26 Қаңтар, 2010

КАДР САЯСАТЫ ЖАҢАША ЖАНДАНАДЫ

1484 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
Кеше “Нұр Отан” ХДП Орталық аппаратында “Кадрлық резерв” бағдарламасының тұжырымдамасын әзірлеу жөніндегі жұмыс комиссиясының кезекті отырысы өтті. Отырысқа Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының өкілдері қатысты. Басқосу кезінде сөз алған “Нұр Отан” ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин саяси, әлеуметтік, идеологиялық және басқарушылық қызметтерді ке­шенді жүзеге асыру үшін билік пар­тиясына үлкен жауапкершілік жүк­те­летінін, бұл ретте мемлекет бас­қарушы кадрларды іріктеуге айрық­ша мән беруі қажеттігін атап өтті. “Мемлекет басшысы, “Нұр Отан” ХДП Төрағасы Нұрсұлтан На­зарбаев мемлекеттік кадр саясатын іске асыру үшін партия алдына үл­кен міндеттер қойып, сол бойынша атқарылатын жұмыстардың қарқы­нын күшейту бағытында тапсыр­ма­лар жүктегені белгілі. Саяси, әкім­ші­лік және сайлау қызметтерін бас­шылыққа алған “кадрлық резерв” бағдарламасы, міне, осының негізіне айналуы тиіс. Үкіметтің өткен жылы атқарған жұмысы туралы есебін тың­дау барысында Мемлекет басшысы кадр­лық саясатты жүзеге асыру кезін­де кездескен бірқатар кемшіліктерді көрсетіп, елдегі кадр саясатының жандануына айрықша назар аударған болатын. Сол уақыттан бері “Нұр Отан” ХДП осы мәселе төңірегінде бір­қатар жұмыстарды қолға алды”, деді Н.Нығматулин. Оның сөзіне қарағанда, билік партиясы өз кәсіби біліктілігі мен азаматтық ұстаным­да­рын, қарым-қабілетін қоғам мүд­десіне сай жүзеге асыруға дайын және жүзеге асыра алатын, яғни қолынан іс келетін тұлғаларды анықтауға және көтермелеуге ықпал ету бағытында жұмыстар жүргізе бастаған екен. “Бұл ретте партия Төрағасының тікелей бастамасымен қолға алынған “кадрлық резерв” жобасы біздің бас­ты бағдарымыздың біріне айналып отыр. Себебі, Елбасы тапсырма­ла­рын, партияның жоба-жоспарларын жоғары деңгейде орындау үшін  жұмыс істей алатын білімді, тәжіри­белі, дарынды, өмірді жақсы білетін, қолынан іс келетін азаматтар қажет. Бұл орайда, сапалы мамандарды дай­ындап, тәжірибелі кадрлық резервті жасақтауымыз қажет”, деді партия Төрағасының бірінші орынбасары. Басқосу кезінде аңғарғанымыз, кадрлық резервті құру және дамыту, оған жастарды тарту – ел дамуына жаңаша ықпал етпек. Бұл орайда, мемлекеттік қызметке қабылданғысы келетін жастарға қойылатын талапты, яғни байқау шарттарын күрделендіру қажеттігі айтылды. Мәселен, оты­рыс­қа қатысушылардың айтуынша, мемлекеттік қызметке қабылдайтын сынақтар көп жағдайда азаматтардың толық білім-білігін айқындауға мүмкіндік бермейді екен. Сол үшін байқау шарттарына өзгерістер енгізіп, жаңаша жандандыру қажет. “Осыдан 10 жыл бұрын біздің алдымызда партия мүшелерінің қатарын көбейту тұрса, бүгін солардың сапасын көтеруге айрықша мән берілуде. Қоғамның кез келген саласында кадр саясатының алатын орны орасан. Себебі, бәсекеге қабілетті мамандар мемлекет алдында тұрған өзекті мәселелердің түйінін шешуге әсер ететін болады”, деді Н. Нығматулин. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ. ЖЕҢІСТІҢ ДӘМІ ТАЛПЫНЫСЫНАН БІЛІНЕДІ “Нұр Отан” ХДП – билік партиясы. Алайда, басқа партияларға қарағанда айымыз оңынан, жұлдызымыз солынан туған, болып толған партиямыз деп бекерге мақтанға бой алдырып жүруге болмайды. Халық сенді, тағдырын сеніп тапсырды, сол құрметке лайық іс қылу керек. Мемлекеттің, халықтың түйінді мәселелерінің оң шешілуіне ықпал етіп, елді ел қылатын, кесел іс-әрекет­тер­дің алдын алғаны абзал. Қазақстан Президенті, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев 2008 жылы 6 қарашада өткен форумда Партиялық бақылау комитетінің ерекше рөлін анықтап, комитет құру туралы шешімін айтқан еді. Партиялық бақылау комитетінің құрылуы жаңа серпіліс әкелді. Комитет сенім білдіріліп тапсырылған міндеттер мен тапсырмаларды орындау барысында нақты шешімдерге қол жеткізе бастады. Жақында “Нұр Отан” ХДП Партиялық ба­қы­лау комитетінің мүшесі, “Егемен Қазақстан” республикалық газеті” АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов Оңтүстік Қазақстан облысына ар­найы сапармен келіп, бірнеше аудан, қала­лар­да­ғы мәслихаттардың депутаттық фракциялар жетекшілерінің есебін тыңдады. Отырар ауда­нын­дағы кездесуде “Нұр Отан” ХДП ОҚО фи­лиалы төрағасының бірінші орынбасары Ұласбек Сәдібеков сапарнаманың мақсат-мұратын тү­сін­дірді. Партияның аймақтардағы белсенділігін көтеру мәселесі күн тәртібінде тұрғандығын айтты. Отырардағы филиал төрағасы, Отырар аудандық мәслихатының хатшысы Әділхан Мақа­тай кіріспе сөзінде партия мүшелерінің саны аудан­да 2920 адам, депутаттық фракция мүше­лерінің саны сегіз екендігін жеткізді. Фракция төрайымы Мәрия Белгібай баяндама жасады. – Қайырымдылық қалтаның қалыңдығымен өлшенбейді, жүректің үлкендігімен өлшенеді, – деді ол. – Адам баласына адам деп қараудың өзі қайырымдылық. Ауданымызда “Нұр Отан” ХДП мүшесі, халық ақыны Ә.Қалыбекованың бастауымен “Жетім көрсең, жебей жүр” атты акция өткізіліп, бір үйде жетім қалған 6 балаға аудандық “Нұр Отан” ХДП мүшелері және фракция депутаттарының тікелей атсалысуымен үй алып бердік. Олардың сәл де болса рухын көтеріп, Отанына, еліне деген сүйіспеншілігін ояттық. Олар Отанының саялы қанатының арқасында өсіп келе жатқан егемен еліміздің ұрпақтары екендігін сезінді. Сондай-ақ қазіргі таңда мектеп бітіруші тұл жетімдерді тегін оқытумен айналысуда менің басты мақсатым болып отыр. Осы мәселе жөнінде Алматы қаласындағы Банк ісі академиясының президентімен келісудемін. Жылда бір-екі баланы тегін оқытуға келісім берді. Қытай ойшылы Конфуций айтқан екен: “Өзгенің жағдайын жақсартуды мақсат тұтқан адамның өз жағдайы да жақсара түседі”, деп. Отырарда елге болсын дейтін кә­сіп­керлер де аз емес. Кәсіпкерлер­дің қолдауымен 2 млн. 250 мың теңге қаржы жиналды. Ол қаржы­дан тұрмысы төмен, үйі құлау үс­тінде тұрған, өзі мүгедек, әйелі нау­қас Төлеген Төлеуовке үй әперілді. Осы сияқты Зияш Шолақоваға да үй салып беру жобаланып, қазір іргетасы құйылып, құрылыс материалдары алынды. Елбасының арнайы тапсыр­ма­сымен қолға алынған “Жол кар­тасы”, “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасының ауданда орын­далуына байланысты партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Қ.Нәлібек хабарлама жасады. Мердігерлердің салғырттығынан, атқарған жұмыстарының сапасыз­дығынан желге ұшқан бюджет қар­жылары бар екендігі анықталған. Оны мердігер қаржысына тиянақты орындату комиссияның бақы­лауында. Аудан әкімінің орынбасары Жақ­сыбек Асылбек Елбасының тікелей бақы­лауында тұрған мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын баяндады. Елге еңбегі өткен бір қадірменді қария ауданға жыл сайын бөлініп жатқан қаржының молдығына масаттанып, “дағдарыс кезінде осыншама қаржыға қолымыз жетсе, осының болып тұрғанының өзі жақсы екен-ау”, депті. Дағдарыстан жақсылық күту