16 Қаңтар, 2010

КЕРЕК АДАМ

2477 рет
көрсетілді
37 мин
оқу үшін
Иә, дұрыс, дұрыс айтасыз... мына өмірде керексіз адамды тауып беріңізші, кәнекей! Жер басып жүр­ген пенденің барлығы өзін қоғам­ға керекті сезінеді. Сезінгені былай тұрсын, “дүниеге кірпіш боп қаланғандығына” іштей масат­танады, осынау толымды пікір оны үн-түнсіз асқаралы мұраттарға же­телейді. Жігерлендіреді, жазатайым тайып жығылған тұста да үсті-ба­сын қаққыштап, орнынан құмбыл тұрып кетуге тырысады... Айтты айтпады, қоғамның қым-қиғаш құбылыстары мен бұрылыстарында кез келген шаруаны табанда шешіп тастайтындай құдірет-күшің болма­са да өзіңді керек адамға бағалаға­ның қандай жақсы! Керек адам! Бұл өзі көзіңді бақырайтып қойып күн сайын сенің атыңа бағыштала бермейтін ұғым. Сирек, бәлкім айтылмауы да мүмкін. Бұл тұстағы басты “көздір” ішкі түйсі­гің, керек адам ретінде іштей руха­ни түлеуің, осы арқылы ілгері қа­­рай тынымсыз ізденуің, адами болмыстың биік шыңына көтеріліп алып, енді содан аласармаудың ама­лын ойлап, өзіңді сәт сайын жаңа қырыңнан ашуға талпы­нуың... Жә, қызды-қыздымен “кі­ріспенің” өзін біраз қиырға сүй­ре­­ле­дік-ау! Енді негізгі тақыры­мызға көшейік. Осынша таусыла сөйлейтіндей біз сөз еткелі отырған Махаң, Маханбетәлі Ізмаханов та көктен салбырап түсе салған һәм ерекше жаратылған пенде емес, жалпақ тілмен айтқанда ол да өзіміз секілді қарапайым ғана “құдайдың құлы”. Өзіміз секілді теңіз жағалауындағы құмды өлкенің бір қиырында онжылдық тауысқан, одан әрі әрбір бозбаланың кеудесін тепкілеген арман-пырағына мініп, ару қала – Алматыға аттанған. Ауыл шаруа­шы­лығы институтының механика факультетіне түсіп, бес жылдан кейін дәл өзіміз секілді табақтай дип­ломымен туған ауылына орал­ған. Әңгіме ауыл дегеннен шығады-ау, ана бір жылдары аласапыран уақыттың балдыр-батпағына көмі­ліп, әлдекімдердің әуейіне еріп, қалаға барғанның алдынан ай жарылқап, күн туатындай... алтын бесік ауылымыздың айрандай ұйы­ған береке-бірлігін сәл бәсеңсітіп алғанымызды несіне жасырайық. Толықтай төгіп алмасақ та соған пара-пар қараулық жасадық және айдың-күннің аманында ол береке­сіздікті де өз қолымызбен жасадық. Енді сол шалағайлығымыздың ағаттығын аңғарып, оқу бітірген дипломды жастарымызды “ауылға барыңдар, ауылды түлетіңдер” деп тұс-тұстан үгіттеп жатырмыз. Артының қайырын берсін, әйтеуір. Жас маман ауыл үшін сол кездің өзінде де тосын күш еді ғой, солар­мен бірге ауылға жаймашуақ леп те ере келетін. Ауылдың қара шаңда­ғына көміліп, “құдай қай жағынан берер екен” деп қолдарынан анау айтқандай түбірлі өзгеріс келе қой­маса да, келешектен үмітті жүретін­дер құр қиялдың кемесінен ылдым-жылдым түсе салып, босаң­сыған бойларын тез арада тіктеп үлгере­тін. Құрып кеткенде жас ма­манның жүріс-тұрысына еліктейтін. Ауыл­дағы­ларға қарағанда олардың сесі кәдімгідей бір бұрышқа “тығып-ақ” тастайтын. Ой, дәурен-ай десеңші, жетпісінші жылдардың басында Семей облысындағы шұбартаулық қой өсіруші комсо­мол-жастар бри­га­даларының абы­рой-атағы дүріл­деп-ақ тұрған. “Приарал” ұжым­шарын­дағы ша­шыраңқы шаруашы­лық жұлқынып келген жас маманға қайдан ұнай қойсын. Маханбетәлі де құмды өлкеге өзінше өзгерістер енгізгісі ке­леді, өзінің институт қа­быр­ға­сы­нан алған білімін тәжірибе жүзінде дәлелдегісі келеді... Осы тұсқа кішкене штрихтың өз-өзінен сұранып тұрғандығын қа­раңыз! Ізмахановтың Арал өңі­ріндегі алғашқы қадамы сәтті басталды. Жолы болды. Ақылшы