Қоғам • 10 Желтоқсан, 2024

Димаштың польшалық жанкүйерлері «Поляк-қазақ тілашарын» шығарды

59 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Польшадағы Димаш Құдайбергеннің фан-клубы елдегі тұңғыш «Поляк-қазақ тілашарын» шығару арқылы мәдени байланыстарды нығайтуға қадам жасады. Бұл кітап қазақ тілі мен Қазақстанның мәдениетін насихаттауға бағытталған екі жылдық жұмыстың нәтижесі болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Димаштың польшалық жанкүйерлері «Поляк-қазақ тілашарын» шығарды

Фото: dimashnews.com

Тілашар шығару идеясы «Димаш радиосында» өткізілген қазақ тілі курстары аясында басталған. Радио тыңдармандары осы курстың арқасында Қазақстанға сапар шегу сияқты тақырыптарда негізгі сөздер мен сөз тіркестерін үйренген. Курстар алматылық оқытушы Беглан Шарымбаевтың көмегімен өткізілген. Ол фан-клубқа сабақ өтіп, қазақша дұрыс сөйлеуді меңгеруге көмектескен.

Оқу процесінің ерекшелігі поляк тіліндегі қазақ сөздерінің фонетикалық транскрипциясын дайындау болған. Уақыт өте келе қатысушылар барлық жинақталған материалдарды біріктіріп, кітап шығаруға шешім қабылдаған.

1

Сөздікті әзірлеуге: қазақ тілі оқытушысы – Беглан Шарымбаев; иллюстратор – Ивона Опара-Стахолец; корректор – Ула Влодарск; қазақ тілі курстарының авторы, сонымен қатар, жүргізушісі – Тереза Конкол қатысқан.

Тілашар Димаштың жанкүйерлерін қазақ тілінің негіздерімен таныстырып қана қоймай, әртүрлі иллюстрациялардың арқасында оқу процесін жеңілдетеді. Авторлардың пікірінше, шағын кітап саяхатшылар үшін Қазақстанның көркем жерлерімен танысуға пайдалы нұсқаулық болмақ. Сонымен қатар Димаштың жанкүйерлерін оның мәдениетін тереңірек зерттеуге шабыттандырады.

«Мен біздің бұл жұмысымызды мақтан тұтамын. Димаштың бұл поляк фан-клубы оның шығармашылығына қолдау көрсетіп қана қоймай, қазақ тілін кеңінен насихаттайтындығының тағы бір дәлелі», деді Тереза Конкол.