27 Қаңтар, 2010

ХАЛ ҚАЛАЙ, КӘСІПҚОЙ БОКС?

1245 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Кәсіпқой бокстағы қазақтың қазіргі қара нарының бірі, ІBA атағының иесі Бейбіт Шүменов десек, оның жекпе-жегі 29 қаңтарда Лас-Вегаста өтеді. Қарсыласы – WBA дәрежесі бойынша әлем чемпионы Габриэль Кампильо болмақ. Біздің оғылан онымен өткен жылы Астана рингінде кездесіп, есеп айырмашылығымен ептеп есе жіберіп алған болатын. Бірақ өзінің мысы мен күшіне сенімді Бейбіт “мен ол кездесуде жеңілген жоқпын” деп мәлімдеген. Оның үстіне испан боксшысы Габриэль жекпе-жек алдында допинг-тексеруден өтпеген болып шықты. Бұл, әрине, жанкүйерлер мен мамандардың күдігін қоюлата түскен. Орынды уәжге әлемдік бокс қауымдастығының басшылығы да құлақ асып, жекпе-жекті қайта өткізуге шешім қабылдады. Бейбіт батыр кімнің кім екенін дәлелдеп Лас-Вегастағы қарымта кездесуде жеңіске жетсе, еліміздің енді дамып келе жатқан кәсіпқой боксы үшін үлкен абырой болар еді. Қазақ жанкүйерлерінің ақ тілегі де осы. Ақпан айының аяғында еліміздің 10 кәсіпқой боксшысы АҚШ-қа аттанбақ. Бұл топтың құрамына Абзал Адамбаев (58,9 кг), Александр Журавский (63,5 кг), Қанат Қартеңбаев (63, 5 кг), Миржан Жақсылықов (57 кг), Берік Қалиев (61 кг), Әнуар Мұсағұлов (61 кг), Тұрсынбек Сыдықов (53,5 кг), Әсет Айсин (66 кг), Жанат Жақиянов (53,5 кг) және Иса Ақбербаев (90,7 кг) енді. Сондай-ақ, ережесіз ұрыстың ұландары ағайынды Ардақ және Бейбіт Назаровтар бар. АҚШ сапарының ұйытқысы қазақ кәсіпқой боксын дамыту үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген еліміздің кәсіпқой бокс қауымдастығының құрметті президенті, белгілі меценат Бауыржан Оспановтың айтуынша, біздің сайыпқырандар қатысатын алғашқы турнир 28 ақпанда Хьюстонда өтеді. Оған әлемдік бокстың аңызына айналған айтулы боксшылардың бірі, аса ауыр салмақтағы әлемнің экс-чемпионы Джордж Форманның өзі әріптестік көмек ретінде қол созбақшы. Көмек болғанда, әйгілі бокс­шының промоу­терлік компаниясы қазақ­стандық кәсіпқой боксшылардың Хьюстон, Майами және Лос-Анджелестегі ең жақсы деген бокс залдарында жаттығу жасауына жағ­дай туғызып, Латын Америкасының ең мықты деген боксшылары­мен спарринг өткізуге жәрдемдеспек. Афина Олимпиадасының күміс жүлдегері, белгілі қазақ былғары қолғап шебері Геннадий Головкиннің неміс елінің про­моутерлік компаниясымен келісім-шартқа отырып, бірнеше жекпе-жегін сәтті өткізгені белгілі. Жақында осы қазақстандық кәсіпқой боксшы әлгі промоутерлік компаниямен жасаған келісім-шартын бір жақты бұзды. Боксшының айтуынша, оны АҚШ рингіне шығарып, атақ-даңқын аспандатамыз деген “жоспардың” ешқайсысы орындалмаған. Шынында, қарсыластарының бәрін жапыра жеңіп келе жатқан талантты боксшы соңғы 4 жылда бірде-бір рет АҚШ рингінге шыққан жоқ. Компания кездестіреміз деп уәде еткен атақты қарсыластарының ешқай­сысымен жұмыс жүргізбеген. Геннадийді Германияда атақты боксшы ретінде неміс халқы тұрмақ, тіпті, бокс фанаттарының өзі онша тани бермейді екен. Шыдамның да шегі бар, сөздің тоқ етері, бұдан былай Геннадий Unіversut Box-Promoutіon компаниясына өз тағдырын сеніп тапсырмайтын болды. Ендігі қамқоршысы кім болатыны жөнінде де нақты дерек жоқ. Бірақ, біз мықты бокс­шының ешқашан мамандар назарынан тыс қалмайтынына сенімдіміз. Кәсіпқой боксшы Виталий Демьяненко да Қазақ елінің намысын қорғап жүрген қайсарлардың бірі. Бірақ жарақатына байланысты сегіз ай емделіп, тыныққан ол барыс жылы рингке қайта оралды. Мәскеуде жаттығатын ол қазір нағыз бабында сияқты. Атап айтсақ, 6 ақпанда Мәскеудегі бокс кештері шеңберінде ринге шықпақшы. Жай шықпайды, WBC Asіan Boxіng Councі, WBO Asіa Pacіfіc және PABA дәрежелері бойынша әлем чемпионы деген атағын қорғайды. Қарсыласы жанкүйерлерге “қытайлық” деген лақап атпен мәлім аргентиналық Хорхе Даниэль Миранда болмақ. Ол 33 жекпе-жек өткізіп, оның 25-де жеңіске жетіпті. Егер 27 жастағы В.Демьяненко жеңіске жеткен жағдайда, әлемдегі рейтингі ең мықты деген боксшы Джоуша Клоттимен шеберлік сынасады. Міне, нағыз майдан сонда болады. Еліміздің кәсіпқой бокс қауымдас­ты­ғы­ның құрметті президенті, белгілі кә­сіпкер-меценат Бауыржан Оспанов, бокс феде­ра­циясының вице-пре­зи­денті Болат Манкеновтің айтуынша, қазақ кәсіп­қой боксы енді дамып келеді. Оның мерейі үстем бола беруі үшін қауымдастық қолдан келген барлық жағдайды жасайды. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.