ағаларының алақан табын сезінді. Ол одан кейінде де талай-талай қыз­меттердің қызығы мен шыжы­ғын бір адамдай татып көрген. Алматы жоғары партия мектебін тәмамдады, Алматы қаласындағы іргелі ауданның өнеркәсіп-транс­порт бөлімін басқарды, қалалық партия коми­тетінде де анау-мынау­дың түсіне кіре бермейтін мәрте­белі қызметтің құлағында отырды. Жаңадан ұйым­дасып жатқан республикалық мем­лекеттік мүлік жөніндегі коми­тетте басқарма бас­ты­ғы, “Қызмет” акцио­нерлік ком­па­ния­сының вице-президенті, Қазақ­стан Азаматтық партиясының төрағасы, “Қазпошта­ның” департа­мент директоры... Осыларды неге санамаладық десеңші, иә несіне санамаладық?! Ол алғаш рет керек адам екендігін сол қиян шеттегі ауылда жүргенде ұғынды. Кеуде тұсын бір құшақ құштарлық желі кернеді. Қолынан келгенше төңі­регін тосын тіршілік ауанымен ты­ныстатуға тырысты. Ол құр­ғырдың айтуға ғана оңай екен­дігін де сол сәтте түсінді. Қатып-семіп қалған қағидалардың қабыр­ғасын қақыра­ту қайдан оңай бола қойсын. “Товарлы-сүт комплексі” деген терминді де ауыл тіршілігіне алғаш енгізген Ізмаханов еді. Сиыр сауу үдерісін толықтай механикалан­дырды. Несін жасырады, бұл жаңалыққа Зеңгібаба тұқымынан гөрі көбірек алаңдаған, көбірек күмән келтірген өз ағайындары еді. Атамзаманнан етекбасты болған үрдісті Маханбетәлінің білгішсініп, шікірейіп, белсенділік танытып, бұтарлап сындырмақшы болғаны қалай. Оларға ескі сарын ұнайтын, соларымен-ақ “аштан өліп, көштен қалып” жатқан жоқ-ты. Сиырды қолмен сауу ол үшін ескіліктің сарқыншағы еді, сауыншылардың да “бармақ басты, көз қысты” тіршіліктерін сырттай байқап жүрді. Адам темір емес қой, шаршайды, әрі-беріден соң бір түсті қимыл-әрекет жалықтырады, сосын кәдімгі қазақбайшылыққа көшеді де “осыған қарап қалған не бар, не қылар дейсінмен” жартылай сауылған сиырды желіден босатып жібере салады. Басқасы басқа ол кезде үнемшілік мәселесі күн тәртібіне қатаң қойылатын. Ізмаханов алған бетінен қайт­пады, біреулердің ұнатқан-ұнат­пағандығына да көңіл аудармады. Білікті маман ретінде механикалық әдіспен сиыр саууды табандылық­пен жолға қойды. Жо-жоқ, біртін­деп бастама өз нәтижесін бере бастағандай ма қалай? Өнімділік табан астынан ілгері жылжып сала берді. Сауыншы жеңгелері де “Біздің қолымызды ұзартқан, қайным-ау, аманбысың?!” деп анадайдан күле амандасатын дәрежеге жетті. Оның сыртында үш бірдей шопандар бригадасы да тура осы ауданда Ізмахановтың ізденімпаздығының арқасында дүниеге келген-ді. Бұл жаңалықтан алдымен аудан, сосын облыс жұртшылығы түгелдей құлақтанды. “Тәжірибе алмасайық” деп көрші аудандағылар ағылып келе бастады. “Бізге таптырмайтын керек адам болдың-ау, айналайын!” деп ұжым­шар басшылығы да баяғы “білмес­тік­терін” табан асты ұмы­тып, Махан­бетәліні төңіректеді. Төңі­ректегендері былай тұрсын кейбір түйінді мәселелерді Ізмаха­новпен бірігіп шешкенді жүректері­мен қалады, ойға-қырға шапқылап жүрген жас маманды іздейтіндердің арасы да барған сайын көбейе түсті. Оңтайлы тіршілік, кеудені жел кернейтіндей-ақ жағдай, оның қуа­нышты әсерлерін қайтіп жамбасы­на басып жата алады. Жата алмады, “мен керек адаммын” деп жарияға жар салып айқайламаса да бұдан кейінгі өмірлік өрлеу баспалдақта­рын ойша көз алдына елестетті. Кейін шегіну дегенді атамаңыз, осы абырой-беделі-ақ оны талай қиыр­лар­ға сүйрелер. Ұжымшардың ком­со­мол ұйымының хатшысы, аудан жастарының жетекшісі. Одақ­тық, республикалық жастар