26 Қаңтар, 2010

БӘРІНЕН БАЛА КҮЛКІСІ ҚЫМБАТ

1385 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Тәуелсіздік алып, өз алдына дербес мем­лекет болғалы елімізде жүзеге асып жатқан игіліктердің баршасы отбасының, соның ішінде ана мен баланың игілігі мен бақыты­на арналуда десем, “Нұр Отан” халықтық демократиялық партиясы облыстық филиа­лының бастамасымен, облыстық әкімдіктің қолдауымен 2009 жыл “Ана мен бала жылы” деп жарияланған болатын. Осы “Ана мен бала жылы” аясында денсау­лық сақтау жүйесінде де қыруар іс-шаралар іске асыры­лып, халық денсаулығының негізгі көрсет­кіштері едәуір ілгерілеп, облыс әкімі мен Денсаулық сақтау министрі арасындағы келісіммен көзделген межелі индикатор­ларға қол жеткізілді. Атап айтқанда, Маңғыстау облысында 2008-2009 жылдары денсаулық сақтау саласын жандандыру мақсатында қадамдық бағдарлама қабылданды. 2009 жылы ана мен бала өлім-жітімін төмендету бойынша қысқа мерзімдік жоспар және облыстық денсаулық сақтау саласының медиа-жоспары дайында­лып, жүзеге асырылды. Сонымен қатар, об­лыс әкімінің қаулысымен ана мен бала өлім-жітімін төмендету үшін шұғыл шаралар қабылдайтын облыстық штаб құрылды. Облыстың қалалары мен аудандарында осын­­дай штабтар құрылып, ана мен бала денсаулығын қорғау жағдайына мониторинг жүргізілді. Сондай-ақ, облыс әкімдігінің баста­ма­­сымен әрбір медициналық мекемеге нақты критерийлер бойынша баға беріліп, рейтингісі анықталды. Жоғарыда аталған жоспарлардың орын­далуы барысында облыстағы емдік-про­филак­тикалық ұйымдардың материалдық-техника­лық негіздері күшейтілді, әсіресе бірін­ші кезекте балаларды емдейтін меке­мелер, перзентханалар және туберкулездік ауруханалар мен диспансерлер күрделі жөн­деуден өткізілді, бірнеше жаңа денсау­лық сақтау нысандары іске қосылып, жоғары тех­но­логиялық, инновация­лық заманауи құрал-жабдықтармен жарақтан­­дырылды. Сонымен, былтыр қараша айында 60 орындық Ақтау қалалық перзент­­ханасы, облыстық балалар ауруханасының корпусы, Боранкөл ауылында алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығы және Құрық кентінде орталық аудан­дық емхананың құры­лысы қарқынды түр­де жүргізіліп, мерзімінен бұрын іске қосылды. Облыс тарихында тұңғыш рет осыдан 2 ай бұрын облыстық аурухананың күрделі реконструкциялық жөндеуден өткен бөлі­гінде 20 орындық кардиохирургиялық бөлім­ше ашылып, жүрекке операция жасау жұмыстары басталып кетті. Сондай-ақ, облыс бойынша 13 медицина нысандары күрделі жөндеуден өткізіліп, халық игілігіне  берілді. 2009 жылы облыстық бюджет қаражаты есебінен 100 орындық облыстық онкология­лық диспансер, Бейнеу ауылдық перзент­ханасы, ал, “100 аурухана” бағдарламасы­ның шеңберінде облыстық қан орталығы, Шетпе кентінде 150 орындық орталық аудандық ауруханасы сияқты 7 ірі медициналық ұйымның құрылысы басталса, инвесторлар қаражатының есебінен Түпқараған орталық аудандық ауруханасы балалар бөлімшесінің құрылысы басталып кетті. Қорыта айтқанда қазіргі таңда облыста 12 инвестициялық жоба іске асырылу үстінде. Облыстағы медицина сапасы мен деңгейін анағұрлым жоғарылату мақсатында мамандардың біліктілік санатын көтеруге аса көңіл қойылды. Нәтижесінде 2 мыңнан астам медицина қызметкерлері