5 және одан кіші жастағы балаларға қарағанда көбірек тіркелген.

Еске салар болсақ, былтыр еліміздің зейнетақы жүйесі алғаш рет Mercer CFA институтының жаһандық зейнетақы индексіне енгізіліп, бірден 64,9 балл жинаған еді. Биылғы зерттеулердің қорытындысы бойынша еліміз тізімнің бел ортасындағы орынды иеленіп отыр. Бұл қатарда бірінші орынды Нидерландтың зейнетақы жүйесі сақтап, 84,8 балл жинады. Бұл ел 2028 жылға қарай барлық зейнетақы жоспарын жинақтаушы жүйеге (DC) толық көшіруді жоспарлап отыр.