құрыл­тай­лары­на әлденеше мәрте делегат болып қатысты. Елмен араласты, алқалы ортаға шығып, ой-пікірін ашық айтты. Өмір Маханбетәліні өсірді, оған Ізмаханов та қарыз болып қалған жоқ. Аз уақыттың бедерінде аудан, облыс басшылы­ғының сенімдеріне ие болды. “Ие болды” дегеннің де аясы кең еді, сол сенімдердің өн бойында жас жігіттің алымдылығы мен шалым­ды­лығы, бастаған ісінің бір нәти­жесін көр­мейінше тыным көр­мей­тін өжеттігі, асқан жауапкершілігі, ұйымдасты­рушылық қабілеті және адамдармен тез арада тіл табыса ала­тын елге­зектігі жан-дүниесінде жанартаудай бұрқ-сарқ қайнап жатты. Көз ілеспейтін шапшаң уақыт аралығында Ізмаханов сатылап өсудің өзіндік үлгісін көрсетті. Жет­пісінші жылдардың аяқ тұсын­да Қызылорда облыстық партия ұйымының жолдамасымен Алматы жоғары партия мектебіне қабыл­дан­ды. Ол кезде бұл шындығында да өмірлік үлкен мектеп-ті. Өзінен сөзі ұзын қазекең жеке басына көк тиын пайдасы болмаса-дағы мұндай “мүмкіндікті” қалт жіберер ме? “Осы жігітті өрге сүйрелейтін бір жерде үлкен көкесі отыр-ау!” деп негізсіз, беталды долбар жаса­ды, араға ши жүгірткісі келді. Ақыр аяғында мұның барлығы далаға кеткен арамтер болды да шықты, Маханбетәлінің үлкен жердегі тіреуші-ағасын таба алмады. Оның бер жағында оған бәлендей көңіл аударған Ізмаханов та жоқ-ты. Партия мектебінде оқып жүрген тұста Фрунзе ауданының ағымдағы партиялық-ұйымдастыру жұмыста­рына білек сыбана кірісті. Алматы қалалық партия комитетінің кадр­лық резервінде тұрды. Мектеп біті­рерде Орталық комитеттің шеші­мімен Ленин ауданында қызметке қалдырылды. Нұсқаушыдан өнер­кәсіп-транспорт бөлімінің меңге­рушілігіне дейін өсті. Қалалық партия комитетіне қызметке ауыс­қанда да өзіне етене таныс салаға басшылық жасады. Таныс саласы – қым-қиғаш оттың ортасы бола­тын, пошта байланысы мен теле­фон жүйесінде о кез түгілі қазіргі уақытта да шешімін таптырмай келе жатқан түйткілдер қаншама. Тұрғындардың арыз-шағымдары да осы салаға байланысты еді. Қала­лық партия комитетіндегілер уақыттың тапшылығын алға тарта ма, әлде құлақтың тыныштығын ойлай ма, арыз-шағымдар тау болып үйіліп қалған заматта көп мәселені өзіңіз шешіңізші деп Ізмахановқа қарай ысыра салатын. Махаңның туабітті мінезі – кездей­соқ көкатты емес, туған бауырына да ретсіз дауыс көтермейді, орнық­ты, жайдары, қашан болмасын істің екі жаққа да пайдалы шешілуін ойластырады. Ал шағымданушы­лар­дың дені қартаң кісілер, көпші­лігі соғыс ардагерлері, тылда ауыр жұмыс істеген еңбек майталман­дары. Қырсыққанда бәріне бірдей телефон желісі жете бермейді. Қазіргідей кез келгеннің, баланың да, шағаның да қалталарында қос-қостап жүретін қалтафондар қай-да? Осыдан түсінбестік туындайды, жүйке жұқарады. Адамдар түкке тұрмайтын нәрсеге бола ренжіседі. Кейде тіпті өмірден түңілуге дейін барады. Ондай оқиғалардың та­лайын көзімен көрді. Ізмахановтың партия комитетіндегі әріптестері кәдімгідей таң қалатын, еденді тепкілеп қарсы кезіккенді шауып тастайтындай тұлданып келетіндер Махаңның алдына барса-ақ болды, әлгілерінің бәрін ұмытып, миығы­нан күліп, дүниеге деген көзқарасы өзгеріп, жадырап шыға келеді. Ал осыдан кейін Ізмахановтың сиқы­ры бар демей көріңіз! Махаңды кезекті еңбек демалысынан қашан оралар екен деп тұрғындардан бұ­рын қызметтестері асыға күтетін. Міне, осыдан кейін Ізмахановтың керек адам болмаған жері қайсы?! Тоқсаныншы жылдардың ба­сын­­да мемлекеттік мүлік жөнін­дегі комитет құрылды. Тың