26 Қаңтар, 2010

ҚАЗАҚСТАН ҚАРУЛЫ КҮШТЕРІ

1562 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Орта Азия аумағында көш бастады “Независимая газетада” жа­рияланған “Көп векторлы әскери ынтымақтастық” деп аталатын мақалада: “Қазақстанның Қа­рулы Күштері бүгінгі таңда посткеңестік кеңістік шеңберінде алғашқы үштік қатарында, сонымен бірге ТМД бойынша Орта Азия аумағында көш бас­шы саналады” деген сарапшы­лардың бағасы келтірілген. Ержұман СМАЙЫЛ. Қарулы Күштер басшылары армия­­­ны жетілдіруге күн сайын баса назар аударып келеді. “2009 жылы әскерлерде өткізілген іс-шаралар жауынгерлік әзірліктің тиімділігін арттыруға септігін тигізді, соның ішінде авиацияда ұшу саны ұлғайды, әртүрлі қару-жарақтан 12 мыңнан астам прак­ти­калық ату орын­далды және пара­шют­пен 20 мыңға жуық секіру жүзеге асырылды”, – деп мәлім­деді жыл қорытындысын шығарған Қор­ғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков. Сондай-ақ, Қазақстан әскери ведом­ствосының басшысы өз бағы­нысын­дағылар “тиімділігі жоғары 52 жаттығу өткізгендігін” атады. Са­лыс­тырып көретін болсақ: 2008 жылы оның жалпы саны 38-ге жетіп еді. Олардың ішіндегі ең маңыз­дысы – “Өзара іс-қимыл-2009” халықаралық командалық-штабтық жаттығулары. Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Жедел әрекет ету ұжымдық күштерінің басқару органдары мен бөлімшелерінің тұңғыш рет өткізген бұл жатты­ғу­ларын жақсы қырынан атап өткен орынды. “Қазақстан армиясы үшін ТМД аймағында өткен жаттығу жауапты емтихан болды, бұл ем­тихан да “үздік” бағаға тап­сы­рыл­ды”, – деді Әділбек Жақсыбеков. Сондай-ақ, қазақстандық әс­ке­ри қызметшілер ТМД Қарулы Күш­терімен бірлескен бірнеше ірі көлемді жатты­ғуларға да қатысты. Олардың қатарында Тәжікстан Республикасында өткен “Норак-Ан­титеррор-2009”, Беларусь Рес­публикасында өткен “Батыс-2009”, ТМД елдері Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің біріккен жүйе­сінің жауынгерлік атыстарын қамтыған “Жауынгерлік достастық 2009”, РФ Әскери әуе күште­рінің бөлім­дерімен бірлескен “Әуе күштері-2009”, сондай-ақ АҚШ, Ұлыбритания қарулы күштерінің бөлімшелерімен бірлескен “Дала бүркіті-2009” жаттығулары бар. Ел Президенті – Қазақстан Респуб­ликасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұр­сұлтан Назарбаев анықтағандай, жылдың басты тапсырмасы – “төл әскерлеріміздің сапа көрсеткіш­терін арттыру”. Мемлекет басшысы сонымен қатар әс­керіміздің жаңа үлгідегі әскери техни­камен және қару-жарақпен қамтамасыз етілуі қажет екенін, ұрыс жүргізудің озық үл­гі­ле­рін меңгеріп, жоғары білікті ма­ман­дармен жасақталуын баса көрсетті. Осыған сәйкес 2010 жылға Қарулы Күштердің жауынгерлік әзірлік жоспа­ры жасалды. Бұл дегеніміз – жауын­герлік әзірлік деңгейінің артуы, сапалы әскери мамандар дайындау және әскери білім беру жүйесін оңтайландыру, әскери тәртіпті күшейту, халық­ара­лық әскери және әскери-тех­ни­калық ынтымақтастықтың көк­жие­гін кеңейте түсу, тұрғын үй мә­се­лесін шешу, әскери гарни­зон­дар­дың инфрақұрылымдарын дамыту, әскери қызметшілер үшін қажетті әлеуметтік пакетті жасау, сондай-ақ Ұлы Отан соғысындағы Же­ңістің 65 жылдығына арналған кешенді шаралар өткізу. Сондай-ақ, қорғаныс ведом­ство­сының басшысы Әділбек Жақ­сы­беков әлемдік дағдарысқа қарамас­тан, жауынгерлік әзірлікке негіз­дел­ген шаралар басты назарда бо­лып, қажет мөлшерде қаржылан­дырылатынына кәміл сенімді. Жалаң сөзді болмас үшін жау­ынгерлік тапсырманы мүлтіксіз ор­ындауға мүмкіндік беретін дерек­терге сүйенейік. Мысалға, еліміздің Әскери-теңіз күштерінің бас қол­басшысы, бі­рін­ші рангалы капитан Жандарбек Жан­зақовтың айтуына қарағанда, үс­ті­міздегі жылы қазақ­стандық жауынгерлік кемелер 30-40 тәулік ашық теңізге шы­ғып, жылына 100 тәуліктей жауынгерлік шебер­ліктерін шыңдайтын болады. Әскери техника және қару-жарақ­тың за­манауи үлгілерімен жарақ­тандыру