біліктілік­терін жетілдіру курстарынан өтті, оның ішінде 20 маман Литва, Израиль, Ресей, Сингапур және Австрия мемлекеттерінде оқып, тәжірибе алмасып қайтты. Бұдан басқа денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру үшін туберкулезбен ауыратын науқастарды жеке жатқызу принципіне негізделіп, туберкулезге қарсы диспансердің кереуеттерін қайта құрылым­дау жұмыстары жүргізілді. Екі ауданаралық туберкулездік аурухана және 20 орындық мәжбүрлеп емдеуге арналған бөлімше ашылды. Жаңадан құрылған Мұнайлы ауданында туберкулездік диспансер және бактериоско­пиялық зертхана халық игілігіне берілді. Сонымен, жоғарыда айтылған аумақты жоспарлар мен пәрменді медициналық-ұйымдастыру шараларының нәтижесінде облысымызда туберкулезден болатын өлім- жітім саны 2,2 есе азайса, сырқаттану деңгейі 1,3 есе кеміді. Ана өлімі 1,6 есеге төмендеп, нәрестелер өлім-жітімі бойынша жағдай тұрақтанды. Әлеуметтік маңызы зор аурулардың ішінде қан айналым жүйесінің және қатерлі ісік аурулары аса көңіл бөлуді қажет етеді. Өйткені, бұл аурулар дүние жүзінде, сонымен қатар Қазақстанда да өлім-жітім көрсеткіштері бойынша көптен бері алғашқы орындарды бермей келеді. Ал, Маңғыстау облысында соңғы жылдары ересек тұрғындардың жекеленген санаттары арасында сапалы жүргізіліп келе жатқан профилактикалық тексерулерінің нәтижесін­де жүрек ауруларын ерте диагностикалап, алдын алу, салауатты өмір салтын қалыптас­тыру және емдеу шараларын тиімді қолдану нәтижесінде өлім-жітім көрсеткіштері республикалық деңгейден 3,2 есеге, облыс­тағы былтырғы жылдың қорытындысы­мен салыстырғанда 1,6 есеге төмендеп отыр. Бұл индикатор-көрсеткіштің қарқынды кему тенденциясын алуы 2008 жылдың “Жүрек тамыр жүйесі ауруларымен күрес жылы” деп жариялануына байланысты жүзеге асырылып келе жатқан жүйелі шаралардың нәтижесі екендігі даусыз. Қатерлі ісікпен сырқаттанатын науқас­тарды диспансерлік бақылаудың сапасы мен тиімділігін көрсететін көрсеткіштер қатарына олардың 5 жыл және одан да ұзақ өмір сүруі мен ауруды ерте анықтау болып табылады. Облыс бойынша алғашқы көрсеткіш бойынша келісімдегі межелі көрсеткішке қол жеткізсек, екінші инди­катор белгіленген межеден 20%-ға жоғары, яғни 70% түзіп, нәтижелі болып отыр. ­“Отан – отбасынан басталады” демекші, үйіне газы мен суы келіп, балаларының өсіп-жетілуіне барлық жағдай жасалған аналардың қоғамдық өмірге араласып, өзінің қолынан келетін кәсіппен айналысуға деген құштарлығы артатыны белгілі. Бұл күндері облыстың елді мекендерінде бірінен соң бірі құрылып жатқан үкіметтік емес ұйымдар әйелдер белсенділігінің артқандығын көрсе­тетін бірден-бір мысал. Олар “Ауыл әйел­дерінің бастамашылығы” ҚҰ (Бейнеу және Қарақия аудандары), “Тілек” ҚҰ және “Асыл мұра” ҚҚ (Мұнайлы ауданы), “Ақниет” гендерлік даму орталығы (Түп­қара­ған ауданы). Өз қызметін аулаларды аралау, әңгімелесулер, тұрғындарды нақты мәселелер бойынша қабылдау сияқты қарапайым жұмыстардан бастаған олардың барлығының мақсаты, ауылдастарының, балаларының денсаулығы мен әлеуметтік жағдайын жақсарту. Бұл күндері ауылдық жерлерде ҮЕҰ құру жөніндегі жұмыс жал­ғасуда, әйелдер және отбасылық-демо­графиялық саясат істері жөніндегі облыстық