шаруа. Табиғаты да тосын. Мемлекеттік мүлікті жекешелендірудің техника­л­ық құрылымдарын, заңдылық жүйесін бір ізге түсіру үшін де өмір­ден көрген-түйгені мол тәжіри­белі мамандар қажет болатын. Ұйым­дық-кадр басқармасының басты­ғына Ізмахановтың кандида­турасы ұсынылды. Бірақ респуб­лика Министрлер кабинеті Махаң­ды ол жерде де көп ұстамады, бір жылдан аса бергенде “Қызмет” акционерлік компаниясының вице-президент­тігіне жоғарылатты. Қазақстан Аза­маттық партиясы Ал­маты қалалық комитетінің төрағасы болып сайланды. Тәуел­сіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындық, қоғамдық бір формациядан екінші формация­ға ауысу, ел ішіндегі елең-алаң көңіл-күй басшы қыз­мет­тегілер түгілі қарапайым адам­дар­ға да оңай соққан жоқ-ты. “Келе­шекте қалай өмір сүреміз?” деген ең маңызды сұрақ өз-өзінен жұлқынып, бірінші тұрғыға шыға келді. Ал Махаңдар сол баяғыдай адамдардың қалың ортасында жүрді. Қара көбейтіп жай жүрген жоқ, тәуелсіздіктің тегеурінді бір тірегіне айнала білді. Қалалық мәс­лихаттан ел Парламентіне лайықты кандидаттар ұсынудың қандай қиын шаруа екендігін өзіңіз-ақ түсіне беріңіз. Кәсіпорындарда, оқу орындарында, түрлі шығарма­шы­­лық ұйымдарында өтіп жататын сан түрлі жиындарға қатысып, ұтырлы сөйлеу, жаңбырдай жауа­тын сұрақтарға толымды жауап беру –Махаңдарды да талай мәрте сынға салды. Біліктілікті, өмірден көргені мол тәжірибені толыққан­ды дәлелдеуге тура келді. Жаңа ғасыр басындағы қоғам­дық өзгеріс, бәсекелестік, алға қарыштап дамыған техникалық ахуал “Қазпошта” акционерлік қоғамына да сан қырлы жауапкер­шілік жүктеді. Стратегиялық мән-мазмұны екібастан. Әлеуметтік саланың біраз шаруасы “Қазпош­таға” берілді. Тіпті зейнеткерлерге зейнетақы таратуға дейін. Инкас­саторлық-кассалық жүйені жетіл­діру, арнаулы тасымал, көлік, жыл­жы­майтын мүлік құрылым­дарын жаңа заман талабына лайық­тап, солардан толымды нәтиже шығару, әрине, Ізмаханов үшін оңай болған жоқ. Пошта байланы­сын дүние жүзінде тұңғыш рет өмірге енгізген даңқты жерлесіміз, қыпшақ дала­сы­нан құл боп атта­нып, Мысыр мемлекетін жиырма жылға жуық билеген Сұлтан Бейбарыс бабамыз еді ғой. Біреу білетін, біреу біл­мей­тін осы дерек Махаңа сан түрлі ой салды. Өткен дәуір жәдігерлерін осы заман үрдісімен майдан қыл суырғандай етіп жымдастыра білді. Және содан керемет ләззат тапқан­дығын айт­саңызшы! Мұндай тың із­деністер Ізмахановты одан әрі жігер­лендірді. Әлгіндей депар­та­мент­­тердің жұмы­сын ғылыми негіз­де жетілдірді. Шаршаған жоқ, өзге­лерді де шар­шат­пады. Бір сөзбен түйінде­генде, табандаған он жыл бойы ол “Қазпоштаның” “оты­­мен кіріп, күлімен шықты”. 2005 жыл­дан бері акционерлік қоғамның кадр­лармен жұмыс жөнін­­дегі депар­таментінің дирек­торы. Осы уақыт бедерінде алған мақтау-мара­пат­тарын иненің көзі­нен өткіз­бе­геннің өзінде “Құрметті бай­ла­ныс­шы”, “Ерен еңбегі үшін” медалінің ие­гері атанғанының өзі неге тұрады... Тілге оңай орала кететін үйрен­шікті тіркеске салғанда да ол үлкен отбасының ұйтқысы, Күлжаһан жеңгей екеуі төрт баладан жеті-сегіз немере сүйіп отыр. “Құдайдың бергені ғой” дейтін тәубешілікті Махаңның аузынан күн сайын естуге болар еді. Мұнысы өзінің қоғам­ға да, айналасына да, ағайын-бауырға да керек адам екендігін одан әрі дәлелдей, нығарлай түсе­тін­дей. Бәріміз де керекпіз! Әрдайым әрбіріміздің жүрегімізден осы сезім мен сенім суымағай! Қуаныш ӘЛИМҰРАТ. ТЫНЫШ ЖҮРЕ АЛМАЙТЫН МҰҒАЛІМ Редакцияға етек-жеңі жинақы, әдеміше келген орта жастағы әйел амандаса келіп, бұйымтайымын айта бастады. “Соңғы кездері газеттер “мек­теп­терде патриоттық тәрбие мүлдем жүргізілмейді” дегенді көп жазады. Неге жал­пылама айтылады? Өзімнің 35 жыл­дық ұстаздық тәжірибемде балаларға тек отансүйгіштік, адамгершілік тәрбие беруде талмай ізденіп, шаршамай-шалдықпай еңбек етіп келемін. “Аға газет қой” деп патриоттық тақырыпқа мақала жазып әкелген едім” деді. Бүгінде өзекті мәселе бол­ғандықтан, апаймен әңгімелесе келе ойды ой, сөзді сөз қозғай, біраз жайтқа қа­нығып, оның өз мамандығын шексіз сүйетін мұғалім екенін байқа­ғанбыз. Содан да “Мақалаңыз шыға жатар, осы ойларыңыз, тәжірибе, еңбегіңіз жайында қайта біз жазайық” дегенбіз. ... 2007 жылдың сәуір айы. Алматы облысы, Жамбыл ауданы Балғабек Қы­дырбекұлы атын­дағы орта мектептің музыка пәнінің мұғалімі, пе­дагог-психолог Қайыпжамал Күреңкеева Қа­зақстан Қарулы күштерінің 15 жылдығына орай оқушы­ларды ұлттық және қазақстандық па­триотизмге тәрбиелеу мақсатында Халық Қа­һарманы, генерал-майор Сағадат Нұр­маған­бетовпен ашық тәрбие сабағын өт­кізуді оқу жоспарына енгізіп, дайындығын бастады. Мұны естіген әріптестері мектепте бұрын ондай қоғамдық жұмыстар атқарыл­ма­ған­дықтан ба, әлде жаңадан келген мұғалімнің ауқымды шараны өткізе алатынына сенімсіздік тудырғандары ма, әйтеуір, түсінбеушілікке, кедергілерге тап болды. Оның үстіне Алма­ты­дан шалғай ауыл мұғалімінің шақырғанына ол кісі келе қояр ма деген күдік те араласады. Осы­лайша, ауылда “Мектебіміз Қорғаныс ми­нистрін әкелетін кадет корпусы ма, жоқ әлде әскери училище ме? Бізге осының не керегі бар, мұғалім неге тыныш жүрмейді? Бүкіл мектеп оқушыларының қатысуы міндет емес, одан да сабақтарын оқысын”” деген сөздер көбейген. Қаңқу сөз Қайыпжамал апайға да жетті. Кезекті бір жиналыста: “Құрметті ұстаздар, бұл кездесу сіздерге емес, оқу­шы­ларға керек. Балалар тәуелсіз еліміздің тұң­ғыш Қаһарманымен танысып, сол кісіге қарап бой түзеп өссін. Алдыңда тәрбиелеп отырған оқушыңның ой-өрісі, көзқарасы таяз болмасын деген мақсатпен шақырып отырмын. Мәселен, бала кезі­міздегі Сәбит Мұ­қанов, Шота Уәли­ха­новпен болған кез­десулер әлі күнге жа­ды­мызда. Сонда тым-тырыс отыра беруіміз керек пе? Сынып сағаттары, пәндік кітаппен шектел­ген бір сарындылық балаларды жалықтырып жібе­реді ғой. Одан да ауылды дүр сілкін­діретін, қызықты кештер өтсе, бала­лардың тәртібіне, оқуына әсер етер еді. Тіпті, ата-аналарды да шақырайық, өйткені, ауыл адамдары не көріп жатыр”, – деген . Ұстаздар келісіп, қызу да­йындық басталады. Сөйтіп, Сағадат ағамен ке­ремет кездесу өт­кізеді. Кешті қорытқан сол кез­дегі ауылдық округтің әкімі Нұрғайша Та­уаса­ро­ва: “Қа­йыпжамал апай осындай шара ұйымдас­тырамын дегенде ұстаздар да, біздер де “осы мұғалім тыныш жүрмей ме, қайдағы бір жұмысты тауып беріп, елдің бәрін әуреге, әбігерге түсіріп” деп ренжігеніміз рас еді. Енді түсініп отыр­мыз, бұл кісінікі дұрыс екен. Балаларымыз батыр ағаларын көріп, тәрбиелік мәні бар қаншама әңгіме естіді, – деген-ді. Бақса, Қайыпжамал апай мұндай кездесулер өткізуге әбден машықтанған екен. Отбасы жағдайымен еліміздің қай түкпіріне барса да “тыныш жүрмей”, оқушылардың рухани дүниетанымын кеңейту, ұлттық сана-сезім, өнер, поэзия арқылы тәрбиелеу мақсатында бір шаршаған емес. Сенбе­сеңіздер, санамалап көрелік. 