әшейін айтыла салған лебіз ғой. Елбасының тапсырмасымен телегей теңіз қаржы құйылып жатса, ол мемлекет қоржынында басы артық ақшаның көптігінен емес. Ауыл, аудан, қала халқы дағдармасын, жағдайы оңалсын, даму жолына түссін деген жақсы ниеттен туған талпыныс. Сол қаржының шып-шырғасын шығармай жыртық, жамауын бүтіндеп алса, ірге бүтінделді деген сол. Түркістан қаласында “Нұр Отан” партиясы мүшелерінің саны 10975 адамға жеткен. Депутаттық фракция мүшелерімен болған жүздесуді төрағаның бірінші орынбасары Алмасбек Темірбаев жүргізіп отырды. Аудандық филиалдың бұрынғы төрағасы Жанболат Ибрагимов облысқа қызмет ауыстырғандықтан, қалалық филиал төрағасыз жұмыс істеуде. Онысы атқарылған жұмыстардан сезіліп қалды. Жиында депутаттық фракция төрайымы Таскүл Махмұтова жасалған жұмыстар жөнінде есеп берді. Алайда, облыстық филиал төраға­сының бірінші орынбасары Ұласбек Сәдібеков атқарылған жұмыстарға қанағаттанбағандығын білдіріп қалды. Партиялық бақылау комиссиясы төрағасы орынбасарының баяндамасындағы мәліметтер тақ-тұқ. Жұрттың жоғарыға шағынып арыз-шағым жазатын өңірлерінің бірі – Түркістан. “Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар” демекші, аудандық филиал жауапты органдар арқылы ақ-қарасын анықтатып жатса, жәбірле­ген адамдар жаны ышқынып араша сұрар ма еді?! Сайрам ауданында өткен жиында да фракция төрағасы мен партиялық бақылау комиссиясы төрағаларының есебі тыңдалды. 300 мыңға дейін жұрт жайлайтын Сайрамда партия мүшелерінің саны – 7045. 19 бастауыш партия ұйымы бар. Жып-жылмағай, жадағай баяндамалар олқылықтардың орнын толтыра алмақ емес. Партия қатарынан сыбайлас жемқорлыққа байланысты аудан әкімінің орынбасары мен ауылшаруашылық бөлімі бастығының шыға­рылғандығы ойлантатын-ақ мәселе. Шымкент қаласында өткен жиында депутаттардың жоғары белсенділігі аңғарылды. Шымкент қалалық филиалында фракция мүшелері мен партиялық бақылау комиссиясы жанды жұмыс жүргізіп жатыр. Шикілі-пісілі мәселелерге партия тұрғысынан бақылау мықты. Мәселелерді әкімдік алдына өткір қоя алады. Жиынға қатысып отырған қала әкімі Арман Жетпісбаевтың түйінді сөздерінен де атқарылып жатқан жұмыстар аңғарылып қалды. 2007 жылы себептісі бар, себепсізі бар 26 мектеп директоры жұмысынан алыныпты. Кейбірі заңсыз қудалауға түскен. Былтыр 6 директор жұмысын өткізіп берсе, оның 5-уі зейнет жасына жеткен. Яғни, сыбайластық жемқорлықтың адымы қысқарып, саламатты ахуал қалыптасып келеді. Қалада мектептер жетіспейді. Балабақшаға 30 мың бүлдіршін кезекте тұр. Кезек-кезегімен интернетке көшірілгендіктен, тамыр-таныстықпен ешкім тізім алдына түсе алмайды. Әр ата-ана интернеттен өз кезегінің жылжу үдерісін көріп отырады. Жер телімін алу кезегінде 50 мыңнан астам қалалық тіркелген. Мұнда да бірде-бір жер “Нұр Отан” ХДП Шымкент қалалық филиалы партиялық бақылау комиссиясы мен депутаттық фракция мүшелерінің қатысуынсыз берілмейді. Халық мүддесі қорғалатын жерде партия мүшелерінің жауаптылығы аңғарылады. Елбасы өзінің дәстүрлі Жолдауында және “Нұр Отан” ХДП-ның кезектен тыс ХІІ съезінде “Тұрғын үй салудың мемлекеттік бағдарламасы”, “Таза су”, “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламаларына сәйкес салынып жатқан құрылыс нысандарының уақтылы, сапалы салынуына, бюджеттен бөлінген қаржыға партия тарапынан бақылауды күшейтуі тапсырған. Осыған байланысты барлық қала, аудандарда 488 партиялық бақылау бекеттері ашылып, оған мүшелікке 1468 адам тартылған. Медицина саласындағы өзгерістерге орай “Айболит” балалар емханасындағы жағдаймен танысқан С.