Аймақтар • 15 Тамыз, 2017

Алматыда су құбырларын жаңартудың жаңа технологиясы енгізілмек

339 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда қала аумағын қазуды қажет етпейтін су құбырын қайта жасаудың жаңа технологиясы пайланылуы мүмкін. Алдағы қыркүйек айында сумен қамту және судан бөлудің белгілі бір учаскелерінде арнайы тексеруден өткен соң, қала аумағын қазуды қажет етпейтін су құбырын қайта жасаудың жаңа технологиясы енгізілмек.

Алматыда су құбырларын жаңартудың жаңа технологиясы енгізілмек

«Алматы су Холдингі» МҚК-нің хабарлауынша, шыныпластикалық қолғаппен санация әдісі арқылы құбырларды қайта қалпына келтіру тәсілі қолданыстағы су құбырлары мен кәріздерді қайта жасаудың заманауи технологиясы саналады. Жөндеу жұмыстарын жерді қазып әуреге түспестен жаңа технология арқылы жүзеге асырып, құбырлардың қызметін 50 жылға ұзартуға болатын бұл әдіс жерді қазу, қайта жабу сияқты жұмыс барысын екі  есеге қысқартаатын болады.

«Алматы су Холдингі» өкілдерімен Алматыда өткен кездесуде Мәскеу қаласының «Мосводсток» МБК бас директорының орынбасары Владимир Яворский соңғы екі жыл ішінде аталған әдіс бойынша 45 шақырымға созылатын түрлі диаметрлі су құбырының қалпына келтірілгенін айтты. «Жаңа технология бойынша жұмыс істеу тиімді әрі арзанға түсіп тұр, оның үстіне, Мәскеуде жер асты коммуникацияларының көптігінен қазу жұмыстарын жүргізу мүмкін емес. Сондықтан жаңа технология жерді қазбай-ақ, тұрғындарға еш кедергі келтірмей-ақ жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Ондай жұмыстарды бір түннің ішінде атқаруға болады», – дей келе, В.Яворский қазіргі кезде Мәскеудегі 70 пайыздан астам су құбырының ескіргенін, бұрын «Мосводосток» жүйесі жыл сайын алып мегаполистегі су құбырының 10 пайызын ғана ретке келтірсе, биыл жаңа технология арқылы құбырлардың 25-30 пайызының жаңартылғанын атап өтті.

 «Алматы су Холдингінің» хабарлауынша, Алматыда су құбырын жаңартудың бұл әдісі судан ажырату желілерінде қолданылған екен. Су құбырларын лайнер арқылы қайта жаңартуға мүмкіндік беретін жаңа технологияда ауыз сумен қамтамасыз етуде зиянды деп танылған «стирол» (C₈H₈) қолданылмайтынын да айта кету керек.

Атап өтерлік жайт, биыл Алматы шаһарында 57 км арық желілері, 146 км жол жөнделіп, 97 мың шаршы м тротуар абаттандырылса, 32 км жылу жүйесі жаңартылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,7 есе көп көрсеткіш. Сонымен қатар, биыл қала аумағындағы «Айгерім», «Ұлжан – 1, 2», «Қарасу», «Ақбұлақ», «Дархан», «Құрылысшы», «Өжет», «Трудовик», «Шаңырақ – 1, 2», «Алтын Бесік», «Достық» сияқты бірқатар ықшам аудандарда 20 мыңнан астам үйге 380 км су және кәріз құбырлары тартылуда.

Мира БАЙБЕК,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