«Біз бұл форумда әйелдерді алаңдататын мәселелерді талқылағымыз келді, себебі қоғамда гендерлік теңдік мәселесі әлі күнге дейін өзекті болып отыр. Пәтердің есігі жабылғанда оның ар жағында не болып жатқанын білмейміз. Қоғамда бұл мәселелер бүкпесіз айтыла бастады. Әйелдердің тұрмыс құрғанға дейін өз үйі болғаны жөн деп әрдайым айтып жүремін. Отбасы болған соң алда не боларын білмейміз. Барлық адам тату-тәтті өмір сүрсем дейді. Өкінішке қарай, кейде әйелдер отбасында зәбір көріп, барар жер таппайды. Сондайда оларға ертерек алған пәтері пана болады», деді «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов іс-шараның ашылуында.
Отбасы банк – қазақ әйелдерін қолдауға ерекше көңіл бөлетін банк. Оның айқын дәлелі – 2021 жылы іске қосылған әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекасы.
«Бүгінгі форум әрқайсымызды алаңдататын өзекті мәселелерді ғана емес, сондай-ақ бір-бірімізді қолдауға, тәжірибе алмасып, көзқарастарымызды бөлісуге мүмкіндік беріп отыр. Отбасы банк 21 жыл бойы жүз мыңдаған азаматтың ақша жинап, баспаналы болуына көмектесті. Ең қызығы, депозит ашып, ақша жинауға көбінесе әйелдер бастама көтереді. Бүгінде Отбасы банкте әйелдер 1,6 миллион депозит ашып, жалпы 1,2 триллион теңге жинаған. Соның ішінде ең көп жиналған депозиттегі сома 52 миллион теңгені құрайды. Бұл әйелдердің қаржысын басқарып, болашағын жоспарлай алатынына дәлел болып отыр», деді «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Эльмира Рыспекова.
Оның айтуынша, ипотекалық несие алушылар арасында да әйелдер (58,7%) алға шыққан. Үй сатып алуға несие алатын әйелдердің орташа жасы 36-45 жасты құрайды. Ал қарыздың орташа сомасы – 13,2 миллион теңге. Несиені 10-14 жылға алады.
Отбасы банк пен Азия даму банкі бірлескен «Ұмай» бағдарламасы әйелдердің баспана мәселесін шешуде маңызды рөл атқарды. Осы бағдарлама арқылы 2021 жылдан бері 3 660 әйел үйлі болды.
«Қазақстандағы әрбір әйелдің жылуға толы өз үйі болса екен дейміз. Отбасының ұйытқысы болып отырған әйелдердің еркіндігі, экономикалық белсенділігі мен теңдік үшін оларды қолдау өте маңызды. 1 қарашада Отбасы банк Азия даму банкімен серіктестік туралы меморандумға қол қойды. Келер жылы «Ұмай» бағдарламасы мен «Жасыл ипотека» қайта іске қосылады деген үміттеміз», деді Эльмира Рыспекова.
Гендерлік теңдікке қосқан үлесі үшін Отбасы банк Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастық бағдарламасының марапатына ие болған Қазақстандағы алғашқы банк атанды.
Отбасы банктің Алматы қалалық филиалының директоры Данагүл Түсіпова «Ұмай» ипотекасының шарттары туралы айта кетті. Бағдарламаға Қазақстанның барлық өңіріндегі әйелдер қатысады және тұрғылықты жеріне қарамастан кез келген аймақтан үй ала алады. Болжалды ең жоғары несие сомасы – 50 миллион теңге, ал қарыз алушының жасы 18-ден 65 жасқа дейін. Бастапқы жарна сомасы – 20% болады деп күтіледі.
«Бүгінгі іс-шара әйелдерге осы және өзге де бағдарламалар туралы ақпарат беру мақсатында өткізіліп отыр. «Ұмай» бағдарламасына қатысатын әйелдердің атында үйінің бар-жоғы тексерілмейді. Үйі болса да осы бағдарлама арқылы екінші үйін сатып ала алады. Бұл бағдарламаның мақсаты – әйелдердің тұрмыстық жағдайын жақсарту, күнделікті өмірін жеңілдету, яғни, жұмысы, балабақша не мектептің қасынан үй алуына көмектесу. «Ұмай» ипотекасының пайыздық мөлшерлемесін жақында айтамыз», деді Данагүл Түсіпова.
Бағдарлама бойынша үйді бастапқы нарықтан да, екінші нарықтан да таңдау мүмкіндігі берілмек. Дегенмен екінші нарықтан 2016 жылдан бері салынған үйлерді ғана сатып алуға болады. Табыс бойынша шектеу бар: отбасының ең жоғары таза айлық табысы 950 мың теңгеден аспауға тиіс. Өзінің табысы жетпей қалса екі қарыз алушыны тартуға болады. Бұл талаптар әлі де талқыланып жатыр.
Жалпы «Ұмай» бағдарламасы аясында пәтерді сатып алып қана қоймай, пәтерге жөндеу жұмыстарын жүргізуге болады.
«Ұмай» әйелдер форумында осы бағдарлама арқылы баспаналы болған Евгения Гунинамен тілдестік. Үш жыл бұрын Өскеменнен Алматыға қоныс аударған Евгения Отбасы банк арқылы қалай үйлі болғанынын айтып берді.
«Бұл бағдарлама туралы өзім екі жыл бұрын білдім. Ипотекалық бағдарламалардың қайсы тиімді екенін зерттеп жүрдім де, «Ұмайға» тоқтадым. Бағдарламаның шарттары ұнады. Бастапқы жарна сомасы көп болмады. Басқа банктерге қарағанда пайыздық мөлшерлеме де аз. Алматының орталығынан 14 миллион теңгеге үй тауып, он жылға ипотека алдым. Депозитке ақша жинап, оған қоса зейнетақы жинағымды жұмсап, екі жылда қарызды толық төлеп тастадым. Бүгінде «Ұмай» ипотекасы әйелдерге арналған ең жақсы бағдарлама деп есептеймін. Басқа бағдарламаларды да көрдім. Үш жыл депозитке ақша жинап, үй ақысының қалған елу пайызын төлеуге болады. Дегенмен депозитім ашылғанына үш жыл болмаған соң «Ұмай» бағдарламасының шарттарына сай келдім. Осылайша Алматының қақ ортасынан 33 жасымда үй алып, екі жылда қарызды толық өтеп тастадым. Сондықтан әйелдерге қорықпай Отбасы банкте депозит ашып, ақша жинаңыздар дегім келеді», деді IT компанияда жұмыс істейтін Евгения Гунина.
Форум барысында Отбасы банк қызметкерлері қатысушыларға депозитте ақша жинау, ипотекалық бағдарламаларға қатысу шарттарын айтып берді. Отбасы банк 2024 жылы «Отау» және «Наурыз» атты екі тұрғын үй бағдарламасын іске қосты. Соның арқасында 10 мың азамат үйлі болды.
Бұдан бөлек, Отбасы банк білім беру бастамаларына да қолдау көрсетеді. Биылдан бастап банкте «Ақыл» білім беру депозитін ашуға болады. Қазірдің өзінде 63 мың шот ашылған. Оның тең жартысы қыздарға арналған. Осылайша қамқор ата-аналар қазірден баласының болашақта сапалы білім алып, өз ісінің маманы болуы үшін үлес қосып отыр.