1990 жылы Күрті ауданында Роза Бағ­лановамен, 1996 жылы Алматыдағы №17 мектеп-интерна­тында халық жазушылары Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев, жазушы Ә.Та­был­диевпен, сазгер Е.Ха­сан­ғалиев пен теңгенің авторы, суретші А.Дүзелхановпен, тұң­ғыш ғарышкер батырымыз Т.Әубәкіровпен, КСРО халық әртісі Ф.Шәріпова, әнші Мақ­пал Жүні­совамен, №2 мектеп-интернатта Құман Тастанбеков, М.Өтекешовамен, 2002 жылы Алматыдағы қиын балаларды тәр­биелеу мек­тебінде Олимпиада чемпионы О.Ши­шиги­намен, соңғы жылдары Б.Қы­дыр­бекұлы атын­дағы орта мектепте белгілі ақын Исраил Сапа­рбаймен, “Әдептану” оқулы­ғының авторы, профессор Ұ.Асы­ловпен, 2009 жылы мемле­кет­тік Тудың ав­торы, суретші Ш.Нияз­бековпен, ұлт аспап­тары орындаушы­ларымен “Қаза­ғым­ның үні сенсің – домбыра” атты тақы­рыптарға ар­налған кештер өткізіп, барлық ашық тәрбие сабағына оқушылардың ата-анасын ертіп келуін талап еткен. 2003 жылы сонау Қы­зыл­орда облысынан балаларды қорғау күніне үздік оқушыларды Алматы қаласына экскурсияға әкелсе, 2006 жылы нан өнім­дерінің қаншалықты еңбекпен келетінін көрсету мақсатында “Ақсай-Нан” комби­натына, өнер пәнінен М.Әуезов атындағы театрға апарған. Ал Тоқтар Әубәкіровпен кездесуді қалай ұйымдастырған десеңізші! Батырды қарсы алу қарсаңында әскери учи­лищеге барып, 20 курсантты ертіп әкеліп, сап түзеп қояды. Спорт залда үлкен Жер шарын, Туды, Елтаңбаны іліп тастап, ас­панға ұшу сәтінен эмитация жасап, балаларға космоновт киімін киіндіріп, “Сарыарқаны” күмбірлетіп ойнатып тастайды. Тоқтар кіріп келгенде соншама дайындықты көріп, таңғалғаны да есте. Міне, бұл жұмыстар қаншама уақытты, қаншама ерік-жігерді, қаншама еңбекті қажет етеді десеңізші. Ал Қайыпжамал болса, мұндай шаруаларды атқаруға қинал­майды, қайта рахаттанады – Мұғалім сезімтал, бала жанының зергері болуы керек. Баламен бала тілінде сөйлесіп, ар намысына тимей, сенім ұяла­тып, барынша түсінуге тырысқан жөн. Біз БҰҰ-ның Балалар Конвенциясына қол қой­ған елміз. Сондықтан баланың құқықтарын сақтауға үндеймін, – дейді психолог-ұстаз. Иә, қазір интернаттың мүмкіндіктері қан­шалықты зор болғанмен – ол бәрібір жансыз нәрсе. Сондықтан да тірі адамды, мұғалімді ешкім ауыстыра алмайды. Бүгінде оқушыларға білім береміз де, қалай адам болу керектігіне, рухани адамгершілік тәрбиеге соншалықты көңіл бөлінбейді. Мектептерде ұсақ-түйек шаралар өтеді-ау, бірақ олар тек айтар атқа. Ал Қайыпжамал апайдың шәкірт тәр­биелеуде өз тәжірибе, ұлағаты бар. Ол кісі ба­лаларға ешқашан дауыс көтермейді. Егер шек­тен тыс шығып жатса, жеке кабинетке ша­қырып: “Айтшы, балам, не жағдай болды?” деп ақырын ғана сұрайды. Сонда қанша ашуланып, қат­ты сөйлеп келе жатқан оқушыңыз басылып, дауысын бәсеңдетіп жауап береді. Осы ретте тәжірибелі ұстаз оқушыны өнер арқылы тәрбиелеудің үлкен тәлім екеніне көз жеткізген. Мәселен, өнер сабағынан қазақ циркі туралы тақырыпқа дайындалғанда, ол кісі не істеген дейсіз ғой. Алматыға келіп, өз қаржысына Қу­ыр­­шақ театрынан қуыршақтарды жалға алып, сабаққа ерінбей сайқымазақтың (клоун­ның) киімін өзі тігіп, киіп келеді. Оқу­шыларға сахна жасатып, шағын ертегі жаздыртып, соны өздеріне ойнатады. Қуыршақ театрын көрмеген ауыл балаларына сондай қызығушылық ту­ғызған сабақ өте тартымды, көңілді өткен. Міне, көрдіңіз бе, бір ғана сабақтың мәнін аша­мын деп мұғалім қаншама әуреге түсті. Бірақ, ол кісі осы уақытқа дейін білім үшін, бала үшін жасаған еңбегін ешкімге бұлдаған емес. Қ.