Абдрахманов сол күні облыс әкімі, “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалының төрағасы Асқар Мырзахметовпен кездесті. Облыс басшысы өңірдегі жағдайды жүйе-жүйесімен баяндап берді. Шешілмей тұрған мәселелер жеткілікті. Әкімдіктің орасан күш салуының арқасында негізгі проблемалар жіліктелді. Оны аяғына жеткізуде партия мүшелерінің белсенділігі қажет болады. Депутаттың міндеті – депутат араласпаса бітпейтін шаруаларды аяғына дейін жеткізу. Мұндайда, мемлекеттік бағдарламамен келген қаржыға жасалған жұмыстарды малдануға болмайды. Өз бастамасы, қосымша ресурстар тарту арқылы елдің жағдайын жақсартуға қызмет ету партияның белсенділігін арттырады. Кездесуде осындай ойлар айтылды. Бақтияр ТАЙЖАН. БАҒАЛАЙ БІЛМЕГЕНГЕ БАҚ ҚОНБАЙДЫ “Нұр Отан” ХДП Партиялық бақылау комитетінің мүшесі, “Еге­мен Қазақстан” республикалық газеті” АҚ президенті Сауытбек Аб­драхманов аудан, қалаларда өт­кен жиындардың бәрінде қоры­тын­ды сөз сөйлеп, сұрақтарға жауап берді. Мемлекетіміздің жұл­д­ызды сәтті басынан кешіріп, Еуропа төріне шығуымен партия мүшелерін құттықтады. Бұл ме­рейлі міндет партияның ел, қоғам алдындағы жауапкершілігін бұрын­ғыдан да арттыратындығын айтты. Ел ішіндегі кейбір желауыздар Қазақстан өміріндегі жақсылық­тар­ды қара бояумен көрсетуге ын­талы. Жұрт сенетіндей етіп айтады. Осыған партия мүшелерінің той­та­рыс беретіндей білім-білігі, парасаты қажет. Салыстырмалы түрде алсақ, Қазақстанның ішкі жалпы өнімі сегіз есеге артып, Украинамен теңесті. 16 миллион халқы бар Қазақстан мен 50 мил­лион халқы бар Украинаның теңе­суі украин халқы үшін жақсылық болып келген жоқ. Кешегі пре­зиденттік сайлауда 5 пайыз ғана дауыс алған президент басқарған елде осындай сорақы жағдайлар болады. Әйтпесе, 1946 жылы БҰҰ-ға мүшелікке өткен Укринаның өндірістік әлеуеті орасан күшті еді ғой. Днепрдің үстінен астына бір тіреу қоймай темір балқытып көпір салған мемлекеттің түбіне ел басшыларының берекесіздігі жеткен сыңайлы. Ал, Қазақстан дағдарыс кезінде әлеуетін сақтап қалды. Елбасының пәрменімен мемлекет төрт ірі банкке 10 млрд. доллар қаржы құйып, банкроттықтан аман алып қалды. Банктердің сауығуы – халық үшін үлкен несібе. Дағдарыс талай мықты мем­лекеттерді тәлтіректетіп кетті. Балтық жағалауындағы елдерде жалақы 15 пайызға, зейнетқы 10 пайызға азайды. Шарасыздықтан барған амал екенін жұрт түсінді. Ал, бізде жалақы мен зейнетақы ұдайы өсумен келеді. Жұрт Елбасының Жолдауынан Үкіметтің қандай мәселелерді шешуге тапсырмалар алғандығын емес, осындай жеңілдіктер күтетін болды. Мұның аяғы – масылдық пиғыл. Қазақстан – шикізатқа бай ел. Әлемде шикізат нарқы төмен­деп, экспорт және азайғандықтан, жеңіл қаржы болмайды. Ел осыны түсініп, үкіметтік тапсырмалардың шешілуіне алдымен мүдделі болуы керек. Осындай жақсылықтарға ұйытқы болып отырған партияның бағасын білдіру, қадірін арттыру партия мүшелеріне үлкен сын болғалы тұр. Елбасының беделін бетперде қыла бермей, партияның өз белсенділігін арттыру жағдайын ойласу керек. Халық пен билік – бір ұғым. Халық билікті өзі қалыптастыратындығын сезіне бастады. “Нұр Отан” ХДП-ға сенім білдіруі де соның айғағы. Сондықтан, көшбасшы партия халыққа шынайы қызметін бұрынғысынан да жақсы жолға қойып аймақтардағы жұмысын ширатуы қажет. Жиында осындай ойлар айтылды. Оңтүстік Қазақстан облысы.