Қазақстан • 24 Тамыз, 2017

Арнайы мониторингтеу тобының кезекті отырысы өтті

226 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің кеңсесінде Арнайы мониторингтеу тобының кезекті отырысы өтті. Жиын аясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның орындалу барысы мен жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша агенттіктің ұсынымдарын іске асыру бағытындағы Қаржы министрлігінің қазіргі қызметі күн тәртібіне шығарылды.

Арнайы мониторингтеу тобының кезекті отырысы өтті

Мемлекет басшысы бе­кіт­кен 2015–2025 жыл­дарға ар­нал­ған сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы стра­тегияны іске асыру мақ­са­­тында қоғам белсен­ділерінің тіке­лей араласуымен жең ұшынан жалғасатын жегі құрттың тамырына балта шабу үшін арнайы топ құ­рылып, қызметке кіріскені белгілі. Аталған топтың кезекті басқосуына жетекшілік еткен Нұрлан Ерімбетов осы күндері Қаржы министрлігінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізіп отырған жұмысы көңіл көншітпейтінін айтып, сын тезіне алды. Ал Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев Ар­найы топ өкілдерімен жүргізілген бірлескен талдау қорытындысы кейбір органдардың заңна­ма­лық ак­тілерде және ұйымдас­ты­ру­шылық-басқарушылық қыз­­метінде бірқатар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анық­тағанын мәлім­деді.

«Тәуекелдердің жартысынан көбі мемлекеттік органдардың өз қызметінде басшылыққа алатын нормативтік-құқықтық акті­лерде анықталған. Біз мұны агент­тік пен «Атамекен» ұлт­тық кәсіпкерлер палатасымен бір­лескен жол картасын іске асыру нәтижелерін тәуелсіз сарапшылармен қарастыру барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы ауқымды шараларға жүргізілген талдау-сараптама деректеріне сүйене отырып айтқымыз келе­ді», деді ол.

А.Шпекбаевтың айтуынша, елімізде бизнесті дамытумен бай­­ланысты мемлекеттік органдар қызметінің 16 саласы жыл ба­сынан бері мұқият зерттелген. Талдау нәтижесінде, жемқорлық оқи­ғасын жою жөнінде 280 ұсы­ным қабылданған болса, оның 62 пайызы (174) түрлі дең­гейдегі нормативтік-құқық­тық актілерге өзгерістер енгізуді құп­тайды. Қал­ған 38 пайызында мем­ле­кеттік қызметтерді көрсету сала­ларын реттеу, бақылау және рұқсат беру функциялары мен мем­лекеттік сатып алуды өткізу про­цедуралары және персоналмен жұмыс жүр­гізуге қатысты ұсы­­нымдар болып табылады екен.
Жиын барысында кеден қыз­метінің жұмыскерлерін портативті бейнетіркеулермен қам­тамасыз ету нормаларын бекіте отырып, оны нақ­ты қол­данысқа енгізбесе, атал­ған сал­адағы сыбайлас жем­қор­лық әрекеттерін азайту мүм­кін емес­тігі де айтылды. Мем­лекеттік кірістер комитеті қызмет­кер­лерінің жұмысына айқындық пен ашықтық құралдарын енгізу маңыздылығы жөніндегі пікірді арнайы баяндама жасаған Сы­байлас жемқорлыққа қарсы саясат департаментінің директоры Салауат Мүксімов білдірді.

Өз кезегінде сөз алған Қар­жы министрінің орынбасары Бауыр­жан Тортаев министрлік бекі­тілген жоспар бойынша іс-шаралар ле­гі жыл соңына дейін толық іс­ке асы­рылатындығына сендіріп бақты. 
«Кеден қызметінің жұмыс­шылары үшін бейнетіркеулерді алу құжатына қазіргі кезде қол қойылған. Салықтық және кеден­дік әкімшілендіру жөнін­дегі «Астана-1» ақпараттық жүйесі қоры­тынды тестілеу дең­гейлерінен өтуде және бұл жүйе де жақын күндері іске қосылатын болады», деді Б.Тортаев.
Отырыс қорытындысында Ар­найы мониторингтеу тобының мүшелері Қаржы министрлігіне Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асыруға қа­тыс­ты агенттік ұсынымдарын орындау қажеттігін ескертті. Сонымен қатар, мұндай талап-тілектер қаперге алынбаған жағдайда жауапты лауазымды тұлғаларды тәр­тіптік жауапкершілікке тар­ту жө­нінде агенттік атынан Пре­зидент Әкімшілігі мен Үкіметке арнайы хат жолдау жайы да айтылды.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»