шең­берінде, отандық кә­сіп­орын­дарда, атап айтқанда, Орал­дағы “Зенит” зауытына енді екі жыл­дан кейін флоттың сапына ене­тін зымыранды-артилле­риялық ке­менің жасалуына тапсырыс берілді. Келер жылы қазақстандық Әскери-теңіз күштері сапын Қазақ­стан, Ресей, Пәкстан, Гер­мания және Түр­кия мемлекеттерінің әс­кери-те­ңіз учи­лищелерін тәмам­даған ар­найы білімі бар мамандар толықтырады. Әскерилердің әлеуметтік тұрғы­да қорғалу мәселесі де уақыт озған сайын оң шешімін тауып келеді. Атап айт­қан­да, 2008 жылы 1250 пәтер мен жа­тақхана бөлмелері пайдалануға берілсе, 2009 жылы бұл көрсеткіш айтарлықтай ілге­рі­леді. Өсу көрсеткіші биылғы жылы да қарқынды болады деп күтілуде. Ұлттық қорғаныс-өнеркәсіп ке­шенінің дамуы да мақтауға тұ­рар­лық. Былтырғы жылдың соңында жаяу әскер жауынгерлік мәшине­сінің автоматты пушкасына арнал­ған 30 миллиметрлік жаңа үлгідегі снарядтардың сынақтары өтті. Отан­дық оқ-дәрілер жасауды қолға алу бағдарламасы шеңберінде ат­қа­рыл­ған бұл шара екі жылға созылды. “Кәсіпорындардың шығарған өнім­дерін нақты атыс барысында сыннан өткізіп, қажетті көрсет­кіштерінің өлшемдерін ала отырып оқ-дәрілердің белгіленген қалыпта екені, ешқандай техникалық тұр­ғыдағы ауытқулардың жоқ екені дәлелденді. Салыстырмалы түрде жасалған сараптамалар бұл өнім­нің жоғары сапалы екенін дәлелдеді және алдағы уақытта төл Қарулы Күштеріміздің жауынгерлік дайын­дығы шеңберінде жан-жақты пай­даланатын болады”, – деп мә­лімдеді сынақтарды қо­ры­тынды­лаған ҚР ҚК Штабтар бас­тықтары комитеті төрағасының орын­басары генерал-майор Геннадий Носо­новский. “Құрлықтағы әскерлердің негіз­гі техникалық жауынгерлік қауқары осы мәшине болғандықтан, дай­ын­дық барысында оқ-дәріні молынан пайда­ланамыз. Оған қоса, қой­ма­ларда кеңес дәуірінен бері сақтауда тұрған оқ-дәрілерді жаңарту қажет. Ендігі жерде аталған оқ-дәрілерді шетелдерден сатып алмай-ақ, отан­дық өндірушілерге тапсырыс береміз. Бұл қосымша жұмыс орны екені өзінше”, – деді генерал-майор Г.Носоновский. Қорғаныс ведомствосының жоспа­рында Оралдағы зауытпен қоян-қолтық жұмыс жүргізіп артиллерияға арналған ауыр және жақын ұрыс қаруына арналған жеңіл оқ-дәрілерді шығаруды жолға қою бар. Бұл ретте кәсіпорын бас­шы­лығының армия мүддесіне қа­жет басқа да өнім шығару жос­пары бар екенін де айтып өткен абзал. Жаттығу ойындары мен халық­ара­лық әскери қарым-қатынас­тардың кеңеюіне де мақтаныш сезіммен тоқталып өтуге болады. Осы тұрғыдағы шаралардың күретамыры үстіміздегі жылы қыр­күйек айында Қазақстан топыра­ғында өтетін Шанхай ынтымақтас­тық ұйымы шең­бе­рінде террорға қарсы сипаттағы бір­лес­кен “Бейбіт миссия” жаттығу ойындары бол­мақ. Бүгінгі таңда сол дүбірлі ша­раны лайықты өткізуге бағытталған дайындық жұмыстары қызу жүр­гізілуде. Атап айтқанда, жаттығулар өтетін Мәтібұлақ полигонында Қа­зақстан, Қытай, Ресей, Тәжікстан және Қырғызстанның әскери са­рапшылары болып қайтты. Бес ел­дің әскери өкіл­деріне полигонның жай-жапсарын, ин­фрақұрылымын таныс­тыруды Құрлық­та­ғы әскер­лердің бас қолбасшысы генерал-лей­тенант Сәкен Жасұзақов жүргізді. “Полигонға барғанымыз жатты­ғулардың қалай және қандай үр­дісте өтетініне қатысты нақты мағ­лұмат берді. Қазақстан аумағында кең көлемді жаттығулар өткізуге мүмкіндік беретін полигонның бар екеніне көз жеткіздік”, – деді Ре­сей Федерациясы Қарулы Күштері Құрлықтағы әскерлер бас қол­басшысының орынбасары, генерал-лейтенант Александр Студеникин. Талқыланған мәселелер қата­рын­да – жаттығулардың өткізілу желісі, тартылатын әскерлердің мөл­шері, тылдық және меди­ци­на­лық қамтамасыз ету, қатысу­шы­лар­дың жеткізілуін көлікпен қамта­масыз ету және орналастыруды ұйымдастыру болды. Жаттығуларға қатысушылар Қа­зақстан жеріне құрлықта жүретін және әуе көлігімен жететін болады. Басым көпшілігі тиесілі қару-жа­ра­ғымен, әскери техни­касымен келмек.