11 Мамыр, 2017

Болашақтың мамандығы: ол қандай?

5236 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Біз білім мен интеллект үстемдік құрған ХХІ ғасырға аяқ басып отырмыз. Өскелең ұрпақты сапалы білімге баулуымыз қажет. Білімнің де барлық түрі қолжетімді. Бірақ біз балаларымызды қалай оқыту керек екенін, болашақта қиналмай орнын табатын қандай мамандыққа баулу керек екенін білеміз бе?

Болашақтың  мамандығы: ол қандай?

Ғалымдардың болжамы бойынша, әлемде 2030 жылға таман бүгінгі қолданыс­тағы 57 мамандық түбірімен жойылып, 186 жаңа мамандық дүниеге келеді екен. Өткен жылғы Давос экономикалық форумының баяндамасында 2020 жылы әлемдегі интел­лект пен роботты техниканың дамуы нәти­жесінде 2 млн жаңа жұмыс орны ашылатындығы, бірақ техноло­гия­лық жетістіктердің дәл осы мерзімде 7 млн-нан астам жұмыс орнын қысқартуға алып келетіндігі атап көрсетілді. Қазір мектеп қабырғасында жүрген оқушы­лардың 63 пайызы таяу болашақта бүгін заты түгілі, аты белгісіз мамандықтар бо­йын­­ша жұмыс істейтін болады. Қысқа­сы, біз орасан зор технологиялық өзгерістер дәуірінің табалдырығында тұрмыз. Ен­деше, ұрпағымыздың ертеңі біздің бұл құбылысты қаншалықты түсінгенімізге, балаларымызға бола­шақ мамандық таңдау­да қаншалықты сауатты бағдар бере ала­тынымызға тікелей байланысты болмақ.

Сонымен сұранысы көп болашақтың мамандықтары қандай? Бұл туралы дуалы ауыз сарапшылар да, экономикалық ғылымдардың майын шайқаған ғалымдар да «болашақтың тетігі дәл мынандай-мынандай мамандықтарға тіреліп тұр» деген нақты тізім бере алмайды. Дегенмен, инновациялық технологиялардың даму бағытын бағдарлауға байланысты «бола­шақта мына салалардың мамандарына сұраныс артуға тиіс» деген болжамдар да баршылық.

Сарапшылардың бірауызды пікірі бойынша, «цифрлы дәуір» болашақ маман­дардан үлкен икемділікті, үйле­сімді іскерлікті, жедел оқуды және шұғыл да тиімді ақпарат алмаса білуді қа­жет етеді. Кейбір сарапшылардың айтуынша, таяу болашақта ішінара жұ­мыс­­пен қамтылу форматы (гик-эконо­мика) басымдық алатын болады. Нақты болжамдар бойынша, болашақта ірі компанияларда жұмыс істейтіндердің үштен бірін фрилансерлер ( әртүрлі жұ­мыс берушілердің тапсырыстарын бір мезгілде орындайтын еркін маман) құрай­тын болады. Олар краудсорсингтер (бір тап­сырманы орындауға жұмылған топ) ар­қы­лы белгілі бір компанияға ресми түрде жұмысқа орналаспай-ақ тапсырылған жұмысты атқарып береді. Сонымен бірге, болашақта офистік қызметкерлерге деген сұраныс күрт төмендейді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, әлемдегі таяу болашақта қыс­қаратын 7 млн-нан астам жұмыс орны­ның үштен бірі осы офистік қыз­меткерлер болмақ. Жалпы, озық тех­нологиялар заманында офиске деген қа­жет­тілік те барған сайын азая бермек.

Осы орайда «цифрлы дәуір» маман­дарының бойынан бірінші кезекте табылуға тиіс қасиеттер мен дағдыларды еске сала кеткен жөн болар. Бұл ретте ең алдымен икемділік пен іскерлікке ерекше басымдық беріледі. Сонымен бірге болашақтың мамандарының бойынан қалыптасқан ахуалға жылдам бейімделу және сабырлылық, жұмысқа барынша икемділік көрсете отырып, тұрақсыздықтың алдын ала білу, білімін арттыруға үнемі ұмтыла беру, жан-жақты қабілетті болу сияқты қасиеттер мен дағдылар қажет еті­леді. Ертеңгі интеллектуалды болашақ маман­дығының негізгі тұғыры – жан-жақты сапалы білім. Тұрақты және жедел оқу тәсілі білікті маман даярлаудың басты ұстанымдарының бірі болып қалмақ. Бұл ретте еліміздегі бүгінгі қаптаған жоғары оқу орындары экономикамызға қажет­ті болашақ мамандықтарға баулитын орталықтар бола ала ма?

Қазір қазақстандық жоғары оқу орындары 200-ден астам мамандық түрлері бойынша кадрлар даярлайтын көрінеді. Бұл мамандықтардың басым көпшілігіне қазірдің өзінде сұраныс жоқ. Еліміз­дегі 131 жоғары оқу орны жыл сайын 330 мыңнан астам бакалаврлар даярлайды екен. Ел экономикасы үшін осынша бакалавр қажет пе? Мәселен, жыл сайын ЖОО-ларды бітірушілердің 27 пайызы­на жуығы экономистер. Ал еліміздің ең­бек рыногында әртүрлі экономикалық мамандықтар бойынша жұмыс істейтіндер саны 13 пайыздан аспайды. Сонда құр диплом алу үшін 4-5 жыл алтын уақытты шығындау не үшін қажет? Экономикалық мамандықтардың сипаты бүгінде қас-қағым сәттік жылдамдықпен өзгеруде. Ғарыштық жылдамдық белең алған нақ осындай кезеңде еңбек рыногына қажетсіз мамандықтарға баулу үшін 5 жыл оқу мерзімін белгілеу артық. Қазір әлемнің алдыңғы қатарлы ақыл-ойы білім алу мерзімін барынша қысқарту тәсілдерін ойластыруда. Ал біздің жекеменшік ЖОО-лар әйтеуір оқу мерзімін сақтап, білімге ұмтылған жастардың қаржысын иеленіп қалуды ғана көксейді. Сол ЖОО-лардағы көзі ашық, дүниетанымы кең оқытушы-профессорлардың болашақ ұрпақты қажетсіз мамандыққа баулып, ертеңге қиянат жасап жатқандарын түсінетін уақыты жетті. Сондықтан бүгінгі саны көп, сапасы аз ЖОО-лар әлем тәжірибесінен тәлім алып, болашақтың мамандықтарын меңгеруге шұғыл бетбұрыс жасауы қажет.