Күреңкеева апай сегіз қырлы, бір сырлы жан. Ісмерлігінің арқасында – бір киер киімін де өзі тігеді. Мектептегі “Атамекен” салт-дәстүр клубы кабинетіндегі ұлттық нақыштағы бұйымдардың бәрін өз қолымен жасаған. Бірінші мамандығы музыка саласы болған соң, қашанда сахна мен мектепті де бірге алып жүргені. Ауданда алдыңғы қатарлы хордың дирижері, “Біз сұлу” қыздар вокальды тобының жетекшісі, Талдықорған қаласында өткен облыстың мәдениет күндерінде жеке орындау­шы­лық шеберлігімен жүлделі орынды жеңіп алды. Сонда ғой, “Ақбақайды” орындап, әнді аяқтайтын жоғары нотаны ұзақ ұстағанда, халық шуылдап қол соғып, риза болған. Рес­публикалық баспасөз беттерінде ғы­лыми-әдістемелік мақалалар жазуға да уақыт табады. Ендеше, бүгінде бір ашық сабақ өткізгенге шаршап-шалдығып, жүре­тін мұғаліммен салыс­тырғанда, шынында да, зейнеткерлік жасқа жақындаған Қайып­жамал апайдың еңбегінің еленетін уақыты жеткендей. – Бір білгенім, қай ғасырда, қай уақытта болмасын, мұғалім баланы жақсы көріп, жанын түсінуі керек, – деді ол қоштасарда. – Ал өз ісіне, кәсібіне қызығушылық білдірген ұстаз “ананы оқысам, мынаны көрсем, былай істесем” деп талаптанса, аяқ өздігінен жүріп ке­теді. Ал “оның не керегі бар” дейтін болса, әри­не, ол жұмыс алға баспайды. Әрине, бала бол­ған соң қатесі де, қиындығы да кездеседі. Сен сол үшін мұғалімсің. Баланы түсінуге тиіссің. Иә, Қайыпжамал апай айтпақшы, ұрпаққа қалдырар мәңгілік байлық – білім мен тәрбие – есімі үлкен әріппен жа­зылатын, бәрімізге құрметті сол мұғалімнің қолында, мемлекеттің кемел болашағы, мүддесі – білімді де білікті ұстазына байланысты. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, Алматы облысы, Жамбыл ауданы. ЕЛ ҚАДІРІН, ЖЕР ҚАДІРІН ҰҒЫНҒАН “Бұрғы бойлаған боз дала” атты кітапта еңбегі же­місті, бітімі келісті ең­бек адамының келбеті шы­найы жеткізілген. Біз шымыр шығарманы разы көңілмен әрі қызыға, әрі құныға оқып шықтық. Қы­зыға, құныға оқуымыз­дың ең үлкен себебі – кітап авторы, Қазақстан Журналистер одағының мү­шесі Арынғазы Мырза­ғалиев бұған дейін де, бұдан кейін де талай-талай тұщымды дүниелерімен мың сан оқырманды риза еткен біздің байырғы әріптесіміз еді. Ол Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетінің 1976 жылғы түлегі. Сол жылы Атырау облыстық “Коммунистік еңбек” (қазір “Атырау”) газетінің редакциясына аудар­машы болып қабылданып, кейін он жыл бойы аға тілші, бөлім меңгерушісі болып баспасөздің талай жанрында қаламын көсілте сілтеді. Өзін қазақ журналис­тикасының атасы атанған тәлімді тәлімгер Тауман Амандосовтың, қазақ сөзіне қанат бітіріп, төгілте сөйлейтін зейінді зергер Зейнолла Қабдоловтың, әдебиет әлемінің тылсым тұңғиығына терең бойлаған Бейсенбай Кенжебаевтың, тіл білімінде өшпес із қалдырған Ісмет Қеңесбаев пен Мәулен Балақаевтың, майданда да, ғылымда да қас батыр Мәлік Ғабдуллиннің шеберлік ұстаханасынан шыққан ұқыпты да ұғынықты шәкірт ретінде танытты. Оның “Жер бусанып жатыр”, “Арда­гер”, “Мақпал”, “Самғау шақ”, “Ақ қанат арман”, “Әке жолымен”, “Ер мен дала” атты көлемді очерктерінде егінші Дәреже Төлешованың, электрмен пісіруші Иван Лукич Горячкиннің, балық өңдеуші Мақпал Ідірісованың, сауыншы Өтеш Ба­сарованың, тігінші Қадиша Шөкееваның, балықшы Бақыт Тайырованың, шопан Кісенбай Асабаевтың ең асыл, ең аяулы мұраттары, жалпы адам рухының керемет күші мен қасиеті сөз болып, мыңның көңілін өсіргені, мыңның жүрегін тербегені есте сақталып қалды. Бұларының бәрі ұстазы Зекеңнің, Зейнолла Қабдоловтың сөзімен айтсақ, “...