комиссияның барлық деңгейдегі әкімдіктер жанынан “Әжелер кеңесі” кеңестерін құру туралы шешімі қызу қолдауға ие болуда. Бүгінде Түпқараған және Бейнеу аудандары мен Ақтау қаласы әкімдіктері жанынан “Әжелер кеңесін” құру мәселелері шешілді, оның құрамы анықталды, кеңселер бөлінді, хатшылар сайланды. Жыл сайын облыс әкімінің іскер де белсенді әйелдермен дәстүрлі кездесулері емен-жарқын әңгімелесу жағдайында өтеді. Оның барысында әйелдер өздерін толған­дырып жүрген мәселелерді ортаға салып, пікірлерін айтады. Жыл сайын 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында кең де ауқымды шаралар өткізіледі. Өткен жылы “Алтын алқа” алқасының 9 иегері облыс әкімінен Алғыс хат пен ақшалай сыйлық алды. Сонымен қатар әйелдер арасында кәсіптік және шығармашылық конкурстар өткізу де дәстүрге айналған. 2009 жылы “Әйелдер басқаратын таңдаулы кәсіпорын” конкурсына облыстың кәсіп­орындары мен ұйымдарын басқарып отырған 38 әйел қатысты. Жыл сайын өткізілетін “Қазақстан әйелдері кедейлікке қарсы” акциясы 2009 жылы “Отан – отбасынан” басталады девизімен өтті. Орталықтан шалғайдағы селолық округтерге құрамында дәрігерлер, заңгерлер, үздік кәсіпкер әйелдер, білім және ішкі істер саласының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері бар үгіт бригадалары жіберіледі. Олардың бағдарламаларында тұр­ғын­дарды медициналық бақылаудан өткізу, мұғалімдерге, ата-аналарға және балаларға арнап семинар-тренингілер өткізу, кон­церттер қою сияқты игілікті шаралар бар. Әйелдерді бизнеске тарту жолында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл бағытта облыстың үкіметтік емес ұйымдары, Қазақстан іскер әйелдері ассоциациясының филиалы белсенділік танытуда. “Ана мен бала жылы” аясында “Қанатты әйел” идеялар мен тауарлардың аймақтық жәрмеңкесі өткізілді. Жәрмеңкенің ашылу салтанатына Еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау министрі, Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демография­лық саясат жөніндегі Ұлттық комиссиясы­ның төр­айымы Г.Әбдіқалықова қатысты. Жәр­меңкеде 56 шағын және орта бизнес кәсіп­орнының, жеке кәсіпкерлердің басшы­лары мен 18 қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері өз жұмыстарын ұсынды. Бұл шын мәнінде қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдар жобаларының тұсаукесері, танымдық анық­тамалықтардың, шығармалар жинақтары­ның, отбасы оқитын кітаптардың, жергілікті суретшілер картина­лары­ның, азық-түлік өнімдерінің, тігін бұйымдарының, ұлттық және арнаулы киім­дер мен аяқкиімдердің, халықтың қолданбалы өнері бұйымдарының көрмесі болды. Қазақстан эстрада жұлдыз­дары­ның қатысуы­мен “Жан анам” қайырым­дылық концерті ұйымдас­тырылып, түскен қаржы жүрегі ауыратын сырқат балаға емделу үшін берілді. “Ана мен бала жылын” аяқтай отырып, облыстық комиссия Қазақстанның іскер әйелдері ассоциациясының “Менің от­басым – менің байлығым” мерекелік кешін өткізді. Облысымызда жасалынып жатқан шара­лардың барлығы қашанда отбасын – тірегім, баланы – бақытым деп санайтын халқы­мыздың ерекше ризалық сезімін туғызып, болашаққа деген сенімін нығайта түсуде. Жауынбай ҚАРАЕВ, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның төрағасы.