өткен шақтың көне шындығынан емес, осы шақтың жаңа шындығынан туған” сәтті дүниелер. Арынғазы 1987 жылы облыстық партия комитетіне нұсқаушылыққа шақырылып, баспасөз саласына жетекшілік етті, облыстық кеңесте аға референт міндетін атқарды. Сөйтіп, тағы да шынығу, ширығу мектебінен өтіп, 1993-1999 жылдары облыстық тіл басқармасы бастығының орынбасары, қалалық тіл басқармасының бастығы, қалалық мәслихаттың бөлім меңгерушісі, облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасы бастығының орынбасары, ономастикалық комиссияның төрағасы, қалалық Кеңестің депутаты болса күні бүгінге дейін ірі өнеркәсіп орын­да­рында аудармашы қызметін атқаруда “Тіл туралы” Заңды насихаттау, орындау, ана тілінің қолдану аясын кеңейту, оны ұқып­ты пайдаланып, келешек ұрпаққа кемел­ден­діре жеткізу мақсатын­дағы қыруар шаруаға әрі көшбасшы, әрі жанашыр болды және болып келеді. Осы орайда Арынғазы­ның депутат, азамат және туған жердің нағыз па­трио­ты ретінде ұйытқы болып, қала атын өзгертуге қа­тыс­ты жүзеге асырған бір тын­дырымды ісін бөле-жара атап көрсеткен ләзім. – Халық қойған әрбір жер атауы – сол жердің та­рихи төлқұжаты. Сондық­тан патша өкіметінің рұқ­сатымен қалашық салған ағайынды Гурьевтер есімін иеленген қаланы бұдан былай Атырау деп атау жөн деп таптық, – дейді Арынғазы Мырза­ғалиев ол турасында. – Алайда, қалалық ке­ңес депутаттарының басым бөлігі бұл ұсы­нысымызға әп дегеннен-ақ қарсы болды. Біз бет алған бағыттан қайтпау үшін баспасөзді пайдаланып, дөңгелек үстел өткізіп, кездесулер ұйымдастырып деген­дей, біраз жұмыс жүргіздік. Ол ақыры өз нә­тижесін берді. Қалалық кеңес арнайы шешім қабылдады. 1992 жылдың ақпан айының 21-і күні баспасөзде Республика Жоғары Кеңесі төралқасының Гурьев облысын Атырау облысы, Гурьев қаласын Атырау қаласы деп атау жөніндегі қаулысы жарияланды. Бұл үлкен жеңіс еді, халықтың қуанышы еді. Жеңіс одан әрі жалғасты. Ономасти­калық жұмыстарды реттеу тұжырымдамасы жасалып, елді мекен, шаруашылық, жер-су, көше аттарын байырғы қалпына келтірудің немесе оларға жаңадан ат қоюдың тәртібі қалыптасты. “Атамның атын – ауылға, көкемнің атын – көшеге” дейтін жымысқы әрекеттерге тыйым салынды. – Дегенмен, көкейімде “қап, соны бі­тіре алмадым-ау” дейтін өкініш те аз емес. Соның бірі – қаланы қақ жарып өтетін ару өзеннің әлі күнге екі түрлі атауды еншілеуі. Ол орыстар үшін – Урал, қазақтар үшін – Жайық. Осы секілді керағарлықты бір ізге түсірмей, ұсақ-түйек санаудың зияны аз болмайды, – дейді Арынғазы. Пәтуәлі пікір. Бұндай пәтуәлі пікірді тәуелсіз мемлекетіне, туған жеріне деген патриоттық сезімі мен құрметі шексіз ма­хаббаты арқылы маздап, жүрек жалынына айналған адамдар ғана айта алады. Ал, Арынғазы сондай жан. Өмір иі­рі­мінде өскен, бойына қазаққа тән жо­март­тық, мәрттік біткен, мейірімін қабағында емес, жүрегінде, ішкі әлемінде сақтайтын, үнемі ізденіс үстінде жүретін жан. Оның үздік аудармашылыққа қоса соңғы жыл­дары “Мұнай өңдеуде жиі қолданылатын терминдер мен сөз тіркестерінің орысша-қазақша сөздігін” түзушілердің, Ұлы Отан соғысы кезінде ерлердің орнын басып, тыл­да өлшеусіз тер төккен әйелдер жайында “Мұнайшы арулар еңбегі – ерлік ес­керт­кіші” атты кітапты құрастырушылардың бірі болуы да ізгі ізденістің айтулы жемісі. Қаржаубай СҰЛТАНҒАЛИҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Атырау.